Жемқорлықпен күресте «медальдың екінші жағына» да қарайық...
2015 ж. 22 қараша
3442
0
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі азаматтық сектор өкілдерімен бірлесіп сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша ашық келісімге келу жобасын дайындады. Келісімнің мақсаттары мен міндеттерін терістей алмаймыз. Тек «медальдың екінші жағына» үңілуді дұрыс көрдік.
Соңғы жылдары қоғамдық санада «Сыбайлас жемқорлықпен күресті қаржылық-өндірістік топтар қарсыластарын темір тордың ар жағына тоғытудың тәсіліне айналдырып алған» деген пікір қалыптасты. Енді қандай да бір шенеунік сотталса, оған аяушылық сезіммен қараймыз... Өзіне-өзі қол жұмсаған мемлекеттік қызметкерлерді кландараралық шайқастың құрбанына жатқызып, абыройы, лауазымы, бас бостандығы, дүние-мүлкі тақымы мықтылардың көкпарына айналар тұста жүйкесі сыр берген ғой... – деп мүсіркейтініміз де рас.
Сірә, Қазақстан билігі Грузия үкіметі сықылды кландарды түп тамырымен жоя алмады. Демек, біздің қоғамда кландараралық шайқастар да, сыбайлас жемқорлық та жойылмайды! Ендеше әуелден бері күштік құрылымдардың міндетіне жататын жемқорлықпен күресті бұдан былай азаматтық қоғамның да мойнына жүктеу дұрыс па? Әсіресе, БАҚ өкілдерін күреске тартуға қандай мұқтаждық бар? Онсыз да жемқорлықты желеу етіп, әрісі Ақордадағы, берісі әкімдіктеріндегі шенеуніктерді сынап-мінейтін тәуелсіз орыстілді басылымдардан ақпарат кеңістігі жыртылып айрылады ғой!
Павлодардағы «Версия», «Городская неделя», «Новое время» газеттерінде, сондай-ақ «pavon.kz», «pavlodar.gn.kz», «obozrenie.kz» сайттарында қылмыстылық тақырыбына кең орын берілген. Оларда негізінен ұлты қазақ шенеуніктер сыналады. Ярослав Голышкин, Ольга Воронько, Джамиля Маричева сияқты тәуелсіз тілшілер облыстың экс-әкімі Ерлан Арынды сот шешімі шықпай тұрып аса қауіпті қылмыскер кейпінде көрсетіп бақты. Ал Голышкин әлгі ісін місе тұтпай, қазіргі әкім Қанат Бозымбаевтың өзінен аса ірі мөлшерде ақша бопсалауға кірісті! Бірақ қаламды шоқпарға айналдырғысы келген «Версия» газетінің редакторы айдауылдардың алдында өзі кететінін аңдамай қалды...
Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлық тақырыбын тісқақты тілшілер түгіл қолына жаңа ғана қалам ұстаған жас «журналист-криминалистер» де ту талақай қылды! Бұлардікі белгілі, «Атың шықпаса – жер өрте» дегеннің кері. Ал шовинистік, нигилистік көзқарастағы журналистердің пиғылы мүлде басқа...
Украинаның Қырым, Донбас, Луганск аймақтарындағы орыстілді тәуелсіз БАҚ жергілікті билік өкілдерінің қызметі мен зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық, жемқорлық қылмыстарын байланыстыра қарастырып, оларды жұртшылыққа құбыжық қылып көрсеткен. Сөйтіп, сепаратизмнің етек жаюына қолайлы жағдай жасаған. Салдары белгілі...
Бұларды былай қойғанда, өзіміздің шолақ белсенділер сыбайлас жемқорлыққа қарсы атойлап атқа мінсе, аянып қалмас!.. Егер бүгінгі журналистер өткен ғасырда оқыған азаматтарымыздың «халық жауларын» жаппай әшкерелеу ісін үлгі тұтса, әлі қанша «сыбайлас жемқорлардың» отбасы аңырап қалатынын кім білсін.
Қалай десем де, Астанадағы ақ жағалы ұлықтарымыз дайындаған әлгі Келісім жобасы Керекуде жатқан менің көңілімде алаңдаушылық сезімін тудырады. Түбі қазақ билігінің жағасынан ұстап сілкілеп, абырой-беделін аяққа таптауды көксейтіндерді сыбайлас жемқорлықпен күреске тарту – үй ішінен үй тігілуіне апарып соқтырмай ма? Мені осы ой мазалайды.
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.
qazaquni.kz