АУЗЫҢЫЗҒА МАЙ, АСТЫҢЫЗҒА ТАЙ, ШКОЛЬНИК МЫРЗА!
2015 ж. 30 қараша
3504
2
БІРАҚ, БЕНЗИН ҚЫМБАТТАП КЕТСЕ КЕЛІМБЕТОВТІҢ КЕБІН КИІП ЖҮРМЕЙСІЗ БЕ?
Әдеттегідей, уәдені үйіп-төгетін шенеуніктердің шиырлаған жолын таптаған министр Владимир Школьник бензин қымбаттамайды деп сендірді. Біз оған қуана келісер едік. «Аузыңа май, астыңа тай!» дейді қазақтар мұндай қуанышты хабар жеткізген адамға.
ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник сұйық отын салығы өскен соң, бензин бағасына қатысты өз болжамын жасады. Айтуынша, акциз мөлшерінің артуы жанармай құнына айтарлықтай әсер етпейді. Яғни, бензин бағасы шарықтайды деп қорқудың қажеті жоқ дейді Школьник. Оның үстіне жанармайдың бағасын нарық реттейді. Ал, қазіргі экономикалық жағдай сұйық отын бағасының осы қалпында тұруына мүмкіндік береді екен. Айта кетейік, осыдан оншақты күн бұрын бюджетке түсімді арттыру үшін Үкімет жанармайға төленетін акциз мөлшерін 2 есеге көтерген-ді. Яғни, кәсіпкерлер сырттан тасыған бензиннің тоннасы үшін енді 5 мың емес 11 мың төлейді. Сондықтан, бензин бағасы да 220 теңгеге дейін өседі деген еді сарапшылар. Бірақ, министр даурығуға негіз жоқ деп сендіріп отыр. Осы жерде мына бір мәселені атап өтпеске болмайды. Акциздің арқасында бензиннің бағасы тоннасына 11 мың теңгеге шықты делініп жатыр. Сонда қалай болғаны? Қарапайым есеппен жобалап көрсек тоннасы 11 мың тұрса, бензиннің бір литрі 11 теңгенің айналасында болу керек еді ғой. Тұтынушыларға жеткенше ол қалай он-жиырма есеге қымбаттайды? Ортада тағы да ондаған делдалдардың жүргені ме? Әлде мемлекет тарапынан дотация жасалып отыр ма? Екіншіден, Елбасымыз жақында ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлерге жағдайды халыққа ашық, бүкпесіз түсіндіру керектігін айтпап па еді? «Ауруын жасырған өледі» дейді халық даналығы. Ол аз болса «Әкесі өлгенді де естіртеді» деген сөз бар. Шегіміз үзіліп кетсе де шенеуніктер шындықты айтуды қашан үйренеді? Экс-банкир Келімбетовтің «жұбатуларының» арты немен аяқталғаны бәрімізге белгілі. Доллар бағамы көтерілмейді деп сендіріп, бір-ақ күнде халықтың басына жай түсіргендей етті емес пе? Енді сол кемшіліктерді түзету үшін мемлекеттің қаншама қаржысы жұмсалмақшы. Бензин бағасы көтерілсе барлық тұтыну тауарлары қымбаттайтыны анық. Бұл жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін өте маңызды мәселе. Қуанышты хабарыңыз үшін мың да бір рақмет, министр мырза! Бірақ, соңы не болар екен? Қымбаттау деген пәледен аузы оңбай күйген халықтың көкейінде күдік көп...
Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ
"Қазақ үні" газеті