Облыстық сот не айтар екен?..
2015 ж. 22 желтоқсан
3810
0
Осыдан біраз бұрын Маңғыстау облысының Мұнайлы аудандық соты жергілікті Ержан Досымбаев есімді учаскелік полиция қызметкері көмекшісін «пара алды» деген айыппен соттағанын мәлімдеген едік. Енді осы іске қатысты құқық қорғау және сот органдары тарапынан орын алған заңбұзушылық деректері жөнінде Ақтауға арнайы барып қайтқан білікті заңгер Жаңабек Әбішевтің пікірін жариялап отырмыз.
– Біріншіден, – дейді Ж.Әбішев, – заңбұзушылық сотталған Ержан Досымбаевқа тиісті органдар тарапынан оның құқықтарын түсіндіру кезінде-ақ басталған. Мысалы, адвокаттан басқа оның ең жақын туыстары – ата-анасы, бірге туған бауырлары қорғаушы бола алатынын айтпаған. Жалданған екі адвокат та түсіндірмеген. Біз құжаттарға сүйене отырып, сот орындары Ержанның әкесі Айбас Досымбаевты оның қорғаушысы деп тануына қол жеткіздік. Одан соң облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасына шағым жаздық. Сөйтіп олар қаулы шығарып берді. Енді Айбастың құқығы адвокаттармен бірдей, оның қатысуынсыз ешқандай сот отырысы өткізілмейді.
Екіншіден, бұл кезде қылмыстық іс облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасына кетіп қалған екен, біз соны кері қайтарттық. Неге? Себебі, Мұнайлы аудандық соты мынадай процессуалдық қалыптарды бұзған: судья сотталушыны сот процесінің барлық құжаттарымен таныстырмаған. Негізгі құжаттарды: бес рет болған сот отырыстарының хаттамасы мен бейнежазбаны бермеген. Соттың үкімі қыркүйектің 30-ына шығады, қазан, қараша айында олар берілмейді. Одан бөлек соттың үкімі де бұлардың қолына көп күннен кейін әзер тиеді. Не деген сұмдық?! Соттың үкіміне, хаттамаға сүйене отырып шағым жазамыз ба, жазбаймыз ба – ол біздің шаруамыз, бірақ сот оларды беруге міндетті ғой! Біз осыны айтып облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасына шағым жазған соң, олар істі кері қайтаруға мәжбүр болды.
Содан бір күн тапжылмай отырып іздегенімізде сот тарапы бізге бес күнгі бейнежазбалардың тек екі күнгісін ғана тауып бере алды!.. Қалғандары жоқ. Шындап келгенде ол жазбалар судьяларды қорғау үшін жасалған. Бәрібір жоқ. Демек, сот өзінің хаттамаға жазып қойған сөздерінің дұрыс, рас екенін дәлелдей алмайды. Бұндай сотты естіп, көргендеріңіз бар ма? Біз сол екікүндік бейнежазбаның өзін негізге ала отырып, хаттамаға біраз ескертпе жаздық. Мұнайлы аудандық соты болса біздің ескертпелеріміздің бірінші сот отырысына қатысты біреуін ғана өзгертемін деген қаулы шығарады. Мұнайлы АІІБ Е.Досымбаевқа қатысты жәбірленушіге арнайы аудиожазба камерасын беруі арқылы түсіріп алған жасырын жазбада сотталған адамның дауысы «М» деп шифрланған да, басқа адамдардікі «Х» деп белгіленген. Сараптама қорытындысында жазба ішіндегі «Қағаздар қайда?» деген сөзді «Х» айтты деп көрсетілген. «Қалған ескертпелерді біз тән алмаймыз, мойындамаймыз» деді сот. Жарайды, заң талабына сәйкес олар өздерінің келіспейтінін уәждермен дәлелдеп, біздің көзімізді жеткізе алмаған жағдайда біз оларды көрсетіп, апелляциялық сот тергеуінде қосымша көрсетуге хақымыз бар.
Келесі кемшілік. Олар осы іске байланысты алғашқы апелляциялық сот отырысын 10-желтоқсанға қоймақшы болған. Айбас Досымбаев 9-желтоқсан күні «Менің қорғаушы ретінде кеш танылуыма байланысты іс құжаттарымен толық танысып үлгерген жоқпын, сондықтан, іспен толық танысуымды, соның ішінде іс құжаттарының ксерокөшімесінің қолыма тиюін қамтамасыз етуіңізді сұраймын» деп арыз жазды. Ал, соттың істі қарауды белгілеген күні бұзылып, басқа күнге өзгертілуі бірінші сатыдағы соттың кемшілігі болып табылады. Біз енді алдағы бес-алты күнде іс-қағаздарымен егжей-тегжейлі танысып, апелляциялық сот тергеуіне толыққанды шағым жазуға мүмкіндігіміз бар және оларды сот отырысына дейін өткізуге хақымыз бар.
Біз алдағы уақытта да Маңғыстау облыстық сотында бұл істің қалай қаралып жатқанын сіздерге үзбей баяндап отыратын боламыз.
Өмірзақ АҚЖІГІТ
"Қазақ үні" газеті