Теңгеден қол үзу - Тәуелсіздікпен қоштасу деген сөз!
2015 ж. 21 желтоқсан
3861
2
Кеңес өкіметі ыдырап, қазақ елі тәуелсіздік алған тұстарда бұқара халық біле бермейтін жағдайлар көп ұшырасты. Бүгін тарихқа айналды десе де болатындай көптеген оқиғаларды бастан кештік.
Кезінде «егжей-тегжейлі ойластырылып құрылған қуатты советтік жүйе құлайды» деген ой ешкімнің басына келмейтін. Бірақ ол да күйреп тынды, сөйтіп, ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы орындалды. Дербестік таңы атты. Дегенмен, жас мемлекет алдында көптеген қиыншылықтар күтіп тұр еді. Түрлі салалардағы басқару жүйесінің бәрін қайтадан құру қажет болды. Соның бірі – Қазақтың Ұлттық банкі болатын.
Мемлекетіміздің Әнұраны, Елтаңбасы, Туына конкурс жарияланып, суретші, композиторлар іске кірісті. Әр жерде «енді өз ақшамыз болу керек» деген әңгімелер айтыла бастады, міне, сол кезде біз де ақырындап төл теңгеміздің жобасын сала бастадық.
Алайда сол тұстағы «Госбанктен» ірге ажырату да оңайға соққан жоқ-ты. 1991 жылдың аяғында Кеңес өкіметінен бөлініп шыққанымызбен, бірталай уақыт «рубль аймағында» қалдық та, «қожайын» Ресей қысымды күшейте түсті. Қолма-қол ақша көзден бұл-бұл ұшты. Жер-жерде жалақы ала алмай қалған жұмысшылар ереуілге шыққан-ды.
Біз эскизіміз дайын болып, Ұлттық банктің жаңадан болған төрағасына келіп көрсеткен сәтте жаңа құрылым ісімен басы қатып жатқан ол: «Бұл не? Тапсырманы кім берді?!» деп таңғалды.
Осылайша бір-екі рет кездескен соң ақырындап жұмыс істеп кеттік. Кейінірек Елбасының тікелей басшылығымен жұмысқа ҚР Вице-президенті Ерік Асанбаев, Жоғарғы Кеңестің бюджет пен қаржы комитетінің төрағасы Сауық Тәкежановтар тікелей басшылық етті.
Ең алғашқы сызба-нұсқамызды мемлекет басшысы көріп, эскиз кейін Ұлттық банк басқармасында бекітіліп, өкіметтің комиссиясы құрылды. Бізге валютамызды басып беруге шетелден көптеген банкнот фабрикалардың өкілдері келіп келіссөз жасап жүрді, соның ішінде, Англияның «Харрисон және оның ұлдары» атты фабрикасы да болған еді. Сөйтіп біз өкімет тапсырмасы бойынша бекітілген жобамызбен Лондонға ұштық.
Тәуелсіздік алған 1992-93 жылдары жас мемлекеттің аса қиын жағдайларға тап болғаны түсінікті. Бұрынғы Мемлекеттік жоспарлау комитетінің нұсқауымен бөлініп жіберіліп отырған тауарлар тоқтатылды. Әр жерде түрлі бұйым жетіспей, қаржы тапшылығынан зауыт, фабрикалар бір-біріне дебиторлық және кредиторлық қарызға батып, дағдарып, жалақы төлей алмай, дүкендер босап қалған күрделі кез еді. Өкімет елді осындай қиын кезеңнен аман алып шығудың қамымен халыққа еркіндік берді де, жұрттың көпшілігі бала-шаға асырау қамымен базарға шықты.
Ұлттық валюта осындай қиын-қыстау кезде жасалып жатты.
Үкімет, тіпті, біздің жол қаражатымыздың өзін тез тауып бере алмай, ағылшындар астанасына өз қаржымызбен барып-қайтуға мәжбүр болдық.
Алғашқыда тобымыз төрт адамнан құралған-ды. Тимур Сүлейменов Жоғарғы Кеңес депутаты еді де, теңге жасау ісіне бел шешіп кірісуге мүмкіндігі болмады. Құрамнан шықты. Ұзамай, тағы бір суретшіміз де белгілі себептермен қатардан кетті. Сөйтіп, екі адам төл теңге шаруасымен Лондонға бес жыл қатынадық. Сонда арнайы мамандардан банкноттардың жасалу сыры, басылу үдерісі, қағаз, бояу мәні... жалпы, ақша жасаудың технологиясы мен ішкі құпиясын жан-жақты үйрендік.
Өстіп, елдегі еті тірі азаматтардың бәрі жаппай алып-сату, түрлі кәсіпкерлікпен айналысуға кірісті. Ал мен барлық уақытымды ұлттың теңгесін жасауға жұмсаппын. «Егер сол кезде бизнеспен айналысып кеткенімде мен де бүгіндері елдегі бай адамдардың бірі болар ма едім» деген де ой келеді. Бірақ сондағы шешімім үшін ешбір өкінбеймін, істеп жатқан ісімнің еліме қажеттілігін, бұл істің қастерлі парыз екенін, артымызда 16 миллион халықтың күтіп тұрғанын жете түсіндім. Сондықтан, Алла тағаладан теңгеміздің әдемі, ғұмыры ұзақ, абыройлы болып шығуын тіледім.
Солай болды да. Теңге айналымға шыққан күннен бастап мемлекетіміз тәуелсіздігін алды. Төл валюта арқасында экономикамыз көтеріліп, шекарамызды белгілеп, ішкі, сыртқы саясатты сәтті жүргізе бастадық. Бүгінгі әлемге танылған Қазақстан – соның айғағы.
Алғашқы теңгені қолына ұстаған әрбір азаматтың көңілі толқып, көзіне жас алып, рухани серпіліп, «енді менің өз мемлекетім бар» дегендей болашаққа үлкен сеніммен қарағаны анық.
Сол кезде жаңадан құрылып жатқан Ұлттық банк те қиын кезеңдерді бастан кешірді. Кеңес өкіметінің заңы «рынокқа» жұмыс істемеді, банктер несиені кепілсіз, тек арыз жазу немесе тамыр-таныстық арқылы беріп жатты. Сол кездегі термин бойынша «шапкасын» берсең болды, іс оңай шешілетін. Бүгінгі жемқорлық басы солайша етек алды ма деп ойлаймын.
Бірақ біртіндеп банктердің ашылуы көбейді, қазір қарап отырсам, мендегі тізім бойынша 260 банк ашылыпты.
Жалақы мардымсыз еді. Оны да өз уақытында ала алмағандықтан, құқық қорғау мекемелері әлсіреп, «рэкэт» аталған қарақшылық топтар пайда болды. Банкирлер де кредиттерін қайтара алмағандардың үйлерін, мүліктерін тартып алу үшін сол жендеттерге жүгінді.
1993 жылдың аяғында Ұлттық банктің төрағасы ауысты, жаңа келген банкир Дәулет Сембаев бұрын вице-премьер, жоспарлау комитетінде істеген білікті маман еді. Ол Ұлттық банк жүйесін тез арада тәртіпке келтірді. Ол келген соң аз ғана уақыттан кейін ертеректе жұмысы басталып, аяқталған 200 теңге шығуға дайын болды.
«200 теңгелік ақша алғашқы банкирдің қолымен шыққалы тұр, қазір сіз банкирсіз ғой. Енді не істейік?» – дегенім есімде. Ол: «Қойылған қолды өзгерту үшін не істеу керек?» – деп сұрады. Мен: «Формасын қайта жасау керек. Ол қосымша қаражат!» – дедім. Дәукең бірден: «Жоқ, мен өз қолымды қою үшін халықтың қыруар қаражатын шығындамаймын», – деп жауап берді.
Біле білгенге бұл – зор мәдениет, үлкен ұлтжандылық әрекет еді.
Кейін көптеген банктер іріктеліп, жабылды. Тек отыз сегіз банк қалды. Ұлттық банк алтын валюталық резерв қорын жинады. Сол кезде Ұлттық банктің мықты іргетасы қаланды, бүгінгі күнгі банк жүйесінің басы сол кезде басталды десек әділдіктен аттамаймыз. Сондай-ақ қазіргі мақтанышымыз – кеңес өкіметі кеңістігіндегі күшті банк жүйесімен, мамандардың айтуынша, ерекше Зейнетақы қорының құрылуына Дәулет Сембаевтың еңбегі ерекше деп айтуға болады.
Сембаевтан соң тарихта «әттеген-ай» дегізіп, келеңсіз жәйттермен із қалдырып жатқан жас банкирлер келе бастады. Ораз Жандосов, кейін Қадыржан Дамитов келді. Дамитовтің кезінде, 1999 жылы бір доллардың құны 76 теңгеге бір түнде көтеріп, таң ата 140 теңге болғанда халықтың есеңгіреп қалғаны есімізде. Келесі банкир Григорий Марченко төл теңгемізді монетаға айналдырып құнсыздандырды.
Теңгенің негізі жеті банкноттан тұратын. Олар: 1 теңгелікте – әл-Фараби; 3 теңгелікте – Сүйінбай; 5 теңгелікте – Құрманғазы; 10 теңгелікте – Шоқан; 20 теңгелікте – Абай; 50 теңгелікте – Әбілқайыр хан; 100 теңгелікте Абылай хан бейнелері болатын. Ал қалған 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгеліктер инфляциялық ақшалар болып есептелді. Марченко бұны ойланып жасады ма, әлде әдейі жасады ма, белгісіз...
Ал оның орнына келген Әнуар Сәйденов, біздің тек он екі жыл өмір сүрген банкноттарымызды өзгертті. Онда да, инфляциялық ақшаларды қайтадан шығарып, құны сол бұрынғы, ауыстыру үшін халықтың жүздеген миллиард теңге қаражатын желге шашты. Абай мен Абылай хан кескіндерінің орнына алақанның суретін салып, жаңа валютаға қол қойды. Сөйтіп тарихта қалғысы келді ме екен, бұл да беймәлім нәрсе. «Апам да аң-таң, мен де аң -таң» дегендей, оның не ойлап, не ұтқанын халық та, біз де түсінбей қалдық.
Әйтеуір, жаңа келген банкирлердің бәрі айналымда жүрген теңгелерге өз қолын қойып, қайта шығаруға әуес болып жатты.
Бұдан кейін келген Қайрат Келімбетов халық есінде қалған «тарихи» тұлға болды. Бір доллардың құнын 150-ден 182-ге бірден «девальвация» деп көтерді де, «енді көтерілмейді» деп халыққа үйіп-төгіп уәде берді. Бірақ көп ұзамай «красный коридор» деп және көтерді, кейін «свободное плавание» деп, 272 теңгеге бір-ақ жоғарылатып, «потому что, потому что» деп кеткен министрдей, бұл да жоқ болды. Ал, 1993 жылы теңге айналымға енген кезде бір доллардың құны 4 теңге 75 тиын болатын.
Енді жаңадан келген жас банкирдің ісіне сәттілік тілейміз. Ұлттық банкіден басқа екінші дәрежелі банктер ашыла бастады, мысалы, «Альянс» банкі, «Темір» банкі, «Қазақ» банкі, «РВК» банкі, іскер жас мамандар, банкирлер шыға бастады, бірақ та оларға емін-еркін жұмыс істетпей, жан-жақты қысым көрсетіп жатқандарын, көтерілген екінші дәрежелі банктердің де иелері өзгеріп жатқанын естіп жатамыз.
Негізі, мемлекет экономикасын көтеретін негізгі саланың бірі осы банк жүйесі екенін естен шығармауымыз қажет.
Осынша бай мемлекетке дағдарыс қай тұстан сап етіп келіп қала беретініне түсінбей де жатқан жайымыз бар. Сонда біздің білікті қаржыгерлеріміз, экономистеріміз қайда? Тіпті, осы салада арнайы институттар қызмет атқарып отыр ғой. «Бұлар не қарап жүр? Солардың жобалары қайда? Болса, неге пайдаланбайды?» деген заңды сұрақтар туындайды.
Ал енді жасырмай-ақ, жасқанбай-ақ айтайық, бүгінгі теңгенің қадір-қасиеті кетті. Қазіргі шығып жатқан теңгелердің түр-түсінің есеп-санын қарапайым халық түгіл, банкирлердің өздері де білмейді. Себебі, теңгенің жаңа түрі жыл сайын емес, ай сайын шығатын секілді. Түстері бірдей 1000 теңге мен 2000 теңгені, 2000 теңге мен 5000 теңгені ажырата алмай, ызаланып жүрген халықты көресің.
Банк жүйесі мықты, экономикасы жоғары, өркениетті деген Англияда атамзаманнан өзгермей келе жатқан 4 бакнот бар, ол «5», «10», «20», «50» фунт стерлинг. Сол сияқты Американың доллары да өзгеріссіз.
«Мемлекетте кризис» деп барлық жерде бюджеттік мекемелер қысқартылып жатыр, ал нағыз қайта қарап, қысқартылатын тұс Ұлттық банк жүйесінде жатқан сияқты.
Меніңше, ел дағдарыстан шығу үшін жеке кәсіпорындарды көбейтіп, оларға еркіндік берілуі керек, іске кедергі болып отырған бюрократияны жоюға тиістіміз. Жақсы көтерілген шағын кәсіпорындарға әртүрлі жолмен кедергі жасап, мәжбүрлеп тартып алып жатқандар да бар.
Біз мұнайға байланып қалып отырмыз, жерасты қазба-байлықсыз, әлемде әйгілі өркениетті, дамыған мемлекеттер бар, олар шағын және ірі кәсіпорындарын көбейту, жаңа технологияларды пайдалану арқылы ғана экономикасын көтеріп отыр. Ал бізде жаппай шағын кәсіпорындарға шабуыл жасап, қыспаққа алуда. Бұл құбылыс Елбасы өзі тікелей араласып, тексеруге мораторий жариялап жатса да тоқтайтын емес. Өкіметтің басты мақсаты – жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың жағдайын жасау болса, бізде керісінше болып отыр.
Бүгінгі күні әлсін-әлсін «ортақ валюта шығады» деген сөздер айтылып жатыр. Мемлекеттіліктің негізгі элементі – өз ақшасының айналымда болуы екенін естен шығармауымыз қажет. Егер ортақ валюта шығатын болса, бұл ғасырлар бойы аңсап жеткен Тәуелсіздіктен айырылдық деген сөз.
Хайрулла ҒАБЖАЛИЛОВ, алғашқы ұлттық валюта – теңге авторларының бірі, қоғам қайраткері