ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРУ - АШЫҚТЫҚТЫҢ АЛҒЫ ШАРТЫ
2016 ж. 06 қаңтар
3565
1
"ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ" ДАҒДАРЫС КЕЗІНДЕ ДЕ ТАБЫСЫН ЕСЕЛЕЙ ТҮСПЕКШІ
Қазір елімізде көптеген шетелдік және отандық кәсіпорындармен бірілескен компаниялар экономикамыздың түрлі салаларында жұмыс істеуде. Ең ірі және қуатты дегендерінің басым бөлігі жер қойнауымыздағы байлықты игеруде, яғни шикізат өндіруде. Солардың бірі әлемге аты әйгілі "Шеврон" корпорациясының Қазақстандағы бірлескен "Теңізшевройл" (ТШО) ЖШС Атырау облысындағы Теңіз және Королев кенішінен 1993 жылдан бері мұнай, газ, күкірт өндірумен айналысады. Сонымен бірге мұнай өнімінен құбырлар сияқты пластикадан жасалған түрлі халық тұтынатын тауарлар шығару да жыл өткен сайын артып келеді. Алдымен мына бір мәселеге көңіл аударайық...АШЫҚТЫҚ АДАСТЫРМАЙДЫ
Кең байтақ еліміздің сонау Батыс шалғайында қазба байлықтарымызды игеріп жатқан бұл бірлескен кәсіпорын көпшіліктің тұрақты назарында. Орталықтан алшақ жатқанмен аталмыш аймақтың аты қазір төрткүл дүниеге танымал. Еліміздің экономикасын көтеруге елеулі үлес қосып, өңірдің әлеуметтік жағынан дамуына зор ықпал етіп отырғанын бірінші кезекте атап өткеніміз жөн. Оның өндірістік жетістіктері туралы кейінірек айта жатармыз, алдымен ауызға алған ашықтықты анықтап алайық. Міне қатарынан бірнеше жыл бойы «Теңізшевройл» жылына бір рет Алматы қаласында республикалық БАҚ өкілдерін жинап, өздерінің жұмыстары жайында жан-жақты әңгімелеп, баспасөз мәслихатын өткізіп келеді. Яғни, халық алдында есеп беріп жүр деген сөз. Олай дейтініміз, сол басылымдар арқылы мыңдаған, миллиондаған оқырмандар бұл компанияның жетістіктері мен кемшіліктерін көріп, қызметімен жақынырақ таныса алады. Баспасөз мәслихатында журналистер көпшіліктің көкейіндегі сауалдарды бүкпесіз тура қоятыны да белгілі. Көптеген сұрақтар кәсіпорынның экономикалық дамуы, өндірістік өркендеуі жайында ғана емес, сонымен бірге компания жұмысшыларының жалақысы, жалпы өңірдің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы, экологиялық жағдайы, еңбек қауіпсіздігінің қатаң сақталуы сияқты көптеген көкейкесті тақырыптарды қозғайды. Демек, бұл шара еріккеннен өткізілмейді, оның маңызы мен мәні зор. Ең бастысы бұл екі жаққа да тиімді. Біріншіден, кәсіпорын өзінің негізгі жұмысымен таныстырып, көптің көңілінде кірбің қалмас үшін ашықтықты қамтамасыз етеді. Себебі, бүгінгі күні ел экономикасының негізін қалап отырған осы мұнай өндіру саласына қатысты ел арасында неше түрлі әңгімелер жүріп жататыны да жасырын емес. Сондай сәуегейліктің, сырттай тон пішудің орын алмауына баспасөз мәслихаты бірден-бір тосқауыл қояды дер едік. Екіншіден, компания басшылары жалпы халықтың қандай ой-пікірлері мен талап-тілектері бар екенін зерттеп біле алады. Сол арқылы алдағы жұмыс жоспарларын белгілеп, болашаққа бағдар жасайды. Үшіншіден, баспасөз арқылы оқырмандар да өз ойларын жеткізіп қалады. «ТШО» 2008 жылдан бері үрдіске айналдырған осындай құнды тәжірибе, өкінішке орай, біздің өзге өңірлер мен көптеген салаларда әлі де қалыптаспаған. Олай дейтініміз, еліміздегі отандық және өзге де шетелдік ірі компаниялар журналистерді жинап мәслихат өткізбек түгіл, маңына жолатпайды. Баспасөз өкілдері арнайы іссапармен барған күннің өзінде табалдырығын атай алмай кететін кездер де болған. Тіпті аймақтық басшылардың айтқанын құлақтарына да ілмейтіндер бар. Мысалы, бір кездері әлемдегі өз саласында ең алыптардың бірі болған «Арселор Миттал Теміртау» (бұрынғы Қарағанды металлургия комбинаты) кәсіпорны осындай ашық әңгіме өткізіп көріп пе? Жоқ, журналистер емес, олар мол байлықты күреп тауып беріп жатқан жұмысшыларының есікті тепкілеп, кеңсе алдында өздерін өртеп жатса да жанайқайын естімейді. Бұл кәсіпорынға ашықтық емес, халықтан қашықтық қолайлы сияқты. Сондықтан да болар олардың басынан бұлт кетпей, өндіріс алаңдарында түрлі апаттар орын алып, жұмысшылардың наразылығы жиі байқалады. Егер көпшіліктің пікірімен, еңбекшілердің кәсіподақ ұйымының ұсыныстарымен санасып, ой-пікірлерімен есептессе мүлдем басқаша жағдай қалыптасар еді. Бұл жеке пікіріміз болғанымен, осы екі алып кәсіпорынның жұмысын салыстырып, саралап көрген адам біздің ойымыздың ақиқаттан алыс жатпағанына көз жеткізеріне сенімдіміз. Әрине, біздің баспасөз арқылы айтылған ойымыз шешуші рөл атқармасы белгілі. Әрбір компания өз еркінше әрекет етуге құқылы, біреуден ақыл сұрауға міндетті емес. Дегенмен, оның жұмыс нәтижесі қайткен күнде де, кейін жылдар өткенде болсын құпиялылықтан ақиқатқа айналары, жария болары анық. Ал, еліміз бойынша мұндай «жұмбақ» кәсіпорындар қаншама? Қазір Елбасымыз қай салада, қай деңгейде болмасын ашықтықты қамтасыз ету керектігін қадап айтып, төменнен бастап, ең жоғарғы Үкімет билігіне дейін халықтың алдында міндетті түрде есеп беру керектігін талап етіп отырғаны белгілі. Бірақ, бұл маңызды мәселеге айтарлықтай мән беріп, жұрт алдындағы жауапкершілікті арттыру жағы әзірге бізде жоқтың қасы. Сондықтан да жекелеген әкімсымақтар мен алып кәсіпорындарды жекешелендіріп алған кейбір қалталы пысықайлар халықты қара тобыр ретінде санап, көздеріне де ілгісі келмейді. Олар Атазаңымыз бойынша ұлан байтақ жеріміз бен оның қойнауындағы бар байлық атаулы халықтың, Ұлы даланы жайлаған қазақтың ата-бабадан балаға аманат болып келген мұрасы екенін де ұмытқан секілді. Айтайын дегеніміз - ашықтық бар жерде адалдық, тазалық бар. Ашықтықты ту еткен компаниялар күмәнді сейілтіп, халық алдында беделі де жоғары болады. Енді, негізгі тақырып - "Теңізшевройлдың" тура өзіне көшелік. Бұл кездесуден не ұғып, қандай ой түйдік? Сол ойымызбен бөлісіп көрелік.МҰНАЙЛЫ ӨҢІР - ШЫРАЙЛЫ ӨҢІР
Кеңестік кезеңді көзімен көрген бүгінгі аға буын өкілдері біздің Батыс аймақтың экономикалық жағынан алда болмағанын жақсы біледі. Өйткені, Одақ басшылары ол жылдарда мұнай өндіру саласында Әзірбайжан республикасына және Сібір, Түмен кен орындарына басымдық беріп, Атырау аймағын келешекке сары майдай сақтап келген сыңайлы. Барлау жұмыстары да айтарлықтай жүргізілмеді. Ақтөбе, Орал, Ақтау қалалаларында орналасқан бірқатар зауыт-фабрикалар болмаса, батыстықтар негізінен мал, балық шаруашылығымен баса айналысқан-ды. Осыған орай, өзге өндірісті өңірлерге қарағанда Батыс аймағымыз кешеуілдеп дамып, көш соңында қалған-ды. Бүгін мүлдем басқаша, жердің қазба байлықтарын игеріп, аймақ алдыңғы қатардан көрініп келеді. Соған байланысты жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайы артып, соңғы жылдарда көптеген инфроқұрылымдар бой көтерді. Қосымша кәсіпорындар ашылып, жаңа жолдар салынып, басқа да тұрмыстық-әлеуметтік нысандардың пайда болуы осыған нақты дәлел. Бір сөзбен айтқанда Батыс еліміздегі басты табыс көзіне айналды. Қазынамызға қомақты қаржы әкеліп жатқан «ТШО» секілді алып кәсіпорындар десек қателеспейміз. Сөзіміз жалаң болмас үшін дәйектер келтіре кетейік. Алғашқы өндірісті бастаған 1993 жылдан бері, үстіміздегі жылдың қыркүйек айын қоса алғанда аталмыш компанияның елімізге тікелей қаржы төлемі АҚШ долларымен есептегенде 110 миллиардқа жеткен екен. Бұған кәсіпорынның жергілікті қызметкерлерге төленген еңбекақы, қазақстандық тауар өндірушілер мен жабдықтаушылардың өнімдері мен қызметтеріне жұмсалған қаржы, мемлекеттік кәсіпорындарға берілген тарифтер мен төлемдер, қазақстандық серктесітікке бөлінген тиісті дивиденттер, сол сияқты мемлекеттік бюджетке аударылған салық және роялти түріндегі төлемдер кіреді. Әрине, бұл көрсеткішке қарап «ТШО» тоқтаусыз даму үстінде, оның шеті мен шегі жоқ деп айтуға болмас. Қазіргі әлемдік дағдарыс бұл кәсіпорында да айналып өткен жоқ. Мысалы, өткен 2014 жылы Қазақстанға төленген тікелей төлемдердің мөлшері 14,7 миллиард доллар болған екен. Ал биылғы қаңтар-қыркүйек айларында ол 6,6 миллиардтпен шектелген. Алда тағы да бір тоқсан болғанымен көрсеткіштің төмендегенін аңдау қиын емес. Ол да сол бәріміз айтып жүрген дүниежүзілік нарықтағы мұнай бағасының құлдырауына байланысты екені түсінікті. Шынын айтсақ, әлемдік дағдарыстың дауылы бет қаратпай тұрғанда бұл да жақсы көрсеткіш деуіміз керек. Өйткені осындай деңгейге жете алмай қалғандар қаншама, тіпті өте көп дер едік.ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК
Экономика саласы әңгіме болған соң құрғақ сөзге қарағанда сандық көрсеткіштер әлдеқайда нақты, сенімді болатыны белгілі. Өйткені өндірістің өлшемі мен қарқынын тек қана цифрлар ғана көрсете алады. Оның да өз жолы мен мақсаты, бағыты болады. Мысалы «ТШО» 2015 жылдың тоғыз айында қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға 1,8 млрд. долларға жуық қаржы жұмсаған. Мұндай нақты сандарды көптеп келтіруге болады. Ең бастысы осы алға тартқан жоғары көрсеткіштер халқымызға не берді? Өндірістің өркендеуінен жергілікті тұрғындарға тиер пайда қандай? Біз үшін ең басты көрсеткіштердің бірі - әлеуметтік сала. Өйткені дәп осыған халықтың тұрмыстық жағдайы тікелей тәуелді. 1993 жылдан бастап есептесек тек қана Атырау облысының түрлі әлеуметтік жобаларына компания 1,06 млрд. доллар қаржы салған екен. Ал биылғы жылы «Игілік» ерікті әлеуметтік инфроқұрылым бағдарламасының қорына 25 млн доллар аударған. Бұл қаржыға Атырау облысындағы бірнеше балабақша, мектеп және басқа да әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Оған қоса үстіміздегі жылы облыстағы денсаулық сақтау, білім және оқыту салаларына 1 миллион доллардан астам ақша бөлініпті. Ал осыншама қаржының қалай пайдаланылып жатқаны жергілікті әкімдіктер және осыған жауапты мекемелер мен жекелеген басшыларға байланысты болмақ.ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
Өндірісі өркендеген компанияның осындай ел игілігі үшін түрлі бағыттағы бағдарламаларға қомақты қаржы аударуы қуантарлық та құптарлық жағдай. Бұл да екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс-шара. Дегенмен дайын ақшаны алақанына салып бергеннен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту анағұрлым қажет және ұтымды дер едік. Өйткені әрбір адам өз еңбегі арқылы өмір сүруі керек. Сырттан келер көмекке ғана сүйену - уақытша құбылыс. Ондай мүмкіндіктер үнемі бола бермесі де белгілі. Ал жұмыспен қамтылса кезкелген адам еліміздің дамуына өз үлесін қосып, қоғамдық еңбектің қарқынды дамуына жол ашылады. Қазақстандық қамту не арқылы көрініс табады? Бұл өте маңызды сұрақ. Негізгі мұнай, газ немесе күкірт өндіру үшін сан түрлі құрал жабдықтар қажет екені белгілі. Міне сол жабдықтарды өзіміз жасап ұсынсақ қаншама жұмыс орындары ашылып, өнімнің өзіндік құны да төмен болмақ. Бұл бағытта компания белсенді жұмыс атқарып келеді. Айта кетерлігі, ТШО сол қосалқы кәсіпорындарды ашу үшін пайызсыз ақша бөліп, өздері өнімдеріне тікелей тапсырыс береді. Яғни, жаңадан ашылған кәсіпорынның өнімі далада қалмайды деген сөз, оны қайда өткіземіз деп бас қатырмайды. Мұндай жеңілдіктер тіпті біздің Үкімет тарапынан да көрсетілген емес. Мемлекет қазынасынан берілген жеңілдетілген несиенің өзінің қайтарымы әлдеқайда қиынға түсері белгілі. Одан кейін тауарларының өту-өтпеуіне ешкім кепілдік бермейді, жүгіріп жүріп өзің сатуың керек. Осы жағынан алғанда компания үлкен жұмыс атқарып отыр деп ауыз толтырып айтуға әбден болады. Бір ғана қарапайым мысал, 1993 жылы ТШО қызметкерлерінің қазақстандық жұмысшы-қызметкерлер көрсеткіші 50 пайызға жетер-жетпес болса, бүгінгі күні ол 86 пайызға көтерілген. Ал жергілікті ұлт өкілдерінің орта және басшылық лауазымдағы қызметкерлерінің саны 74 пайызды құрайды. Бұл бірлескен кәсіпорын орын үшін өте жақсы көрсеткіш. «ТШО-ның» қазақстандық қамтуды арттыру жөніндегі стратегиясы төрт бағыттан тұрады. Олар: қазақстандық кәсіпорындарды іске тарту мүмкіндіктерін пайлану, халықаралық стандарттарға сай бизнес жүргізу үшін керекті білім және тәжірибе беру, қажетті материалдық базаны және тауарлар мен қызметтер көлемін дамыту, жергілікті кадрлардың әлеуетін барынша толық пайдалану. Осы мақсатта, кадрларды дайындау мен қайта дайындауға «ТШО» соңғы бес жылда 41 млн. доллар жұмсапты. Әрине, он жерден оқытқанмен жұмысшы-қызметкерлерге әлеуметтік жағдай жасалмаса кадрлар да тұрақтамайды. Бұл мәселе 1996 жылдан бері рәсімделген және қайта толықтырылған ұжымдық шартта анық көрсетілген. Шарт бойынша қызметкерлерді оқыту және жетілдіру, қызметкерлерді отбасымен бірге медициналық сақтандыру, компания қызметкерлерінің балаларының жоғары білім алуы үшін қаржылай көмек көрсету, баспана, балабақша мәселелері, зейнеткерлерді қолдау, «ТШО» қызметкерлеріне банк мекемелері арқылы пайызсыз ипотекалық несие беру сияқты ондаған келісімдер бар. Былайша айтқанда еңбекшілерге барынша лайықты жағдай жасау қарастырылған.ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ
Өндіріс атаулының қандай түрі болмасын, оның ішінде жердің қазба байлығын игеру де қоршаған ортаға өзінің кері әсерін тигізбей қоймайды. Өндірістік қалдықтарды зиянсыздандыру немесе оны қайта өңдеп іске жарату сияқты шаралар бүгінгі күні әлем бойынша маңызды мәселеге айналып отыр. Экологиялық, технологиялық талаптар қатаң сақталмаса бүкіл аймақты апаттық жағдайға жеткізуі мүмкін. Сондықтан да еліміздегі бірқатар кәсіпорындар осы талаптарды бұзғаны үшін қомақты айыппұл төлеп жатады. Әрине, айыппұл төлегеннен оның алдын алған анағұрлым пайдалы. Біріншіден, кәсіпорынға қаржылық салмақ түспейді. Екіншіден, өндірістегі жұмысшылар мен өңірдегі тұрғындардың денсаулығын сақтайды. Бұл бағытқа «ТШО» бағдарламасында айтарлықтай орын берілген. Соңғы 20 жылда қалдықтарды қысқартуда және экологиялық жобаларды жүзеге асыруда жоспарлы түрде елеулі жетістіктерге қол жеткізді. 2000-2013 жылдар аралығында мұнай өндірісінің 150 пайызға артқанына қарамастан қалдық мөлшерін 70 пайызға төмендетті. Ауа, су, топырақ құрамына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, сараптама жасалынып тұрады. Каспий өңірінің климаты құрғақ болғандықтан су ресурстарын қорғаудың маңызы зор. ТШО 2010 жылдан бері жаңадан қабылданған «2010-2018 жж. арналған «ТШО» ЖШС-нің адам әсерінен бүлінген және ластанған жерлерді қалпына келтіру бағдарламасына» сәйкес жұмыс істей бастады. Сөйтіп, 2005 жылдан бері 1131гектар жер табиғи жағдайға келтірілді. Атап айтқанда қалдықтарды жинау, шұңқырлар мен қоймаларды топырақпен толтырып жер бетін қалпына келтіру, көгалдандыру, жасыл желек отырғызу секілді шаралар жүзеге асырылды. Өндіріс және тұрмыстық қалдықтарды көму үшін қоршаған ортаға қауіпсіздік деңгейі әлемдік стандарттарға сай келетін қоқысқорымдар арнайы жабдықталды.ДАҒДАРЫС ДЕП ДАҒДАРУҒА БОЛМАЙДЫ
«ТШО» өз жұмысында мына бағыттағы стратегияны басшылыққа алады: қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау саласының көшбасшысы болу, көздеген мақсаттарды жүзеге асыру үшін кадрларды дайындауға қаржы салу, Қазақстандағы ең беделді компания болу, анағұрлым жоғары өндірістік көрсеткіштерге жету. Айта кету керек, өзіне сенімді кәсіпорын ғана өз мойнына осыншалық күрделі міндеттеме алады. Бұл межелердің біразын еңсеріп те келе жатқанын байқаймыз. Әлеуметтік жауапкершіліктерін толық орындап, өндіріс қауіпсіздігін қатаң сақтауда. Өзге кәсіпорындағыдай бұл компанияда бірде-бір айтарлықтай апат орын алмаған екен. Компания дағдарысқа қарамастан өндірісті ұлғайтпақшы. Ол үшін өндіріс көлемін ғана өсірмей, ең жаңа технологияларды іске қосып, табысты көбейтуді көздеп отыр. Несі бар, дүниежүзін дағдарыс қысып тұрғанмен алдағы күнге сеніммен қарағанның еш айыбы жоқ, керісінше құптарлық жағдай. Өңір үшін, еліміз үшін мол қаржы құйып жатқан кәсіпорынның бұл биік межені де бағындыруына бәріміз де тілектеспіз.ТҮЙІН
Сөз соңында алдымен аузымызға алған ашықтыққа қайта оралайық. Ел алдында есеп беру кәсіпорынның өзін-өзі жарнамалауы деп түсінбеу керек. Кейбіреулер оны көзбояушылық деп те кінә артып жатады. Отырыста ондай да сұрақ қойылмай қалған жоқ. Компания басшылары кәсіпорында сала бойынша тұрақты аудиторлық тексерулер болып тұратынын алға тартып, бұл жерде ешқандай жалаң сөздің жоқтығын ашық айтты. Оған сенуге болады. Құпиясы көп компания ғана ашық әңгімеден қашан да қашық болғанды қалайтыны белгілі. Біздің бір түйгеніміз, еліміздегі үлкенді-кішілі кәсіпорындар осы «ТШО-дан» үлгі алса екен. Оның үстіне Елбасымыздың өзі жақында ғана халыққа есеп беру туралы міндетті алға қойды. Бәлкім, бұдан былай бұл үрдіс бүкіл елімізде жаппай қалыптасатын болар. Біз соған сенгіміз келеді...Зейнолла АБАЖАН,
«ҚАЗАҚ ҮНІ» газеті.
тттт