ЖЕРІМІЗДЕГІ ҚАЗБА БАЙЛЫҚТАР ЖЕКЕНІҢ ҚОЛЫНА БЕРІЛЕ БАСТАДЫ
2015 ж. 07 желтоқсан
5174
2
Елімізде алғаш рет жер қойнаулары сатылымға шығарылып, Инвеститция және даму министрлігі өткізген аукционның алғашқы күні бюджетке бір жарым миллиард теңге түсті.
– Жер қойнауын бере салмаймыз. Келісім-шартқа отырып жалға алады. Бұдан мемлекет те, кәсіпкер де табыс табады. Өйткені қаншама жұмыс орындары ашылады, бюджетке ақша түседі. Елімізде игерілмей бос тұрған жер қойнаулары жетіп артылады, – дейді ҚР Инвеститция және даму министрі Әсет Исекешов.
Аукцион ағылшын әдісімен яғни, баға өсімі бойынша өткізілді. Залға жиналған шетелдік қалталы инвесторлар ақшасын аяған жоқ. Мәселен, бастапқыда 2 миллионға бағаланған Қарағандыдағы алтынға бай Наурызбай, Алтынсай кен орындары 280 миллион теңгеге дейін көтеріліпті. Бизнесмендер де ақшасын бұлайша бекер шашып отырған жоқ. Ұзақ жылдар бойы игерілмей тұрған жердегі қазба байлықты сатып табыс табуды көздеп отыр. Жалпы, 100-ден астам жер қойнауы сатылуы тиіс еді. Бірақ, аукционға кейбір қатысушылардың келмей қалуынан тек 49 жер телімі игерілуге берілді.
Айдалада жатқан батпан құйрық кімді қызықтырмасын, оның үстіне алтын кеніштері болса. Қазіргі дағдарысқа байланысты қаржы аса қажет болған соң сатылып жатыр дегенімізбен көңілге күдік келтіреді бұл шаралар. Елу кенішті сатып небары 1,5 миллиард теңге ғана пайда түсіру тым аз, соқыр көзден шыққан жаспен бірдей ғана деуге болады. Оның қойнауында қанша қазба байлық жатқаны ескерілмей ме? Әлде адымдап аттап, жобамен өлшеп «Мына жер сенікі, осыған риза бол!» дегеніміз бе? Жер асты қорының бағасы есепке алынбаушы ма еді? Өндірілген байлықтың қанша пайызы мемлекетке қалады, бұл жағы да белгісіз. Қысқасы, бұл сауда-саттықтың құпия тұстары тым көп, ешқандай ашықтық жоқ. Тәуелсіздіктің бас кезінде тәжірибесіздіктен жер қойнауын пайдалану барысында көптеген кемшіліктер жібердік, ал бүгін Құдайға шүкір, мүйзіміз қарағайдай болды емес пе?!.
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті