Алматы қаласының Жаңа жылдық шыршасы Республика сарайы алдындағы Абай алаңына орнатылады.
Шыршаның орнатылатын нақты уақыты әлі белгісіз. Әкімдіктегілер сондай-ақ, қала аудандарында да жаңажылдық шыршалар орнатылатынын хабарлады. Қалада жаңа жылды атап өтуге бизнес құрылымдары да жұмылдырылып, үздік безендіруге байқау жарияланбақ.
Ел Президенті атынан өтетін шырша мерекесі Алматыда 24 желтоқсанда, қала әкімінің шыршасы 25 желтоқсанда ұйымдастырылмақ. Қала әкімінің шыршасына 1700 бала шақырылып, оларға сый-сыяпат жасау үшін 22,85 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр. Әкім шыршасын ұйымдастыруға 13,8 миллион теңге бөлінбек. 200 бала қатысады деп жоспарланып отырған Президент шыршасына 16,35 миллион теңге қарастырылған. Мәдениет басқармасындағылар жаңа жылдық шырша мерекесіне кәсіпкерлердің қатысуына байланысты мерекелік бюджетте тағы өзгерістер болатынын ескерткен.