Есімі белгісіз кәсіпкер 240 науқас балаға мүгедек арбаларын сыйлады (фото)
2015 ж. 13 қараша
2764
0
Есімі белгісіз алматылық кәсіпкер 240 науқас балаға тегін мүгедек арбасын сыйлады. Тегін сыйлықтан алаяқтар да пайда көрмек болған. Бұл туралы атын айтудан бас тартқан кәсіпкердің көмекшісі NUR.KZ- ке хабарлады.
«Балаларға арналған мүгедек арбасын тарату жұмысы маған тапсырылды. 1 ай ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысының ауруханаларын, емдеу мекемелерін аралап мұқтаж жандарға арба тарту еттік. Ата-аналар мен балалардың қуанғанын көрсеңіз, сөз жетпейді. Біз басында 240 дананы Республика бойынша таратамыз деп ойлағам. Шын мәнісінде науқас балалар елімізде өте көп екеніне енді көзім жетті. Барлық арба тек Алматыдан артылмай қалды. Бұл істі біз жарнама үшін жасамадық. Сондықтан да кәсіпкердің атын атамаяқ қояйын. Ол қарапайым құрылысшы», – деді кәсіпкердің көмекшісі.
Арба таратушы ізгі істі жасауда небір алаяқтарды кезіктіріп, жағасын ұстап отыр.
«Маған хабарласып, бізде ауру балалар көп, 20-30 дана арба бересіз бе деп сұрады. Жарайды берейін, балалардың тізімі мен диагнозы жазылған мәліметті көрсетіңіз десем, үн жоқ, телефонын өшіре салды. Ауру баланың несібесінен де пайда көргісі келетін азаматтар жеткілікті екен. Олар арбаны тегін алып, ақшаға сатпақ болғаны анық. Ал мен науқас жеткіншекті көзіммен көріп, арбаны тек жақын туысына ғана бердім», – дейді ол.