АЛМАТЫДА «ТІРКЕМЕ ҚҰРЫЛЫС» ҚАШАН ТОҚТАТЫЛАДЫ?
2015 ж. 16 қараша
1895
1
Оңтүстік астанада жанармай бекетінің құрылысын бастаған мердігерлермен жаға жыртысуға дейін барған жұртты Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов келіп әзер тоқтатты.
Тұрғындар үйлерінің дәл іргесінде басталған құрылысқа түбегейлі қарсы. Ал жанармай бекетінің иесі қаланың бұрынғы әкімдерінен алған рұқсатын енді жаңа басшыларға қайта дәлелдеуі тиіс. Оған дейін құрылыс уақытша тоқтатылды.
Жаңа нысан көпқабатты үйлердің дәл алдына салынып жатыр. Тұрғындар бекет іске қосылса, жанармай исімен тыныстап, денсаулығымызға қауіп төне ме деп қауіптенеді. Құдай бетін аулақ қылсын, егер бекет отқа оранса, жарылыстан бұл маңайда жан баласы тірі қалмауы мүмкін. Ұлбосын Жақанқызы, Назгүл Сарыбаева секілді тұрғындар бұл барып тұрған бассыздық, адам өміріне көпе-көрнеу қауіп төндіру дейді.
– Құрылыс иесіне тапсырма берді. Құжаттарының заңды-заңсыз екенін тексеріп біткенше құрылыс жүрмеуі керек. Құжаттардың бәрін тексеріп, қаланың әкімі бұл нысанның құрылысы бойынша шешім қабылдайтын болады, – деді КТК телеарнасына сұхбат берген Алматы қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтілеу.
Қарап отырып қайран қаласыз. Аталмыш жағдайға қарасақ, мердігер қаланы аралап жүріп, мына тұсқа келгенде жерді теуіп-теуіп жіберіп, осы жер жарайды екен деп құрылысты бастап жібергенге ұқсайды. Біздегі заң бойынша кез келген құрылыс Сәулет және қала құрылысы басқармасының рұқсатынсыз басталмайды. Есі дұрыс адам рұқсатсыз үлкен нысан түгіл, дәретхана құрылысын да салмайды. Ол үшін жылдар бойы жүгіріп жүріп жүздеген құжат жинау қажет. Мысалы, қазір рақымшылыққа байланысты бұрын салған баспаналарын заңдастыра алмай жүргендер қаншама. Біресе су қорғау аймағында, «біресе ауы жоқ, біресе бауы жоқ» деген сылтауды айтып, жұртты зыр жүгіртіп жатыр. Ал көзге көрініп тұрған заң бұзушылыққа үн-түнсіз рұқсат береді. Осы салаға тікелей жауапты шенеуніктің айтып тұрғаны жаңағыдай. Олар бұл жерде жанармай бекеті салынатынынан мүлдем бейхабар адам сияқты сөйлейді. Құрылыстың сақталуға тиісті өз заңдылықтары, өз ережелері бар емес пе? Басқармадағы білдей мамандар соны да білмегені ме? Әлде жанармай бекетін салуға олар мына жерде тұрғын үйлер атымен де, затымен де болмаған кезде рұқсат берген бе? Олай дейін десек мына үйлер атамзаманнан бері қалқиып тұр. Оны көрмей қалу мүмкін емес. Осы жерде «Рұқсат алу үшін олардың алақанын майлаған ба?» деген күдік амалсыз ойға келеді.
Алматыға жаңа әкім келіп жұрт жақсылық лебін сезгендей бәрі соған үлкен үміт артып отыр. Қаладағы құрылыс саласындағы былықтарды, бәлкім, жаңа әкім тоқтатын шығар деген сенімдері бар. Шынында Алматы қаласын аралап көріңізші. Тұрғын үйлерге тіркеліп салынған құрылыстардан аяқ алып жүре алмайсыз. Кафе, мейрамхана, дүкен сияқты сауда орындары тұрғын үйлердің «төбесіне мініп» алған. Егер сол тіркемелерден өрт шыға қалса, қасындағы жазықсыз жандар жапа шегері сөзсіз. Тіпті, ауладағы балаларға арналған ойын алаңдарына дейін құрылыс басып алды. Ұлтарақтай бос жер көрсе, келіп қона кетеді. Онсыз да ауасы тар қаладағы үйлердің арасынан адам жүру мүмкін болмай қалды. Бұның бәрі заңсыздық. Осы күнге дейін, жаңа әкім келгенше қаламызда Сәулет және құрылыс басқармасы деген мекеме мүлдем болмаған ба? Болса мынандай қауіп-қатері мол нысандарды тұрғын үйге тіреп салуға қалай рұқсат беріп жүр? Сонда қалай, әрбір үйдің құрылысын қала әкімі келіп міндетті түрде өзі тексеруі керек пе? Олай болса аталмыш басқарманың қажеті қанша, қысқартуға жіберу керек қой. Ондай шенеуніктер қалай ғана мемлекеттік қызметте жүр? Олар неге жауапқа тартылмайды? Мұндай бассыздықтың жолына бөгетбаған қойыла ма? Қаладағы «тіркеме» нысандарды тексеру жұмысы жүргізіле ме? Тұрғындар осындай талап қойып отыр. Бұған қала басшылығынан қандай жауап болар екен?..
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті