Айыппұлды азайта аламыз ба?
2015 ж. 14 желтоқсан
2360
7
БІЗ «ЖОЛ ЖҮРУ ЕРЕЖЕСІНЕ» БІР ЖЫЛ БОЙЫ ТҮЗЕТУЛЕР ЕНГІЗУМЕН КЕЛЕМІЗ
Бұрынғыдай емес, соңғы кезде депутаттық сауалдарымен сирек көрініп жүрген Мұхтар Тінікеев қайтадан белсенділік таныта бастаған секілді. Халық қалаулысы жол жүру ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін төмендетуді ұсынды.
Оның пікірінше Қазақстанда жол жүру ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері өте жоғары, тіпті, кейде 200 мың теңгеге дейін жетеді. М.Тінікеев кей жағдайда әлгі автокөлік бір отбасын асырап отырған жалғыз ғана табыстың көзі екенін де алға тартты. «Біздегідей төмен деңгейдегі жалақы бола тұра, айыппұлдың анадай жоғары болуы мүмкін емес қой», – деді М.Тінікеев. Ал Мәжіліс отырысынан кейінгі сұхбатында полицейлер өзін де тоқтатқанын айтып, бұндай айыппұлды қарапайым тұрғындар түгілі депутаттардың да қалтасы көтермейтінін ашық айтты. «Әмбебап полицейлер пайда болды, бұл өте сәтсіз тәжірибе. Егер жол-патрульдік полициясы өз құқықтарын, заңдарын білетін болса, әмбебап полицейлер жол үстіне «таяқ» ұстап шығуды ғана меңгерген», - деп сын айтты әмбебап полицейлердің қызметіне көңілі толмаған депутат. Шынында да, атышулы «Жол жүру ережесі» ақыл-есінен адасатындай күйге түсті. Соңғы бір жылда бұл заңның басынан не өтпеді? Қайта-қайта түзетулерден көз ашпаған ереженің ертеңгі күні де бұлыңғырлау болып тұр. Өйткені заң көпшіліктің көңілінен шықпады. Жоғары айыппұл, заңға қайшы жасырын бейнежазба жасау, айыппұл төлемесе көлікті тартып алып қамаққа алу, заң бұзған көлікті соғып тоқтату, полицей тоқтатқанда тырп етпей, деміңді ішіңе тартып көлікте отыру сияқты тағы да толып жатқан санаға сыйымсыз баптарын жұрт түсіне алмай дал. Айыппұлдың тым жоғары екенін Бас прокуратура да айтып, оны төмендету керектігін мәлімдеген болатын. Тіпті тұрғындары кем дегенде айына 4-5 мың доллар жалақы алатын дамыған бай елдерде де мұндай жоғары айыппұл жоқ екен. Ал ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымов әлі де қомақты айыппұлды қолдан бергісі жоқ. «Біз айыппұлды кешіктірмей үш-төрт күнде төлегендерге 50 пайыз жеңілдік қарастырдық» деп жұбатты депутаттарды. Сонда тұрғындар айыппұл туралы қағазды әкелетін пошташының жолын күтіп жүру керек пе? Министрді де түсінуге болады, бюджетке көбірек ақша түсіргісі, ереже бұзушылықты азайтқысы келетін болар. Бірақ, ресми деректерге қарасақ заң қатаңдатылғанымен алдындағы жылдарға қарағанда жол ережесін бұзу еселеп өскен. Нәтиже қайда? Жоқ. Ал еліміз бойынша салынған айыппұлдардың 20 пайыздайы ғана төленген. Өйткені осыншама айыппұлды төлеу мүлдем мүмкін емес. Қазақша айтқанда бұл билік ұсынған «шаш ал десе, бас алатын» заң болып шықты. Осының салдарынан ауданарлық соттардың жұмысы көбейіп, шешім шығаруға үлгермей жатыр. Ол аз болса, сот орындаушылары айыппұлды төлеуге мәжбүрлеп, жығылғанға жұдырықтай етіп айыппұлдың үстінен өздерінің «қызметі» үшін 25 пайызын қоса талап етуде. Бұл өз кезегінде қарапайым тұрғындардың қалтасын қағуда. Осы біз көлікке отырғандардың бәрі миллионер емес екенін білеміз бе? Неге заңды қабылдап алып, сосын жыл бойы кем-кетіктерін түзетуге кірісеміз? Жобаны ұсынатын министрліктегілер халықтың арасында болмай ма мүлдем? Олардың қандай ойы бар екенін неге алдымен зерттеп, сараптама жасамайды? «Қазақ үні» газеті осы «Жол жүру ережелері» жайында тұрақты жазып келеді. Тіпті тұрғындардың пікірін білдірген, көкейдегі сұрақтарын айтқан мақаланы электронды поштамен Мәжіліске де жібергенбіз. Бірақ, одан ешқандай жауап болмады. Соған қарағанда халық қалаулылары баспасөз дегенге салқын қарап, сирек көз жүгіртетін секілді. Өкінішті-ақ! Өйткені халықтың мұңын, ойын, пікірін сол баспасөзден білуге болатын еді ғой. Соған қарап шешім қабылдағанда бір заңға жүз рет өзгеріс енгізбейтін еді.
З.Қабиоллаұлы
"Қазақ үні" газеті