Экс-премьер-министр Нұрлан Балғымбаевпен соңғы тілдесу
2015 ж. 03 желтоқсан
2904
1
Қазақстанның экс-премьер-министрі - Нұрлан Балғымбаевтың асында туған бір ой
Бізде премьер-министрлерге (ПМ) деген дәстүрлі әрі ғибратты көзқарас қалыптаспаған.
Бір ПМ - Әкежан Қажыгелдин экономикаға сіңген орасан зор еңбегіне қарамастан жасанды айып тағылып, сыртай сотталып, 17 жыл бойына шетел асып кетіп, еліне жете алмай жүр.
Бір ПМ - Серік Ахметов сотталып жатыр, прокурор 12 жыл сұрапты.
ПМ болып, жүйеге мойынсұнған біразы я әлі сапта жүр, я құлақтары тыныш, зейнетте.
Тағы бір ПМ - Нұрлан Балғымбаевпен үкіметте жүргенде тығыз араластық. Ол кезде ол мұнай мен газ министрі еді.
Турашыл еді, бет-жүзіңе қарамай, ойындағын айтып тастайтын. Бірақ ол сөзінің не зілі, не бықсығы жоқ болатын.
Өмірінің соңғы бір кезеңінде кездесіп, дидарласқанымыз бар.
Мен:
- Нұреке! Сіз өзіңіз көрінбейсіз мүлде. Елде не боп жатқанын білесіз бе? Тәуелсіз басылымдарды оқисыз ба?
Ол:
- Қай газеттің артында кім тұрғанын білемін! Сондықтан ол газеттің не жазатынын, кімді мақтап, кімді даттайтынын білемін. Жалғыз ғана "Новая газетаны" оқимын. Болды!
Мен (сонда да қоймай!):
- Кезінде Үкімет басқардыңыз, мемлекеттегі екінші адам болдыңыз. Ел болса, қиналып қалды. Халқыңызға ағыңыздан жарылып, бір нәрсе айтпайсыз ба?
Ол:
- Менің қазіргі жай-күйімді түсінгің келсе, Александр II туралы оқып ал, сосын маған хабарласарсың...
Мен:
- ОЛ туралы оқыдым, білемін ғой оны...
Ол:
- Жоқ! Тағы бір қайталап, жақсылап ұғынып, түсініп ал!
Содан Нұрекең айтқан Ресей патшасы туралы бірнеше кітапты қайталап оқып алдым. Ол патша өз заманының реформаторы болған, крепостнойлықты жойған, шаруаларға еркіндік берген.
Нұрекеңнің не айтқысы келгенін түсінгендей болдым.
Өкінішке орай, содан кейін Нұрекеңмен жолыға алмадым.
Ауыр сырқат үстінде жатып, Нұрекең елімен, жұртымен қоштасып, өсиетін айтып, тіпті қайда жерлеу керек екенін тапсырып кетіпті.
Жолдастары "Астанадағы Пантеонды айтса, "Туған жеріме, анамның жанына жерлеңдер!" деп, оған қарсы болыпты.
"Қайтсем де Пантеонға жатармын!" деп, қазір Құдайын да, халқын да ұмытып, биліктің бір жерін жалап, ұпай жинап жүрген мықтысымақтарға бір үлгі осы болар...
Үкіметте жүрген кезімде мен кезінде Қонаев отырған кабинеттің дәл қасында отырғанмын. Ұзын дәліз бар еді.
"Осы уақытқа дейін үкімет басқарған адамдардың портреттерін салып, осы жерге іліп қояйық! Өткеннен сабақ алу, тұлғаларды сыйлау үшін керек" деп, ұсыныс енгізгенмін.
Өкінішке орай, жоғарғы жақ бұл ойымды құптай қоймады.
Әйтпесе, қазір сол дәлізде барлық ПМ-нің бейнелері тұрар еді. Ішінде өскені де, сотталғаны да, қудалауда жүргені де - бәрі болар еді.
Болашақ ПМ-дер күнделікті сол дәлізбен жүріп, ойланып жүрер еді ғой...
Әміржан ҚОСАН,
Фейсбук парақшасынан.