ТОЙЫМСЫЗ ТӘБЕТІМІЗДІ ҚАШАН ТИЯМЫЗ?
2015 ж. 30 қараша
2298
2
Үлкен дау-дамайдың нысаны болып келген Қапшағай маңында салынуға тиіс жаңа әуежайдың құнына қатысты тағы да шу шықты.
Бұл атышулы нысанның құрылысы басталмай жатып тағы да басы даудан арылмайтын түрі бар. Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев 20 жыл жыр болған жобаның жалпы құнын атап, жұрттың жағасын ұстатты. Оның айтуынша, 8 млрд. долларға халықаралық әуежай, демалыс орындары мен қонақүйлер салынбақшы.
Ал Әуе тасымалдаушылары қауымдастығының төрағасы 8 миллиард долларға 50 әуежай салуға болатынын айтты. Қапшағай қаласы маңынан әуежай салуды қолға алғысы келген Владимир Куропатенко құрылысқа 138 млн. доллар да жеткілікті деп отыр. Тіпті, құжаттарын әзірлеп, қажетті жер телімін де белгілеп қойған. Қазір инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Егер бәрі ойдағыдай шешілсе құрылыс жұмыстары жақында басталмақшы. Бірақ, оны осы жобадан шеттету үшін шенеуніктер тарапынан түрлі қысым жасалып жатқанын да жасырмады.
Владимир Куропатенко, Қазақстан әуе тасымалдаушылары қауымдастығының төрағасы:
– Мені салық органдары тексеріп, сотқа сүйрей бастады. Бірақ кері шегінбеймін. Егер ақша бөлінсе ұшып-қону алаңы 7 айда дайын болады. Ал әуежай құрылысы мен қондырғыларды орнатуға қосымша тағы 5 ай уақыт қажет. Сондықтан ары кетсе біржарым жылда жаңа әуежай пайдалануға беріледі. Ал сегіз миллиард доллар тым көп. Мәселен, Франкфурт, Сингапур әуежайларының құны 1 миллиард доллардан аспайды.
Ал енді ойланып көрелік. Мысалы, Азиядағы ең алып Сингапур әуежайынан аптасына 80 бағыт бойынша 4,5 мыңдай ұшақ әуеге көтеріледі екен. Оның үшінші терминалын салуға 1,75 миллиард Сингапур доллары жұмсалыпты. АҚШ-тың бір доллары сингапурлық 1,5 доллар болады. Олардың бір терминалы біздің ең мықты деген әуежайымыздан кем емес екені белгілі. Осыны ескерсек, Куропатенконың сөзінің жаны бар. Турасын айтсақ, мемлекет қаржысын қымқырудың жақсы жолын ұсынғандар, ешқашан ұтылмайды. Өз қалталарына қомақты ақша түсіретіні де түсінікті. Әлде олар әуежайды бірыңғай алтыннан тұрғызбақшы ма? Сол әдеттегідей, біздің құрылыс саласындағы жемқорлықтың жаттанды жүйесі деуге болады. Сонда қымбат жобаны ұсынған қазақ басшылар кімнің, қай халықтың үстінен пайда көрмекші? Керісінше ұлты басқа Владимир Куропатенко кімнің ақшасын үнемдемек? Міне, мәселе қайда?..
Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ
"Қазақ үні" газеті