Назарбаев: Мен қандастарымыздың көбірек келгенін қалаймын
2015 ж. 14 желтоқсан
1774
1
Қандастарымызды демеп, қолдау көрсету керек. Бүгін ағымдағы жылды қорытындылап, журналистерге берген сұхбатында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Бұл бағыттағы саясат өзгермейді. Бізге келетін ағайындар – қазақтар және оларға әруақытта есік ашық. Жағдайын жасаймыз. Оралмандар жөнінде жаңадан қабылданған заңды білесіздер, яғни оларға құжат тапсыру, азаматтық беру мәселесін жеңілдеттік», – деді мемлекет басшысы.
Осы орайда елбасы Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға 1 миллион қандасымыз қабылданғанын айта келе, бұл тұрғыда кейбір қиындықтар болғанын, алайда бұның барлығы еңсеріліп, жағдай жасалғанын жеткізді.
«Кейінгі кездерде бұндай шараларды Қазақстан мен Германия жасады. Бірақ Германия тарапы бұрынғыдай жаппай қабылдауды қойды, яғни қазір керек адамдарды ғана алады. Мысалы, мамандығы болуы керек, жасы орташа болуы қажет, сондай-ақ еңбегімен елге өзінің үлесін қосуы тиіс. Қазақстан тарапы ешқандай шектеу қойып отырған жоқ. Біз барлығының келгеніне қуаныштымыз. Халық санын 20 миллионға жеткіземіз деп талпынып отырған елміз. Құдайға шүкір, ішкі өсіміміз де бар, сырттан келген ағайын да оған үлесін қосып жатыр», – деді президент.
Нұрсұлтан Назарбаев қандастарымызға қолтығынан демеп жіберіп, қолдау көрсету керектігін атап өтті.
«Мен адамдардың көбірек келгенін қалаймын. Қазір жағдай қиындау болғанымен, дегенмен де көмектесіп жатырмыз. Сондықтан бұл бағыттағы саясат өзгермейді», – деп түйді президент.