ЕСЕБІ БҰЛЫҢҒЫР БАНКТЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІН МАЙШАММЕН ҚАРАУ КЕРЕК
2015 ж. 16 қараша
2675
1
Еліміздегі екінші деңгейлі банктердің несиелік саясатын қайта қарау керек. Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов осындай ұсыныс айтты.
Заң жобасын талқылау барысында, алдағы уақытта Дүниежүзілік банк шағын бизнес субьектілерінің өкілеттілігін жоғарылату үшін 200 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі кредиттік желі ұсынатыны мәлім болды.
«Ұлттық банк өкілінің сөзіне қарағанда алдағы уақыттарда әлгі 200 млн. доллар алатын қазақстандық 4 немесе 6 банк айқындалады. Мемлекет осындай халықаралық қаржы мекемесінен үлкен мөлшерде қарыз алады, сосын оны екінші деңгейлі банктердің орнықты қызметін сақтау үшін сеніп тапсырады. Ал қарызды қайтару Ұлттық қордан, халық төлейтін салықтан құралып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда бізге екінші деңгейлі банктердің несиелік саясатын қайта қарайтын кез жетті», - деді сенатор С.Еңсегенов.
Қазақстанда жұмыс істейтін екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемелері 1-ден 28 пайызға дейін құбылады. Сенатор тиімді 18 пайыз деп айтылған банктердің өзінде несие 21 пайыздан кем берілмейтінін ашып айтты. Сосын теңгемен емес, доллармен несие алуға итермелейтін жағдайдың белең алғанын да еске салды.
«Сондықтан да, екінші деңгейлі банктердің несиелік саясаты шағын және орта бизнеске қиындық туғызып отыр деп санаймын. Мемлекет банктерге қолдау көрсетіп жатқанда олар да экономиканы дамытуға көмектесулері керек», - деді С. Еңсегенов.
Сенатордың ойы орынды, сөз саптауында кемшілік жоқ. Келесі жолы «Осы біз араны ашылған банктердің жұмысын неге реттей алмай отырмыз? Кім оларды қолдап, қорғап отыр?» деген сұрақты көтерсе деген ұсынысымыз бар халық қалаулысына. Ол үшін сол банктердің қағаз жүзіндегі емес, шын мәніндегі иелері мен үлескерлерін анықтап алу керек. Бәлкім, олар өздеріңіздің орталарыңызда немесе биліктің бір кең кеңсесінде отырған шығар. Сол кезде көзбе-көз өзінен «Бұларың не, халықты жоғары пайызбен қанап, қайыршы етіп біттіңдер ғой!» деп бетіне айтуға болады. Әйтпесе, жасырынып жатқан жаумен сырттай соғысқаннан ештеңе өнбейтін түрі бар.
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті