Несиесін өтей алмай жүрген Сәкен Майғазиев халықты несиеге жоламауға шақырды
2015 ж. 24 желтоқсан
7561
8
“МузАРТ” тобының әншісі Сәкен Майғазиев Өскеменге гастрольдік сапары барысында “Дидар” газетіне сұхбат беріп, өз өміріндегі жаңалықтармен бөлісті. Әнші басында несиесі бар екенін де жасырмаған, - деп хабарлайды baq.kz.
“Қазіргі заманда мойнында несиесі, қарызы жоқ адамдар некен-саяқ қой деймін. Елдің басында бар мәселе менде де бар. Жұрт әдемі костюмдерін киіп, беттерін жылтыратып сахнаға шығып жүре береді деп ойлайтын шығар. Шындығында, олай емес. Өз басымда несие бар. Алла тағаланың харам еткен дүниесі қайырлы болмайды екен. Сол несиені алған кезде оңтайлы жолмен құтыламыз деп ойланбамыз. Бірақ әулетімізбен төлеп құтыла алмай жүрміз. Мүмкіндік болса несиеге жоламаған дұрыс. Жегеніңді желкеңнен шығарып, екі есе қылып қайтарып алады екен. Одан да сол қаржыны отбасыңа, бала-шағаңа жұмса”, – дейді Майғазиев.
Халықтың сүйікті әншісі отбасының асыраушысы болғаннан кейін жауапкершілік те көп екенін айтады.
“Мысалы бір әулет маған қарап отыр, Бесбаевтар әулеті Мейрамбекке қарап отыр, Кенжебектің отбасы Кенжебекке дегендей. Олардың да, менің де креслода отырған ағаларымыз жоқ. Тапқан нәпақамыз маңдай термен, еңбекпен келеді. Ел қатарлы біз де жұмыс істейміз. Кейбіреулер әншілерге ақша ағылып келіп жатыр деп ойлайтын шығар. Олай дейтінім, инстаграм, фейсбук арқылы қаржылай көмек сұрап жататын мұқтаж жандар өте көп. Бірақ шәриғатта «алдыңмен өзіңді жарылқа» дейді. Өзіңнен кейін ағайын-туыстарыңа, содан кейін барып мұқтаждарға қол ұшын беру керек. Аллаға сан шүкір айтамыз. Біздің жеп жүргенімізді жей алмай жүргендер де бар. Өзіміз қарыз болып жүрсек те, қайырымдылық жасауға тырысамыз”, – деді әнші.
Сәкен Майғазиев өзінің әншіліктен басқа табыс көзі, жеке бизнесі жоқ екенін айтқан.
“Кәсіп ашу туралы ойлар болған әуелде. Бірақ бізге қол емес екен. Інім де несие алып, кәсіп ашқысы келген еді. Ол да болмады. Қысқасы, қосалқы бизнес жоқ. Әрине, өнерде жүрген кейбір достарымыз қосымша кәсіптерін дөңгелетіп отыр”,- дейді ол.
qazaquni.kz