ЖЕМҚОР ДЕГЕН ЖАҚСЫ АТАҚ ЕМЕС
2015 ж. 16 қараша
5646
4
"ТҮЙЕНІ ТҮГІМЕН ЖҰТҚАНДАРДЫҢ" ТҮЙСІГІНЕ ОСЫНЫ ҚАЛАЙ ЖЕТКІЗСЕК ЕКЕН?
"Мешкей деген жақсы атақ емес" деген екен қазақ атамыз. Нәпсіңді, тәбетіңді тый дегенді білдіретін аталы сөзден соң ортақ қазанның қақпағын сирек ашып, ашқарақтығын қойып, нақылдың екінші тура мағынасы айқайлап тұрғандай дүниеқорлығын доғарған екен құймақұлақ қазақ баласы. Аталы сөзге тоқтаған алдымызда өткен алаштан айналайық... Бүгін ше? Бүгін "мешкей" деген сөз "жемқор" деген жаңа сипат алып, мақал түгіл сақалмен де санаспайтын болды. Мақал мен сақалды айтасыз, пәрменді Парламентіміздің өзі бекітіп берген, зынданның түбінен бір-ақ шығаратын қатаң заңға да түкірмейтін, жұтқыншағы күні-түні бүлкілдейтін, өзіміз ертегіден оқып, аталарымыздан естіген нағыз КӨЛЖҰТАРҒА айналды. Тіпті құқық қорғау саласындағы ТАУСОҒАРЛАРДЫ да көздеріне ілмейді. Қомақты қаржыны арқалап шетелге қашқан ЖЕЛАЯҚТАР да жеткізбей қойды. Қазір құймақұлақ қазақ қалмағандай, еркіне жіберсең жер бетіндегіні түгел жалмағандай жемқорлар жайлай бастады елімізді. Оларға ата да, бата да қажет емес, ақша ғана ойлағандары. Әрине, өкінішті-ақ!ІНДЕТ ІЗІМЕН...
Жаппай жайлаған жемқорлықты індет демеске амалымыз жоқ. Бұл қазақи қоғамдағы дауа қонбас дертке айналды. Мемлекеттік қызметте жүрген жоғары да төмен лауазым иелері халық қаржысын аяусыз тонауда. Түрмеге қойша қамалса да тоқтау жоқ. М. Әбілазов, ағайынды Рысқалиевтер, В. Храпунов, М. Оспанов... бұл жоғарғы сатыдағы жемқорлардың ұзынсонар тізімінің басы ғана. Оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Қолына кішкене билік тисе болғаны халық қоржынына қол сұғатын сұғанақ шенеуніктердің санына жете алмай қалдық. Ресми деректерге сәйкес жемқорлық алдымен әкімдіктер мен оның қарауындағы түрлі салалаларда жиі кездесетін көрінеді. Одан кейінгі орындарда – Білім және ғылым, Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы министрлігі, салық және кедендік мекемелер, шекара қызметі сияқты болып жалғаса береді. Мысалы, ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше мемлекеттік тапсырмаларды іске асыратын қызметшілер мен соларға теңестірілген мекемелерде еліміз бойынша 2011 жылы - 1770, 2012 жылы - 1707, 2013 жылы - 1844, 2014 жылы - 1603 экономикалық ірі көлемдегі қылмыс тіркеліпті. Бұл ресми дерек, яғни тек қана құрықталған қылмыскерлер көрсеткіші ғана және байқап отырғандарыңыздай оның бәсеңдейтін түрі жоқ. Ал ұсталмай жүргендер қаншама. Қалалардың ішінде Астана ( 2014 жылы 130 қылмыс) өзгелерден оқ бойы озып тұр. Алматы да бас қаладан қалысар емес. Аймақтар арасында Жамбыл (сәйкесінше 143 қылмыс) облысы алдарына жан салмаған. Жамбылдықтарды өкшелеп Оңтүстік, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары келеді. Бұдан кейін қоғамды кеулеген қылмысты дерт демей көріңіз. Сын көзбен қарасақ қазақ қоғамын кері сүйреген көптеген кемшіліктерді келтіруге болады. Оның бәрін танауынан тізгеннен не пайда? Керісінше соның шығу себептерін ашып, жемқорлықпен күресудің ұтымды жолдарын қарастырғанымыз жөн болар.ҚАЗАННАН ҚАҚПАҚ КЕТКЕНІ МЕ?
"Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді" деген халық нақылын еске алсақ, қазына қазаны қақпақсыз қалғаны ма деген сұрақ туындайды. Ресей президенті В. Путин бір жиналыста осы жемқорларға байланысты "Ресейде тек қана ерінгендер ғана ұрламайды" дегені бар. Демек, оларда да ұрлық өршіп тұр деген сөз. Солтүстік көршілерімізге сұқ саусағымызды шошайтып күлетіндей жағдай жоқ бізде. Ұрлық өзімізде де жетіп артылады. Сонда не болды бізге? Неге сонша ашкөзденіп кеттік? Өзімізден өзіміз ұрлайтындай, халықтың аузындағыны жырып жейтіндей басымызға не күн туды? Тіпті сонау ашаршылық, соғыс кезінде де қазақ мұндай қылмысқа бармап еді ғой. Өзге республикалардан жер аударылып келгендермен бір үзім нанын бөлісіп, жылы да жайлы төрін ұсынып еді ғой. Қазақтардың сол бір қиын кезеңдердегі қайырымдылығын, кеңпейілдігін өзге ұлттар осы күнге дейін ұмыта алар емес, ауыздарынан тастамайды. Бүгінгі күні қазақтың қаны мен жанында болған сол асыл қасиеттерге тіпті өзіміз де таңғалатын жағдайға жеттік. Өйткені сол бір таза ниетті қоғам, сол бір иманды жұрт жоғалып, көзден таса бола бастады. Сонда қалай, жемқорларды жүгендемей, біздің қол қусырып қарап отырғанымыз ба? Жоқ. Күрес жүргізілуде. Қоғам да қарап отырған жоқ, қоңыраулатып жатыр. Телеарналар сабақ болсын деп құрықталған жемқорларды жиі көрсетіп, жұрт алдында масқаралап, баспасөз жемқорлар туралы жазуға сөз таба алмай тілдері күрмелді. Билік те бір қаулыдан соң екіншісін қабылдап, жемқорларға қарсы "үшінші дүниежүзілік соғыс" ашқанмен айтарлықтай нәтиже көре алмай отырмыз. Полиция, сот, прокуратура аздық еткен соң Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік те құрдық. "Нұр отан" партиясы арнайы бағдарлама қабылдап, жергілікті жерлерде жемқорлыққа қарсы қоғамдық тірек бөлімдерін ашып, көпшілікті індетке қарсы күреске тартып та көрді. Елбасымыздың өзі осы мәселеге байланысты ордалы отырыстарда сыбайлас жемқорлықпен аяусыз айқасу керектігі жайында қайта-қайта қадап айтумен келеді. Ол аз болса, жақында "Ашық келісім" атты тағы бір судай жаңа жобаға жол аштық. Бұл жобаның ерекшелігі - кез келген ары таза азаматқа жемқорлықпен күресуге мүмкіндік, құқық беріледі. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықтың алдын алу департаментінің басшысы Әли Көмекбаевтың өзі мәлімдеді. Өкінішке орай, осыншама ауқымды шаралар қолға алынғанмен дәп осы күнге дейін жағдай біз күткендей түбегейлі өзгерген жоқ. Енді соның себеп-салдарларына көз жүгіртіп көрелік.СЕБЕП ПЕН САЛДАР
Жекелеген жемқорлардың жеті атасын түгендемей-ақ, алдымен өзіміз өмір сүріп отырған қоғамға назар аударалық. Капиталистік қоғам негізінен материалдық байлыққа негізделген. Байлы-бақуатты боламыз деген желеуді жалау ететінін есептен шығармауымыз керек. Бұл қоғамда қашанда жекелеген адамдар ғана байып, қалғандары өлместің күнін көріп келген. Жүйенің ұстанған жолы осы. Сенбесеңіз дамыған капиталистік мемлекеттердің тәжірибесіне үңіліңіз. Атақты Американың өзінде жұмыссыздықтан қайыршылық күн кешкен, көпір астында түнейтін мыңдаған кедейлерді қайда қоямыз? Осы ма дамыған мақтаулы елдердің сиқы мен сықпыты? Әлемде капиталистік жүйе үстемдікке ие болып тұрған кезеңде біз де одан қашып құтыла алмаймыз. Бірақ, демократиялық ашық қоғам құруға бет алған соң, әрбір адамның құқығын қорғайтын, өзіміз ерікті түрде қабылдаған Ата заңымызға сәйкес әлеуметтік, құқықтық мемлекет құруға міндеттіміз. Басты заңымыз бойынша адамдардың материалдық жағдайы ғана емес, оның рухани дамуы да қарастырылған. Рухани құндылықтарсыз біз ешқашан дамыған мемлекет бола алмаймыз. Біздің, біздің ғана емес бүкіл жүйенің жіберіп отырған басты кемшілігі де осы. Байыған адам одан әрі баий берсем деген үрдіс қалыптасқан. Тіпті олар байлығы жөнінен бір-бірімен жарысқа да түскен бе деп қаласыз. Бұл да заңдылық, адам психологиясы солай жаралған, кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейді. Тарихта байлық үшін қан төгістер тегін болған жоқ қой. Бірақ, соның бәрін қоғам болып, билік болып тежей білуіміз қажет. Сол үшін жемқорлыққа қарсы түрлі бағдарламалар қабылдап жатырмыз. Тағы бір кемшілік сол жап-жақсы бағдарламалардың нақты іске аспауында болып отыр. Өйткені қатаң бақылау жоқ және биліктегілердің бір бөлігі жең ұшынан жалғасып, жоспарларымызды орындауға жасырын түрде қарсылық көрсетуде. Бұл туралы құқық қорғау орындары да, жемқорлыққа қарсы күресетін қоғамдық ұйымдар сарапшылары да айтады. Осының бәрін заңдылық, адам психологиясы екен ғой деп қарап, үнсіз қалуға болмайды. Бізде неге ұрлық, кісі тонау, алаяқтық, адам өлтіру сияқты қылмыстар көбейіп кетті? Қылмыс атаулының түп-тамыры қайда жатыр? Осының бәрін бір ғана тәрбие жұмысының төмен деңгейінен болып отыр. Яғни, идеологиялық жұмыстар әлсіреп кетті. Дәлірек айтсақ біз ұлттық идеологиямызды ұмыттық. Неге ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ? Олай деуімізге толық негіз бар. Басқасын айтпаған күннің өзінде "Біреудің ала жібін аттама" деген бабалар даналығы далада қалды. Қазақ өз ұрпағын ұрлық жасамауға, алдамауға, үлкенді сыйлауға үйретіп, басқа бейәдептерден аулақ болуға тәрбиелеген. Ешкімде жоқ, қай жағынан алсақ та озық салт-дәстүр қалыптастырған. Қайда сол салт-дәстүрлер мен тәлім-тәрбие? Батыстың бізге жат үлгілері үңгіп кіріп, қазақы қасиеттерімізді құрдымға жіберді. Олардың қасақана бізге ұсынған атыс-шабыс, зорлық-зомбылық жайлы киноларын көрсетіп, қылмыскерлерді өзіміз дайындап жатырмыз. Тәрбие тал бесіктен басталатыны белгілі. Отбасында оң тәрбие алмаған бала өскен соң да оңбайды. Үйде "Анау қымбат көлік алыпты, мынау миллионер болып шетелден хан сарайын сатып алыпты" дегендей әңгіме естіп өскен баладан есті азамат шықпайды. Ол сол байларға ұқсауға тырысады, сол үшін ұрлыққа барады. Маңдай термен ақша тауып миллионер болу мүмкін емес екенін олар да тез түсініп алады. Міне біздің тәрбиеміз! Жемқорларды біз өз қолымыздан өсіріп отырмыз. Біз сол жемқорлықты өзіміз уағыздап отырғанымызды байқамаймыз, сөйте тұра қылмыс көбейіп кетті деп қынжыламыз. Біз әлемдегі ең әділ, ең ұлағатты Ислам дінін ұстанған халықпыз. Қасиетті құранымыз да жоғары адамгершілікті, қайырымдылықты тағы басқа бағалы құндылықтарды ұстануға шақырады. Қарап отырсақ, қазаққа Құдайдың өзі материалдық та, рухани да бар жақсылығын молынан ұсынған екен. Өкінішке орай, соны өзіміз пайдалана алмай жүрміз.ДЕРТКЕ ДАУА ҚАЙДАН?
Қандай дертті болмасын емдеу үшін алдымен диагноз қойылады, соған байланысты ем-дом жасалынады. Қоғамдық дерт те дәп сондай, оның нақты себептерін дөп табуымыз қажет. Соған сәйкес іс-шараларды белгілеп алғанымыз абзал. Әрине, заң тетіктерін толық пайдалану керек. Ол жағынан кемшілік жоқ сияқты, қылмысқа қарсы қатаң ережелер қабылданып жатыр. Нәтиже қайда? Жоқ. Сондықтан идеологиялық жұмыстарды қатар жүргізгеніміз дұрыс. Ол бір күндік, бір жылдық шаруа емес, тұрақты атқарылатын шара. Әрбір отбасында, әрбір мектепте, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында, бүкіл қоғамда орын алуы міндет. Демек, қазіргідей науқандық қана емес, бұл бағытта күнделікті жұмыс істеп, ата-баба аманатын аузымыздан тастамайтын ұранымызға айналдырғанымыз ләзім. Осыны қоғамның әрбір мүшесінің санасына сіңіруміз керек. Біз мемлекет құраушы негізгі ұлтпыз, осы жердің иесіміз. Елімізде мекендеген өзге ұлт пен ұлыстар бізге қарап сап түзейді. Ал біз қандай үлгі-өнеге көрсетіп отырмыз? Отанын сүйген әрбір қазақ азаматы өзге ұлттарға жақсы мағынасында үлгі болу керектігін жатса-тұрса есінде ұстаға тиісті. Өйткені біз Ұлы дала ұрпағымыз. Болашақ Мәңгілік елдің иесі, әлемдегі ең дамыған ұлт болуды мақсат тұтып отырмыз. Сол биік мұратқа жету үшін алдымен өзімізді өзіміз жөндемесек, ешкім сырттан келіп көмек бермесі анық. Біз тек қана өзімізге сенуге тиістіміз. Ортақ Отанымыздың гүлденуін, оның беделін бәрінен биік қоюға міндеттіміз. Жеке бастың қамын ғана ойласақ, бізді сыртқы жаулар жүндей түтіп, жүнжітіп жібереді. Ұлттық мүддемізді ойламасақ ертең-ақ егемендігімізден айырылып, ұрпағымыз өзгелердің құлы болады. Миллиардтаған долларды о дүниеге әлі ешкім алып кеткен жоқ. Әкеден қалған байлық балаға мұра болып жетістірмесі де белгілі. Қолдың кіріндей бір жуғанда жоқ болады. Ал ұлттық мұддеге жұмсалған материалдық, рухани байлық мәңгілік болып қалады, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып ауысады. Ол көбеймесе азаймайды. Соны неге ойламайды біздің жемқор атанып, елге жексұрын болған жекелеген адамдарымыз. Америкадан алтын сарай сатып алсаң да өзіңнің қазағыңның қараша үйіне жетпейтін неге білмейді олар? «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген бабалар сөзіне құлақ түріп, алдымызда өмір сүрген Алаш арыстарының ұлағатты өміріне неге бір уақыт көз салып, назар аудармаймыз. Қазақтың қанында қайнаған АР мен НАМЫС қайда? Отан үшін отқа түскен, жерін жұлмалатпай, бүтіндей ұрпағына аманат ету үшін қан төккен ата-бабалар аманатын қалай тез ұмыттық? Міне осының бәрі біздің идеологияның ұраны да құраны да, табан тірейтін негізі болуы керек. Оны еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жатқа білуге, үнемі жадында ұстауға тиісті. Сонда ғана біз өзімізді Ұлы дала ұрпақтары, Мәңгілік ел азаматымыз деп есептей аламыз.ҚАТТЫ ДА БОЛСА НАҚТЫ ҰСЫНЫСТАР
Бес саусақ бірдей емес, қоғам болған соң арасынан әртүрлі пиғылдағы адамдар шығары сөзсіз. Соған қарсы әрбір саналы азамат күресіп, өз үлесін қосуға міндетті. «Бір құмалақ бір қарын майды шіртеді» деген екен халқымыз. Қазақ қоғамынд ағылардың бәрін ұры, жемқор, шетінен шектен шыққан басбұзар, қылмыскер деуден аулақпыз. Құдайға шүкір, саналы, білімді, жігерлі азаматтарымыз де жетерлік. Біздің қалың оқырмандарымыз да ортамызда орын алып жатқан олқылықтарға, кемшіліктерге бейжай қарамайды. Олар да оны түзетудің жолдарын сілтеп, шама-шарқынша пайдалы болар-ау деген пікірлерін айтып жатады. Енді солардың ұсыныстарына құлақ түріп көрелік. Бірінші: Атадан балаға мұра болып қалған ұлттық салт-дәстүрімізді сөз жүзінде емес, іс жүзінде қайта жандандырып, тілімізді өзінің тиесілі тұғырына көтеріп, ұлттық идеологияға бет бұру. Телеарналардан шетелдік кері тәрбие беретін көрсетілімдердің көзін түгелдей жойып, ғаламтордағы бетімен кетушілікке тосқауыл қою. Екінші: Әрбір түрлі деңгейдегі әкімдер мен министрлер қызметке тұрарда қасиетті Құранға қолын қойып, Отан үшін, халқы үшін адал қызмет етуге ант берсін. Заңға иілмесе де Құдайдан қорқатын шығар. Қылмыс жасаған шенеунікті өмір бойы мемлекеттік қызметтің маңына жолатпай, ұрланған қаржыны қайтарып, түрмеге тығу қажет. Үшінші: Қоғамда шын мәніндегі ашықтықты қамтамасыз ету. Ол үшін Үкімет, Парламент, әкімдік жұмыстарын әсіресе маңызды мәселеге байланысты жиналыстарды тікелей эфир арқылы халыққа жеткізу. Бізде кейбір арналар тәулік бойы сақина-сырғаларды жарнамалайды, одан қалды түкке тұрмайтын тәуіптердің ем-домын жүргізеді. Ал маңызды мәселелер назардан тыс қалады. Жаңағы жарнама мен емшілердің орнына тәрбиелік мәні бар көрсетілімдерді шығарып, әсіресе ұлттық құндылықтарға басымдық беру керек. Төртінші: Ешкім де анасынан миллионер болып туылмайды. Қырық жасына жетпей миллионер болу мүмкін емес. Ондай байлардың саны тым көбейіп кетті. Біздегі Декларация туралы заң кешігіп жатыр. Ол біреулерге тиімсіз екені белгілі. Сол заңды шұғыл қабылдап, оған қоса қолындағы байлықтың қалай келгенін тексеру жүргізу аса қажет. Ұрлықпен табылған қаржыны халыққа қайтарып, мемлекет мүддесіне жұмсау. Бесінші: «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» демекші, бақылау, тексеру жұмыстарына қоғамның қарапайым, билікпен былықпаған мүшелерін тарту. Әсіресе, тәжірибесі мол зейнеткерлердің арасында мықты мамандар жетерлік. Біздегі қылмысты жасайтын да тексеретіндер бір жерден болып шығады. Сондықтан да көптеген бағдарламалар нақты орындалмай жатыр. Міне, бұл көпшіліктің жолдаған ұсыныстарының бір бөлігі ғана. Қарап отырсақ қоғамдағы кемшіліктерді жоюға арналған таза тілек пен пайымды пікірлер. Несі бар, «келісіп пішкен тон келте болмас» демекші бұл ұсыныстар да бір кәдемізге жарап қалар. Құдай, қара басының қамын ғана жеп, үндемей үйден пәледен құтылғандардан, бойкүйездіктен сақтасын делік. Адамдарымыз белсенді болса қоғам да беделді, абыройлы болады. Мемлекетеміздің қуатты, еліміздің әлемде беделді болуын қалайтындардың саны арта берсін деп тілейік...Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz