Жаңбырбай Доспаев: Маңғыстауда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді
2015 ж. 03 қараша
2976
0
Маңғыстау-экономикалық әлеуеті жоғары, еліміздегі инфрақұрылымдардың барлық түрімен байланысқан, шетелдік және отандық инвесторлардың қаржы құюына қолайлы мұнайлы аймақ. Алайда қордаланып жатқан мәселелер де аз емес. Біз бүгін Маңғыстау облысы кәсіпкерлер Палатасының директоры Жаңбырбай Доспаевпен осы және өзге де тақырыптар жөнінде ой бөлісіп, сұхбаттасқан едік.
– Жаңбырбай Сұлтанұлы, жыл басынынан осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз?
– Алдымен әлеуметтік бағытқа тоқталғым келіп отыр. Бүгінгі күні 14 кәсіптік техникалық колледж облыстағы 26 кәсіпорынмен дуалды білім беру саласында («кәсіпорын-колледж-студент» қағидаты бойынша) үш жақты ынтымақтастық шарттарына қол қойды.Кәсіпорындар 15 мамандық бойынша кәсіптік кадрларды даярлауға ниет білдірді. Іс-тәжірибеден өту шарттарына 402 студент қол қойды.Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының ықпалды қатысуымен «Ақтау Мұнай Электронды Компания» ЖШС және үш колледж арасында жас мұнайшыларды даярлау жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Колледждерге жетекшілік ету туралы екі шарт жасалды. Ірі ксіпорындар жанынан кадрлар біліктілігін көтеру бойынша 2 оқу орталығы құрылды: «Марин Болашақ» ЖШС жанында және «Профессионал» «Берекет-Ф» ЖШС жанында. Дуалды оқытудың жол картасына 6 сала бойынша 10 колледж кірді.
Жыл басынан бері Палата жәрдемімен 5 278 358 теңге сомасына салық органдарының үстеме есептеулері және өзге де талаптардың күші жойылып, кәсіпкерлер пайдасына өндірілді. Жалпы сомасы 309,8 млрд теңгеге жергілікті мазмұнды дамыту бойынша 105 ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Меморандумдар аясында жалпы сомасы 287,2 млрд. теңгеге 315 коммерциялық шарт жасалды (меморандумдардың жалпы санынан 92,7 %). Палата өкілдерінің қатысуымен бақылаушылар ретінде ірі мұнай өндіруші компаниялардың сатып алулары бойынша 17 байқау өткізілді. Тендерлік комиссия тарапынан бір заң бұзушылық анықталды.
Тариф белгілеу мәселелері бойынша 5 өтініш қаралып, оның ішінде 4 өтініш (80,0%) оң шешім тапты. Палата 6 сараптама кеңесіне және қоғамдық тыңдауға қатысып, олардың барысында «Атамекен» ҚР ҰКП атынан тариф белгілеу механизмін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізілді. Өңірлік индустрияландыру картасына енгізу үшін құны 10 млрд теңгеге дейінгі 16 инвестициялық жобаға талдау жасалды. Барлық жобалар бойынша сараптамалық қорытынды жасалып, Маңғыстау облысы әкімдігіне ұсынылды. Тікелей инвестициялар тарту жұмысы жалғасуда. Қазірде Франция, ҚХР, Иран, Ресей, Түркия, Румыния, Әзербайжан, Индонезия және басқа да елдер елшіліктерімен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Палата тауардың шыққан тегі туралы 744 сертификат берді, соның ішінде: СТ-КZ нысанындағы ішкі айналымда - 397, экспортқа - 374. Жергілікті әкімдіктердің нормативтік-құықтық актілері жобаларына 59 сараптамалық қорытынды даярланды.
– Білуімізше кәсіпкерлер Палатасының жанынан ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы елімізде ең ірісі саналады, ол несімен ерекшеленеді?
– Расында да ғимарат еліміздегі ең ірі орталық болып табылады. Біз ешкіммен жарыспаймыз. Біздің міндетіміз-іскер азаматтарға қол ұшын беру және де бұл дұрыс қадам болды, себебі осының барлығы кәсіпкерліктің дамуы үшін жасалып отыр. Орталықтың ашылу салтанаты үстіміздегі жылдың 7 маусымында өтті. Ашылу рәсіміне «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ компаниясының жауапты тұлғалары, «Empereal» компаниясының басқарушы директоры Манож Дивакаран тұлғасындағы инвесторлар, банктер, өңірдегі даму институттары мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы өңірдегі шағын және орта бизнестің сапалық және сандық тұрғыдан өсуіне септесері сөзсіз, ал бұл өз кезегінде бүкіл облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуынан жағымды көрініс беріп, кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі. Маңғыстаулық КҚКО үш қабатты ғимаратының жалпы алаңы 4000 шаршы метрді құрайды. Мұнда ортақ тіркеу орны (ресепшн), үлкен операциялық зал, оқытуға арналған екі конференц-зал, кең кабинеттер, ісін бастаушы кәсіпкерлерге арналған бизнес-инкубатор, асхана бар. Тіркеу орнының жанында терминал орнатылған, ол бойынша әрбір клиент өз кезегіне он-лайн тіркеуден өте алады. Операциялық залда консультанттар бизнесмендерге заңгерлік мәселелер, ақпараттық технологиялар, мемлекеттік сатып алулар, бухгалтерлік, салықтық және статистикалық есептер, сапа жүйелерін енгізу, кедендік процедуралар, маркетинг, менеджмент және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша тегін сервистік қызметтер көрсетеді. Ісін бастаушы кәсіпкерлер үшін жалпы ауданы 90 шаршы метрді құрайтын «Коворкинг-орталық» көзделген. Бизнес оқыту 80 адам сиятын жабдықталған конференц-залда өткізіледі. Орталық маңғыстаулық кәсіпкерлерге зор қолдау көрсетеді. Форумдар, семинар-тренингтер, экономиканың түрлі салаларында бизнес жүргізу мәселелері бойынша іс-шаралар үнемі ұйымдастырылып тұрады. Бұл кәсіпкерлер үшін, және де, ең алдымен, өз уақыты мен басқа да ресурстарды үнемдей отырып сапалы консалтингтік қызмет ала алатын ауылдық бизнесмендер үшін жаңа мүмкіндіктер береді.
– Орталық арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткізген кәсіпкерлер туралы нақтырақ айта аласыз ба?
– Бір ғана мысал келтірейін. Ақтаулық кәсіпкердің ірі көлемдегі тендерді жеңіп шығуына біздің Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы көмектесті. Өзіңіз білетіндей, қазіргі уақытта "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС табысты оңтайландыру әрі шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында меншік құқығын өзіне қалдыра отырып, автоқұю бекеттерін жеке меншіктегі серіктестеріне беруді жалғастырып жатқаны белгілі. Ал жеке меншік кәсіп иесі АҚБ басқаруға алады да, "ҚазМұнайГаз Өнімдері" өнімдерін ғана сатады. Ақтау тұрғыны Ержан Сағындықов та осындай мүмкіндікке ие болды. Жеке кәсіпкер tender.sk.kz сайтына тіркеуден өтіп, автоқұю бекетін ұстау жөнінде қызмет көрсетуге жарияланған ашық тендерді көзі шалады. Алайда кейбір тұстарды толық түсінбей, Кәсіпкерлерді қолдау орталығынан кеңес сұрап, мамандардан мемлекеттік сатып алу байқауына қалай қатысу керектігін, құжаттама дайындау жолдарын білуге бекінеді. Кәсіпкерлерді қолдау орталығының ҚР ұлттық компаниялары мен жер қойнауларын пайдаланушылары мемлекеттік сатып алулары мәселелері жөніндегі менеджер-консультанты Мұзафар Чалабаев байқау құжаттамаларын зерттеп шығып, кәсіпкердің ашық тендерге қатысуға қажет құжаттар тізімін сұратқан. Бұл өтінімді қамтамасыз ету, ЖК тіркеу туралы куәлік, салық қарыздары туралы анықтама, өртке қарсы қауіпсіздіктен өту сертификаты және т.б. Барлық қажет құжаттарды жинап болған соң ашық тендерге қатысуға өтінім беріледі де, бір аптадан кейін тендер қорытындысы белгілі болады. Нәтижесінде жергілікті кәсіпкер 27 млн. 600 мың теңгені құрайтын тендерді жеңіп алды. Естеріңізге сала кетейін, бизнесмендерге арналған сервистік қызметтердің «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ұсынылып отыр. Мемлекет кәсіпкердің заңгер, бухгалтер және басқа да мамандарға кететін шығындарын өз мойнына алады, сондықтан да бизнесті қолдау барынша пайдаланылуға тиіс.
– Жаңбырбай Сұлтанұлы, жасыратыны жоқ, көптеген кәсіпкерлер үшін кәсіп ашудың бірден-бір жолы қолда қаражаттың болуы, алайда олар ақшаны негізінен банктерден алғанды жөн санайды. Алайда көптеген банктер түрлі сылтау айтып несие беруге асықпайды, бұған не айтар едіңіз?
– Толықтай келісемін. Расында да, өз ісін бастағысы келетін іскер азаматтар арамызда аз емес. Алайда барлық мәселе қаражатқан тірелетіні белгілі. Бір емес, бірнеше банктің есігін тоздырдық деп шағым айтып келетіндер көп. Жалпы кәсіпкерлер Палатасы бизнесмендер қатарының көбейгендігін расымен де қалайды. Бұл ретте біздер талдау жүргізіп, жаңа әдіс ойлап таптық. Ақтаудағы екінші деңгейлі банктердің 14 филиалымен меморандумға қол қойдық. Бұдан былай, банктер кәсіпкерлердің жобаларын үш жұмыс күні ішінде қарап, кредитке берілген өтінімдерді қарап, біздің менеджерлері хабардар ететін болады. Өткен жұмада кәсіпкерлер палатасында үш банк - «Цеснабанк», «Астана-финанс» және «Delta Bank» филиалдары ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Қалған 11 екінші деңгейлі банктер келісімге қараша айының аяғында қол қояды, бұлар «Fortebank Банк ВТБ», «Halyk Bank», «Банк ЦентрКредит», «АТФ Банк», «Нұрбанк», «Альфа банк», «Казкоммерцбанк», «Сбербанк», «AsiaCredit Bank», «Евразийский банк» және «RBK Bank». Біздің қызметкерлер кәсіпкерлердің банктерден кредит алуы үшін қажет құжаттарды дайындап береді.
Бұл - бизнес-жоспарлар, қаржылық есептер, заңгерік құжаттар және басқалары. Бұдан кейін құжаттар жиынтығы электронды форматта 14 банк филиалы мен «ҚазАгро» үш қаржы институтына бір уақытта жіберіледі.Банктер өз кезегінде үш жұмыс күні ішінде жобаларды қарап, КҚКО ең тартымды консультанттары жайлы хабарлап отырады. Бұл механизм қаржылау процесін жылдамдатып, бизнесмендер уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Мұндаймеханизмдіәзірге тек біздің Палата ойластырып, жүзеге асыра бастады.
– Шетелдік инвесторлар ұсынған тартымды жобалары бар ма?
– Аз емес. Оның әрқайсысына тоқталудың қажеті жоқ деп санаймын. Бір ғана мысал айтып берейін. Жуырда ғана біздің кеңсеге шетелдік инвесторлар келіп, өздерінің ұсыныстарымен бөлісті. «INCONEX-COM» Өнеркәсіптік-құрылыс холдингі голландиялық ірі «BETONIQ» құрылыс компаниясымен серіктесе отырып, Маңғыстау облысында мазутталған топырақты бейтараптау және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, сондай-ақ қолжетімді баспана салуды жоспарлауда. Холдингге кіретін компаниялар тобының бірі қатты тұрмыстық және мұнай-химия қалдықтарын қайта өңдеу саласындағы кәсіпорын болып табылады. Компанияның штаб-пәтері Румынияның астанасы – Бухарест қаласында орналасқан. Холдинг өз жобаларын Таяу Шығыста, Африкада және бірқатар еуропалық елдерде табыспен жүзеге асыруда. Инвесторлар қоршаған ортаны қорғауға қатысты, мазуттанған топырақты бейтараптандыру және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселелері бойынша «ӨзенМұнайГаз» АҚ басшылығымен, Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдерімен, қайта өңделген қоқыс және мұнай шламдары түріндегі балама отын түрлерін енгізу және кәдеге жарату бойынша жоба зерттемесі бұрыннан жасалып қойған «КаспийЦемент» - HeidelbergCement цемент зауытының Қазақстандағы бас директорымен кездесу өткізді. Өкінішке орай,аталмыш жоба цемент зауыты үшін сәтсіз болып табылады, себебі олар цемент өндіру саласына маманданған. Осыған байланысты, ынтымақтастығымыз пайдалы болады деп есептеймін. Ақтауды кездейсоқ таңдап отырған жоқпыз, өйткені мұнда мұнай-газ кен орындары көп, құрылыс жұмыстары қарқынмен жүріп жатыр.Инвесторлар жүзеге асырмақшы болып отырған тағы бір жоба қолжетімді бағамен тұрғын үйлер салуға байланысты. Көптеген маңғыстаулықтардың қолжетімді баспанаға зәру екені құпия емес. Бізде баспана құны бүгінде, өкінішке орай, айтарлықтай жоғары. «INCONEX-COM» холдингі құрылыс материалдарының энергия үнемдеуші түрлеріне назар аудара отырып, мүлдем жаңа технология бойынша үй салуды ұсынды. Олар «BETONIQ» құрылыс корпорациясы дайындаған технологияны қолданады. Корпорация жабдықтарының бір бөлігі Германияда өндіріледі, каркастық арматурадан бастап, бетон құюға дейін, және де күллі оқшаулану толығымен автоматтандырылған. Үйлер панельден жасалады.Ұсынылып отырған технология жаңалық емес. Алайда жылуды оқшаулауға арналған материалдардың электр қуаты мен жылуды үнемдеуге мүмкіндік беруімен ерекшеленеді. Яғни бұл ыңғайлы, шу естілмейтін, сыртынан сәндік панельдермен қапталған үйлер. Егер бір үйдің құрылысын сөз етер болсақ, онда 100 шаршы метрді бір-ақ күннің ішінде салып шығуға болады екен. Бұл ұсыныстарды біздер алдағы уақытта мұқият талқылап, нақты бір шешімге келетін боламыз.
– Қазіргі уақытта әкімдіктер жанынан құрылған консультативтік-кеңесу органдары қатарында50% бизнес өкілдерініңболуы шарт. Маңғыстау өңірінде бұл көрсеткіш қай деңгейде?
– Бұл өте маңызды тақырып. Жуырда ғана осы мәселені кәсіпкерлер Палатасы өңірлік кеңесінің мүшелерімен талқылаған едік. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы қалалары мен аудандарындағы түрлі комиссиялар жанынан құрылған консультативтік-кеңесу органдарында бизнестің 11 өкілі ғана бар, ал 36 органда олар мүлдем жоқ. Осылайша, көптеген шешімдер бизнестің пайдасына қабылданбай жатыр деген ой туындайды. Бұл әкімдіктердің комиссияларда бизнес өкілдерін көруге мүдделі еместігі жайынан хабар берсе керек. Маңғыстау обылысы әкімдігі мен өңірлік Кәсіпкерлер палатасы арасында жасалған кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес, бизнес өкілдері облыс әкімі жанындағы 20 консультативтік-кеңесу органына қатысады. Соның ішінде 8 ең маңызды Консультативтік-кеңесу органында бизнес өкілдері 50%-дан астам орынға ие. Бұған дейін біздер Маңғыстау облысы қалалары мен аудандарының әкімдіктеріне ККО-ға бизнес өкілдерін кіргізу туралы ұсыныстар жіберілген. Алайда, Бейнеу ауданынан басқа комиссиялар бойынша бизнес өкілдері кіргізілмеген. Аталмыш мәселеге мүддесіз кейбір әкімдердің ұстанымдары түсініксіз күйінде қалып отыр.Мәселен, Маңғыстау ауданында ӨКП-ның бизнес өкілдерін 5 ККО-ға кіргізу туралы ұсынысы еленбеген. Мұнайлы ауданының әкімдігі бизнес өкілдерін Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптау кеңесіне кіргізген, ал қалған 5 ККО бойынша Палатаға ақпарат берілмеді. Түпқараған ауданының әкімдігі 6 ККО ішінен бизнесмендерді үшеуіне ғана кіргізіп, бұған қалғандарының консультативтік-кеңесу органына жатпайтынын желеуретіп отыр. Қарақия ауданындағы жағдай да осындай. Жаңаөзен қаласында әкімдік кәсікерлерді тек жер комиссиясына қосқан, ал Ақтау қаласының әкімдігі – 14 ККО-дан тек үшеуіне. Жалғыз Бейнеу ауданында ғана Палатаның барлық 3 ККО-ға бизнес өкілдерін қосу туралы ұсынысы еленген.Дегенмен, өңірлік кәсіпкерлер палатасы берілмек емес және бизнес өкілдерін барлық комиссияларға қосуға қол жеткізбекші. Өңірлік кеңес мүшелері аталмыш мәселені облыс әкімі Алик Айдарбековпен талқылаймыз деп шешті. Қалалар мен аудандар әкімдерінің жергілікті жерлерде тапсырмаларды атүсті орындап жүргенінің себебі алдағы уақытта анықталатын деп үміттенеміз.
– Келер 2016 жылы кәсіпкерлерді қандай жағымды жаңалықтар күтіп тұр?
– Жаңалығымыз аз емес. Маңғыстаулық кәсіпкерлер келер 2016 жылдан бастап қызметтерді «онлайн режимде» алады деген сенімдеміз. Бүгінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына 564 субъект жүгініп, оларға 800 қызмет көрсетілді. Мәселен маркетинг бизнес-жоспар жазуды көздейді және де 90% жағдайда ол кәсіпкерлерге кредит алу үшін қажет. Талдау көрсеткендей 80% жағдайда бизнесмендердің құжаттары түрлі себептермен қабылданбай, банктерден ақша ала алмай жүргенін көрсетті.Қазір кәсіпкерлерді тіркеу процесін автоматтандырамыз деп шештік. Ол үшін әділет органынан деректер базасын алдық, оны тіркеу терминалына таңамыз. Осыдан соң ЖСН енгізсеңіз жетіп жатыр, өтінім автоматты түрде қалыптасады. Құжаттарды тіркеу процесін автоматтандыру ресімдеу уақытын 20 минуттан 1 минутқа дейін қысқартады, оның үстіне, бағдарлама қызметтер бойынша есептерлі автоматты түрде жасақтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек сұрақ-жауап форматында, онлайн режимде консультативтік қызметтер көрсету жөніндегі бағдарлама әзірленуде. Аталмыш бағдарлама 2016 жылы жүзеге асырылады. Бір айта кететіні, Маңғыстау облысы КП жанындағы КҚКО аталмыш ноу-хауды алғаш ашушы болғалы отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік акт, пайдалануға беру актісі, құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат, техникалық шарттар және т.б. сияқты рұқсат ету құжаттарын қабылдау және беру бойынша «бірыңғай терезе» ашуды ұсынып отырмыз.Аталмыш жаңалықты енгізу құжаттарды қабылдау кезінде кедергілердің қай сатыда туындайтынын, кімнің әуреге салып жүргенін, қандай заңнама бұзылатынын түсінуге мүмкіндік береді. Яғни бұл өзінше бір сүзгі болады, және де ақпарат та комиссия мүшелеріне бизнесмендер құқығына қысым жасайтын шенеуніктерге қатысты шара қолдану мақсатында жеткізіледі.
– Бизнес ашу үшін жер телімін алу қажет. Бұл ретте жер телімін алып беру жөнінде ықпал етуді сұрап келетіндер көп шығар?
– Осыдан бір ай бұрын, жер телімдерін бөлу процесінде кәсіпкерлерде туындайтын түйткілдерге арналған жиналысты Палатаның алаңында өткіздік.ҚР Жер кодексі нормаларына сәйкес жергілікті атқару органдары бас жоспарлардың бекітілген схемалары, егжей-тегжейлі жоспарлау жоспары, елді-мекендердің инженерлік коммуникациялары схемалары жөніндегі ақпаратты жариялап орналастыруға міндетті. Бұл деректер тоқсанына кем дегенде бір рет жаңартылып отыруға тиіс.Кодексте сонымен қатар жерді пайдалану құқығы берілуіне мүдделі тұлғалардың облыстағы жергілікті атқару органына «электронды үкімет» веб-порталы арқылы немес халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өтініш беретіні көрсетілген. Біздің анықтағанымыз, бұл норма Маңғыстауда орындалып жатқан жоқ – өтініштер веб-портал көмегімен де, ХҚКО арқылы да қабылданбайды. Жергілікті атқару органдары сонымен қатар интернет-ресурсқа бос жатқан жер телімдері туралы ақпарат салмайды.Елді мекен шегінде жатқан және сауда арқылы (байқаулар, аукциондар) құрылысқа арналған жер телімдерін беру туралы норма да «жұмыс жасамайды». Түсініксіз себептермен Маңғыстау облысында бірде-бір аукцион өткізілмеген. Жер телімін алып, жеке бизнес ашқысы келетін кәсіпкерлер мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмай отыр. Жергілікті атқару органдарының жер телімдерін сату немесе жалға беру жөніндегі аукционды жүргізбеу себептері түсініксіз. Бұл жеңілдіктер мемлекеттік органдар тарапынан облыстағы кәсіпкерліктің дамуына әкімшілік кедергі жасаудың жарқын мысалы болып табылады. Біз жауапты органдардың басшыларын осы мәселені талқылауға шақырған болатынбыз. Жер ресурстары басқармасы және Қалалық сәулет басқармасынан шақырылған шенеуніктердің ешқайсысының отырысқа қатыспағанын айта кету керек. Бірінші басшылар өздерінің орнына ештеңе шешпейтін кіші буын мамандарын жіберді.Жер ресурстары басқармасы жер телімдері нарығы туралы материалдарды жариялауға тиіс екендіктері жайлы білмейтін болып шықты. Мемлекеттік органдардан келген төрт өкілдің сұрақтарға өте қысқа, түсініксіз жауап қайтарғанын, көбіне Кәсіпкерлер палатасы сарапшылары берген дәйектерге үнсіз ғана келісіп отыра бергенін айта кету керек. Жалпы Маңғыстау облысы кәсіпкерлерінің Палатаға көбіне жер құқықтық қарым-қатынастары тұрғысындағы шешілмеген түйткілдермен жүгінетінін атап өтейін. Әзірге 2015 жылы берілген кәсіпкерлердің 75 өтініші ішінен 39 өтініш осы саладағы түйткілдерге қатысты.
– Сөз соңында айтарыңыз бар ма?
– Ең алдымен «Ел аман – жұрт тыныш болсын» демекпін! Елімізде бизнестің дамуы үшін мемлекет барынша қолдау көрсетуде. Болашағымыздың жарқын боларына жүз пайыз сенімдімін. Алдымызда қазақ елін үлкен сынақтар күтіп тұр. Әсіресе Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргендігін ескерсек, кәсіпкерлер үшін оңай болмайтыны сөзсіз. Бірақ, қазақ халқы қашанда қиындықты жеңе білген. Сол себепті, әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресе жұмыс жасап, өзіміздің қолымыздан келетін дүниелерді төрткүл дүниеге паш ете аламыз деп толықтай сеніммен айта аламын.
– Жаңбырбай Сұлтанұлы, сұхбатыңызға көп рахмет, алдағы жұмыс күндеріңіз тек өз жемісін бере берсін!
Сағындық Рзахметов,
Маңғыстау облысы
qazaquni.kz