КУЛАГИН ЖҰРТТАН ЖАЛЫҚҚАН КӨРІНЕДІ
2015 ж. 02 қараша
2342
2
ХАЛЫҚТЫҢ ДА КУЛАГИНГЕ ҚАРАҒЫСЫ ЖОҚ
Төрт жылдан бері ұйқы ауруына шалдығып, дерттеріне дауа таба алмай жүрген Калачи ауылының тұрғындары Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің қабылдауында болып, қолдаудың орнына шенеуніктен енді қайтып оның алдына бармастай сөз естіп шықты.
Ауыл тұрғындарының басым бөлігі басқа елдімекендерге көшірілгенімен, ескі жұртта қалғандар да баршылық. Біріншіден, барлық тұрғындарды билік бірден баспанамен қамтамасыз ете алмады. Екіншіден, ұсынған баспаналары жалға берілген екен. Яғни, ол үшін калачиліктер тағы да өмірбақи ақша төлеуі қажет. Үшіншіден, жылдар бойы жиған-терген мал-мүлкінен айырылып, жатақханадағы студенттің өмірін кім қайталағысы келеді дейсіз. Тіршіліктің жалғыз көзі болған малы мен шағын шаруасынан айырылғысы келмеген тұрғындардың біраз бөлігі басқа қаладан жалға берілген баспанадан бас тартып жатыр. Калачиде қалған тұрғындар ауылдағы мектеп мәселесін шешу үшін Кулагиннің алдына амалсыздан барған болатын. Жұрт көшуге қарсы екендерін айтып, ауылдағы жалғыз мектептің жайын сөз ете бастағаннан-ақ әкім бірден ашуға мініп, оларға дүрсе қоя берген. «Мені ақымақ етпеңдер, сендер мені әбден мезі етіп, жалықтырып болдыңдар. Мен сендерді қорқытпаймын, ескертемін. Егер бүйте берсеңдер, қажет орындарыңды тауып беремін. Ұмытпаңдар, мен әкім ретінде айтып тұрмын...» деп айқайға басқан Кулагин тұрғындарды жарты сағаттық «жылы» қабылдаудан соң келген іздерімен кері қайтарыпты. Ұйқы ауруынан әбден қажыған ауыл тұрғындары Кулагиннен аймақ басшы ретінде көмек күтіп барып, бастарын әзер алып шықты. Кім білсін, қолында билігі бар шенеунік шеттерінен қаматып тастауы да ғажап емес. Сақал сұрап барып, мүйізінен айырылған ешкінің күйін кешкен калачиліктер Кулагиннің көңілсіз кезіне тап болғанына өкініп қалған. Өкінетін түгі жоқ, бұдан бұрын да ол тұрғындарды беттерінен сүйіп, ыстық құшағына алмағаны белгілі. Соншалықты міндетсініп айқайлайтындай көшірілген тұрғындарға өз қалтасынан қаражат шығарып, үй сатып алып беріп пе? Бізде қағаз жүзіндегі «Мемлекеттік қызметкердің ар-намыс кодексі» деген құжат кез келген кеңседе ілулі тұр. Бұл құжат бойынша мемлекеттік қызметкер періштеден кем болмауға міндетті. Шын мәнінде мекемелердің басшылары ісі түсіп келгендерді бейшарадай көреді. Түптеп келгенде ешкім де анасынан әкім немесе министр болып туылған жоқ. Қазіргі басшылардың біразы кеңестік кезеңнің күрзі етігін кигендер. Соның ішінде Кулагин де. Олай болса өткенді неге тез ұмыттық? «Шенеуніктер шектен шығып, дандайсып кетпес үшін әрбір кеңсенің маңдайшасына «Аязби әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» деп жазып қою керек» дейді біздің кейбір оқырмандарымыз. Бәлкім осылай етсек жағдай түзелетін шығар. – Облыс басшысынан мынадай сөз естимін деп күтпеп едім. Жағамды ұстадым. Егер арқасүйер әкім осылай сөйлессе, өзгесінен не күтеміз? Калачиге 12 рет бардым дейді. Бірақ, ешқашан бізді тыңдап көрген жоқ, ылғи аузымызды жабады, - дейді Калачи ауылының тұрғыны Елена Кухта КТК телеарнасына берген сұхбатында. Он екі рет барса барған болар. Өйткені Калачидегі жағдай бүкіл қоғамды қобалжытқаны белгілі. Осыған байланысты Үкімет әкімге тапсырма берсе, бармағанда не істейді? Жүз рет барғанша, бір рет барып бар жұмысты нақты бітірсе мынандай әңгіме болмас еді ғой. Жалпы Кулагин мырзаның ел басқарудағы ешкімге ұқсамайтын өз әдіс-тәсілі бар. Бұрындары Қостанай облысын басқарған тәжірибелі маман Ақмола аймағына осымен екінші рет әкім болып келді. Сенатта да біраз жылдар отырғаны бар. Келе салысымен аудан, қала әкімдерін бытпырық тигендей қуып, біразын ауыстырғаны белгілі. Кейбірін, тіпті, сонау Қостанай жақтан алып келіп отырғызды. Президенттің командалық басқаруды доғарыңдар дегенін құлағына ілген Кулагинді көрмедік. Осыған байланысты журналистердің қойған сұрағына «Несі бар, командалық басқару қалыпты жағдай емес пе?» деп қасқая қарап тұрғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Бұл жолғы сөзіне қарасақ Кулагин жұрттың бетін көргісі жоқ, мезі болып, жалығып біткен. Сонда қалай болғаны? Билік оны мал бағуға емес, халықпен жұмыс істеуге жіберген жоқ па? Халықпен дұрыс сөйлеспесе, тұрғындардың қамын ойламаса, не бітіріп жүр? Облыс әкімінің кеңсесін күзететін өзгелер де бар емес пе? Мына қиналысына қарасақ оны біреулер «әкім боласың» деп күштеп отырғанға ұқсайды. Жалыққаннан бұрын шаршағаны да көрініп тұр. Олай болса өтінішін беріп қызметінен кетпей ме? Мұндай жоғары лауазымды орынның бос тұрғанын әлемдік тарих та білмейді, әкім болғысы келетіндер жетіп артылады. Бірақ, нақты жұмыс істейтіндер санаулы ғана. Бұл бір Кулагинге ғана қатысты мәселе емес. Бір жағынан Кулагинді де түсінуге болады. Бір емес, үш рет облыс әкімі болу қиынның қиыны. Көкте ұзақ қалықтаған қыранның да қанаты талады. Бәлен жыл әкім болған адам да биік лауазымнан шаршайды. Бір жұмысты жылдар бойы атқарған адамның қызығушылықты жоғалтып, жалығатыны да рас. Сондықтан оны жоғары көтеру керек немесе біржолата мемлекеттік қызметтен босатқан дұрыс. Осы мәселені біздің халық қалаулылары қашан көтереді екен? Өкінішке орай, біздегі тәжірибе керісінше, Қазақстанның жартысына әкім болып шыққанша ұстаймыз. Ондай «баға жетпес» мамандар өздері біліп «Мен шаршадым, әкім немесе министр болмаймын» деп айтпайды-ау, айтпайды!..
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті