Адам тағдыры: көрсеткіш құрбаны болып кете бере ме?
2015 ж. 30 қараша
3360
1
Биылғы 30-қыркүйекте Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының судьясы С.Джумабаев Мұнайлы аудандық ІІБ учаскелік инспекторының көмекшісі Ержан Досымбаевты ҚР Қылмыстық Кодексі (ҚР ҚК) 24-бабының 3-бөлігімен және 366-бабының 1-бөлігімен пара алды деп айыптап, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарады.
Судьяның сөзіне сенсек, Е.Досымбаев ағымдағы жылдың 6-сәуірі күні Өзбекстан азаматы Е.Алимбетовті 17.00 сағат шамасында Мұнайлы ауданындағы «Көктем» тұрғын орамында мас күйінде кіші дәрет сындырып тұрған жерінен ұстап, Атамекен-1 тірек пунктіне әкеліп, одан әкімшілік хаттама толтырмауы үшін 20 мың теңге пара талап еткен; бірақ Е.Алимбетов ондай ақша бере алмайтынын айтқан соң, оның мастығын растап, наркологиялық қорытынды алған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 3 хаттама толтырып, соның нәтижесінде Е.Алимбетов сот қаулысымен 5 тәулікке қамалған. Е.Алимбетов қамаудан босаған соң Е.Досымбаев одан бұл жолы депортация жасамау үшін тағы да 20 мың теңге пара талап еткен. Өзбек азаматы Мұнайлы аудандық ІІБ Өзіндік қауіпсіздік бөліміне шағымданып, солардың көмегімен Е.Досымбаев 16-сәуір күні үкімде жазылғандай «...өзінің қызмет бөлмесінде жәбірленуші Е.Алимбетовтен 20000 теңгенің 5000 теңге ақшасын қолма-қол алғаннан соң, тірек пунктінің алдында қылмыстық ойын ақырына жеткізе алмай ұсталған».
Сот үкімі шықса да әлі күнге, 2015 жылдың 23-қарашасына дейін соттың хаттамасы мен бейнеаудиожазбалар сотталушы тараптың қолына тимеген. Неге? Біз аталмыш іске қатысты мәселелерді шамамыздың келгенінше айқындау үшін осы сұрақты Ержан Досымбаевтың әкесі Айбас Досымбаевтың өзі мен ол тұрақты мекенжайы бойынша көмек сұрай келген «Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық бірлестігінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы өкілі, тәуелсіз заңгер Жаңабек Әбішевке қойдық.
– ҚР ҚК-нің «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» деп аталатын 24-бабының 3-бөлігінің мәтіні мынадай: «Қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа оқталу деп танылады», – дейді Ж.Әбішев.
Е.Досымбаев Е.Алимбетовтың тарапынан құқық бұзушылық орын алғанын көрсетіп бір емес, бірнеше хаттама толтырған. Ол хаттама толтырмаса ғана «оның бопсалап пара алайын деген ойы болған ғой» деп күмәндануға болар еді. Қылмыстық іс не үшін қозғалды? Өзбекстан азаматының арызы негізінде. Бопсалаушылық орын алайын деп жатқанын дәлелдеу үшін арықарай жасырын тергеу іс-әрекеті жүргізілген. Ол үш күн ғана жүргізілді. Мейлі, үш сағат болса да нәтиже берді ме? Берген жоқ. Неге олай дейміз? Себебін Айбастың өзі айтсын.
– Жақаң дұрыс айтады. Себебі, бізге сот тергеуінде сол жасырын түсірілімді көрсетті. Көрсеткенімен ол жерде ешқандай да «Ақшаны әкелдің бе?» немесе «Қанша ақша әкелдің?» деген секілді, иә болмаса айыпталушы арызданушының қолынан ақшаны алып жатқанын көрсететін бір де бір факт, иә мәлімет жоқ.
Және сот үкімі: «...Е.Алимбетовтің және куәлердің жауаптарынан сотталушы Е.Досымбаев арызданушы Е.Алимбетовке төлқұжатын өзіне қайтаруын сұраған өтінішіне «20000 теңге төлемесең қосымша әкімшілік хаттама жасап, Қазақстан Республикасы аумағынан тысқары шығарамын» деп айтқан көрінеді» дейді, одан әрі «...Е.Досымбаев Е.Алимбетовтен 20000 теңгенің 5000 теңге ақшасын алған» деп жазады.
Судьяның осы жазғандарын дәлелдейтін бір де бір құжат жоқ. Ең болмаса жасырын түсірілім де бұл жағынан оған көмекке келе алмайды. Сонда судья неге сүйеніп үкім шығарып отыр? Демек, бұл – судья С.Джумабаев ҚР ҚК-нің 416-бабы мен 418-бабы бойынша сипатталатын заңбұзушылыққа барып отыр деген сөз.
Сонымен қатар, Мұнайлы аудандық ІІБ ӨҚБ қызметкерлері ҚР Ұлттық Қауірсіздік Комитетінің, Ішкі Істер Министрлігінің және Бас Прокуратурасының 2014 жылғы 12-желтоқсандағы №892 бірлескен бұйрығымен бекітілген «Жасырын тергеу іс-әрекеттерін жүргізу туралы Ереженің» 25-тармағында көрсетілген, жасырын тергеу кезінде адамдарды заңға қайшы әрекет жасауға арандататын, азғыратын, ықпал ететін және осы әрекетті жасауға итермелейтін әрекеттерді жасауға жол берілмейтіні көрсетілген талаптарды өрескел бұзды, ҚР ҚК-нің 417-бабының 2-бөліміне сәйкес келетін қылмыстық іс-әрекетке барды деген сөз.
Барып отырған себебі – олар Е.Досымбаевтың пара алу туралы ешқандай сөз айтпайтынын түсінген. Түсінгеннен кейін жасырын түсірілім мерзімін үш күнмен шектеген. Әйтпесе, жасырын түсірілім мерзімі заң талаптары бойынша нақты шектелмейді, ол бір апта, бір ай немесе бір жыл бойына да жүргізілуі мүмкін. Ал, нәтиже бермейтініне көздері жетіп отырғаннан кейін оны созуда мән қалмайды.
Соған қарамай, олар Е.Досымбаевты ұстайды да істі арықарай Қаржы полициясына жібереді. Олар да өзіне қабылдап алғаннан кейін «мынау шикі тірлік қой», «неге ақырына дейін күтпедіңдер?» деген сөз айтпаған. Өйткені, Ержан Досымбаев бұндай жағдайда жасалуы тиіс істің бәрін заң шеңберіне сәйкес істеп жатыр. Ақша тапқысы, пара алғысы келген адам оның бір де бірін істемейді ғой. Істеген соң ала алмай қалады.
– Арызданушы соттағы сөзінде «Е.Досымбаев менен пара сұраған жоқ, оны арызда солай деп мен тергеушінің айтуымен жаздым, «сен солай етсең біз саған тезірек жәрдем береміз» деді, мен соған сеніп қалдым» деді. Айбас Досымбаев сөзін жалғастырды. – Сотта «сен неге 20 мың теңгені емес, 5 мың теңгені ғана Е.Досымбаевқа тастап кеттің?» деген сұраққа ол: «Әжем қайтыс болып еді, 15 мың теңгені өзім пайдаланғым келді» деп шынын айтты. Негізі, ол басты сот тергеуіндегі жауабында айыптау қорытындысында жазылған сөзін қайталаған болатын. Кейін қорғаушы бір жағынан, судья бір жағынан нақты сұрақтар қоя бастағанда не дерін білмей, жаңылыса бастады. Ақырында «шынымды айтайын» деді. Оның осы сөзінен кейін судья Жұмабаев «мына арызды жазған сіз ғой?» деп, оның жазған арызын оқып берді. – Иә, оны жазған мен. – Өзіңіз жаздыңыз ба? – Жоқ, тергеушінің айтуымен жаздым. Олар маған «сотталушы менен ақша талап етті» деп арыз жазбасаң, біз саған көмектесе алмаймыз» деді. Және олар менің біреуге жала жапқаным үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынымды түсіндірген жоқ». Судья бұдан соң «сіз арызда шыныңызды айттыңыз ба, жоқ қазір шыныңызды айттыңыз ба?» деп анықтауға кірісті. «Қазір шынымды айтып тұрмын» деген нақты жауап алды. Сол уақытта судья қайта-қайта, тіпті орнынан тұрып кетіп: «Сіздің қазіргі емес, мына арызыңыздағы жазғаныңыз дұрыс қой, иә?» деп жетелеуші (наводящий) сұрақ қоюға көшті. Ал, бұл дегеніңіз тікелей заңды бұзушылық. Осы айтылған сөздің бәрі сот процесінің хаттамасына түсуі тиіс.
Сондай-ақ Е.Алимбетов сот тергеуінде «сотталушы Е.Досымбаев оның кабинетіне сіздің 5000 теңге тастап кеткеніңізді көрді ме?» деген сұраққа «жоқ, ол менің ақша тастап кеткенімді көрген жоқ» деп куәлік берді.
Және ол өзінің жауабында төлқұжатын (паспортын) Мұнайлы аудандық ІІБ ӨҚБ қызметшілерінен тек 9-қыркүйек күні ғана, сот тергеуіне қатысар күннің алдында ғана алғанын атап көрсетті.
– Неге Е.Алимбетов нақ сол күні шындықты айтты? – дейді Жаңабек Әбішев. – Себебі, паспорты 9-қыркүйек күні, сотқа қатысардан бір күн бұрын ғана оның қолына тиген, оның Өзбекстанға кетуіне жолы ашылды. Ол содан кейін барып қана сөздің шындығына көшті.
Е.Алимбетов «маған айыппұл төлемей құтылып кетуге көмектесіңдер» деп барып отыр. Әрине, көмектің тегін болмасын біледі. Бірақ, айыппұлдан арзан түседі деп ойлайды. ӨҚ бөліміндегілер қандай көмек көрсете алар еді? Олардың біреуі шартты түрде айтсақ, Е.Досымбаевқа телефон соғып, анау өзбек азаматы менің танысым еді, басқа еді, жібере сал деуі мүмкін-тін. Олар басқа жолмен кетеді, бөлімнің көрсеткішін көтеріп алғылары келеді. «Сен Е.Досымбаев менен 20 мың теңге пара сұрап жатыр деп арыз жаз, сол кезде біз саған тезірек көмектесе аламыз, саған ол үшін ешнәрсе болмайды» дейді.
Рас, судья «Е.Досымбаев сотқа дейінгі тергеу барысында депортация жасамау үшін алдым» деп мойындап тұр ғой» деген уәж айтуы әбден мүмкін. Бірақ, ол уәж орынсыз. Себебі, қазір 1937 жыл емес, «признание – царица доказательств» дейтін Вышинскийлердің дәуірі, «үштіктің» заманы өткен. Айыптының өзінің мойындауы ҚР ҚПК-нің 115-бабының 3-бөліміне сәйкес «Күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы өз кінәсін мойындауы оның кінәлі екендігі іс бойынша қолда бар дәлелдемелер жиынтығымен расталған кезде ғана айыптау негізіне жатқызылуы мүмкін». Ал оның кінәлі екендігіне дәлелдер жоқ екендігін жоғарыда айттық. Оның үстіне сотталушы сотта өзінің ӨҚБ қызметкерлерінің «ақшаны депортация жасамау үшін алдым деп айт, біз сені қамамаймыз, бұған сотталмайсың, тек әкімшілік айыппұл төлейсің» деп арбағанына түсіп қалғанын көрсеткен. Қалтасынан таңбаланған ақшаның шығу себебіне қалай сендіруді білмей сасып қалған оның бұл түсіндіруі қисынға келеді, өйткені, көрсеткіш үшін өзбек азаматын жала жапқан, арыз жазуға алдап түсірген тергеушілердің қандай да болсын іс-әрекетке баратыны байқалып тұр ғой.
Дәл осындай жағдайлар үшін қаралған ҚР ҚПК-нің «Дәлелдемелер ретiнде жол берілмейтін нақты деректер» деп аталатын 112-бабының 1-бөлімінің 1-тармағында «Нақты деректер, егер олар осы Кодекстiң талаптары бұзыла отырып алынса, ...оның iшiнде алдауды, сол сияқты өзге де заңсыз әрекеттер мен қатыгез қарым-қатынасты қолдану арқылы алынса, дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол берiлмейдi деп танылуға тиiс» деп көрсетілген.
Егер Е.Досымбаевтың ойы адал болмаса, ол ақшаны қалтасына салып алып, Е.Алимбетовті іздеуге далаға шықпас та еді. Одан да бұрын, пара алғысы келген адам ақшасы қолына тимей тұрып, құжатты беріп жібермейтіні айдан анық.
Сот жағынан процессуалдық заң талаптарын бұзушылықтың тағы бір айқын көрінісі – сотталғанның қолына біржарым айдан бері, 13-қазан күні өтініш жазылса да, әлі күнге дейін сот хаттамасының берілмеуі.
Егер судья таза болса, үкімі заңды дейтін болса, неге ол хаттамамен таныстыруды созады? Соттың әлі күнге дейін хаттаманы бермеуі, онымен таныстырмауы нені көрсетеді? Судья сол арқылы үкімдегі бұрмалаушылықтың, осы фактінің бәрінің ізін жасыру үшін хаттаманы бермей отыр. Ондағы ойы «сіздер дәл сондай сөздер айтылғанын дәлелдей алмайсыздар» деу.
Бұл – әзірге сотталушы тараптың өзінің қолындағы Айыптау қорытындысы мен Үкімге қатысты ғана түйген ой-пікірлерінің бір парасы. Ертең басты сот хаттамасы мен бейнеаудиожазбалар толық қолға тигенде небір «қызық» пен «шыжықтың» беті ашылатын сыңайлы. Біз ол жөнінде оқырмандарды міндетті түрде құлағдар ететін боламыз.
Өмірзақ АҚЖІГІТ
"Қазақ үні" газеті