«Ақ жол» ұсынды, Ақышев не дейді?
2015 ж. 10 қараша
1970
0
Соңғы күндері Ұлттық банктің жаңа төрағасының тағайындалысымен іле-шала доллар бағамының күрт көтеріліп, 300 теңгеден асып жығылуы қарапайым халықты қатты алаңдатып отыр. Оның үстіне ескі төраға Қ.Келімбетовтің тұсында зейнетақы қорындағы халықтың қаржысын екінші дәрежелі банктерге беру туралы шешімнің түрлі әңгімелерге азық болғаны анық. Осыған орай, «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев Ұлттық банктің жаңа төрағасы Данияр Ақышевқа ресми хат жолдады.
Мұндай хат бұған дейін Келімбетовке де жолданған болатын. Онда Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы халықтың қаржысын екінші дәрежелі банктердің депозиттеріне, құнды қағаздарға орналастыруға байланысты алаңдаушылық білдірген. Бір қызығы, аталған банктерге берілген қаржы сол банктердің өздерінің жеке капиталынан асып түседі. Бұл дегеніңіз, үлкен тәуекел емес пе?
«Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы сондай-ақ, зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалануда ашықтық пен тиісті бақылаудың болуын және оны экономиканың нақты секторына бағыттауды ұсынады. Ал, нақты экономиканың өзі мұндай қаржыны аса қажет етіп отырғаны белгілі.
Сонымен қатар, «Ақ жол» партиясы несиені теңгемен берудің кейбір мәселелеріне байланысты да өзінің келіспеушілігін білдіреді. Көптеген банктер қазір несиені доллармен рәсімдейді немесе шетел валютасынының бағамымен есептейді. Мұндай жағдайларда пайыздық үстеменің аспандап көтерілуі бизнеспен айналысуда тиімсіз болуы заңдылық. Осыған орай, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы валюталық тәуекелден сақтандырудың тиімді механизмдерін қалыптастыруды ұсынып отыр. Оның ішінде, Ұлттық банкке «Теңгені АҚШ долларының бағамына байлап қоюдан бас тарту» жөніндегі ұсыныс та бар.
Сонымен, жаңа төрағаға ресми хат жолданды. Д.Ақышев «Ақ жол» партиясы депутаттық фракциясының бұл ұсыныстарына құлақ аса ма, әлде алдыңғы төраға секілді үнсіз қала ма, оны уақыт көрсетеді.