ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІҢ ҚАУІПТІЛІГІ КҮШЕЙІП ТҰР
2015 ж. 30 қазан
3410
1
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің, Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы Серік Күдебаевтың, Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасы бастығы Дәурен Әлімбековтің назарына!
ХАЛЫҚ ҚАҚПАҚЫЛҒА ҚАШАНҒЫ САЛЫНАДЫ?
Алматыда тағы да трамвайға қатысты оқыс оқиға орын алды. Бұл жолы жолаушыға лық толы теміржол көлігі заулап келе жатқанда кенеттен дөңгелегі ұшып кеткен.
Абырой болғанда, жолаушылар дін аман. Көшедегі жеңіл көліктер де жапа шеккен жоқ.
Бұл – ірі мегаполистегі трамвайдың қатысуымен туындаған бірінші оқиға емес. Мұнда бұған дейін де екі бірдей трамвай апаты орын алған-ды.
Қыркүйек айында №4-ші бағыттағы трамвай туғызған жол апатынан 14 жеңіл көліктің тас-талқаны шығып, 4 адам ауыр жараланған еді.
Осы оқиғаның ізін шала, трамвай апаты тағы да қайталанды.
Бірінші апаттағы секілді, 14 көлікке зақым келіп, 5 адам ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Оқиға куәгерлерінің айутынша, алғашқы жол апатында техникалық ақауы бар трамвай бос күйінде Масаншы мен Шевченко көшелерінің қиылысында тоқтап тұрған екен. Тіпті, трамвай бұзылғандықтан, жолаушылар түгелімен түсіріліп тасталған. Бірақ арада көп уақыт өтпей Орталық трамвай депосының басшылары бұл ақпарды жоққа шығарып: «Рельсті көлікте ешқандай техникалық ақау болған емес» деп ақталып бақты. Жол полицейлері де өздерінің бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін айтып, бастарын ала қашты. Айналып келгенде, кінә жүргізушіге артылмақшы. Әйтсе де, жол апатының себеп-салдары әлі нақты анықталған жоқ. Істің күрделілігіне байланысты тексеру ұзаққа созылуы мүмкін.
Бізді мазалайтын сауал – басқаруға келмейтін трамвай салдарынан жолаушылар өміріне қауіпті жол апаттары жиі қайталанып жатқанына қарамастан, Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасы қол қусырып қашанғы отырар екен? Алғашқы апат орын алған бойда өзгелеріне тыңғылықты тексеру жұмыстары жүргізілуі керек емес пе еді?
Рас, қазіргі қолданыстағы трамвайлардың ескіргенін Алматы қалалық Троллейбус-трамвай паркі де жоққа шығармайды. Ендігі жерде Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасы ірі мегаполисте рельсті көліктен туындайтын жол апаттарына бейқам қарамай, осы түйткілдің түйінін тарқататын күн жетті деп есептейміз. Себебі, онсыз да жан-жақтан тұрмыс қыспағына түскен халықты енді бұлайша тәлкекке сала берудің реті жоқ. Және орын алған жол-көлік оқиғаларының салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімдірек емес пе?
Арнайы жолақтар неге алынып тасталды?
Жазда Алматы қаласының бірқатар көшелеріне жолаушыларды тығырыққа тірейтін кептелісті азайту үшін қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақ салынды. Осы сәтте Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасы «Қоғамдық көлікті тұтынатын жолаушылар саны 25 пайызға артты» деп бөрікті аспанға атқаны есімізде. Арада көп уақыт өтпей-ақ, Алматы қалалық әкімшілік полиция басқармасы: «Кейбір аумақтардың тым тар болуына байланысты арнайы жолақ енгізілгеннен кейін кептеліс пен апатқа ұшырау жиілігі артып кетті. Қазіргі таңда осыған комиссиялық тексеріс жасалып, қаланың кейбір тар көшелерінен қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар алынып тасталуда» деп атап өтті.
Иә, бүгіндері Абай даңғылының бойындағы тар көшелерден қоғамдық транспортқа арналған арнайы жолақтар алынып тасталды. Біздің елде қандай да бір өзгеріс енгізілмес бұрын оның қалай жүзеге асатындығы, одан кейінгі жағдай қалай өрбитіндігі алдын ала сараланбайтыны әдетке айналғандай. Алдымен салынады, одан соң қайтадан алынады...
Осы арнайы жолақтар қойылғанда, жолаушылар қауіпсіздігімен қатар, жол-көлік оқиғасының азаюына ықпал ететіндігін айтты тиісті орындар. Артынша-ақ, дәл осыған қарама-қарсы түсінік берді. Бұдан жауапты мекемелердің қалай жұмыс істейтіндігін аңғару қиынға соқпайды...
Жаңа жүйе жарылқамады
Алматы қаласында қазанның 1-нен бастап электронды билет жүйесіне көшу қарастырыла бастады. Аталмыш төлем жүйесі «Оңай» деп аталғанымен, шын мәнінде, қарапайым халыққа қиындық туғызуда. Автобустарға орналыған қондырғылардың көп уақыт өтпей ақ, техникалық кемшіліктері байқалды. Бірақ бұл мәселенің мәнісін, осы іске жауапты «Алматы көлік холдингі» ЖШС уақыттың тығыздығымен байланыстыруда. Негізінен, 1-қаңтардан бастап, енгізілуі тиіс электронды жүйе әкімдіктің тапсырмасы арқылы, техникалық ақауына қарамастан, қазанның 1-інен басталып кетіпті. Сонда әкімдік қайда асықты екен? Шала дүние елді тағы шаршатпай ма?
Бұл жаңа қондырғы туралы қоғамдық көліктің жүргізушілерінен сұрағанымызда: «Қазір экспримент ретінде енгізілді. 2016 жылдан бастап толығымен іске қосылады» деді. Ал қазір қала ішіндегі автобустардың көпшілігіне «Оңай» төлем жүйесі орнатылғанымен, оларды қолданып жатқан жолаушылар көрінбейді. Экспримент үшін қойылса, жүргіншілердің жүйені қолдануына жағдай жасалуы керек емес пе?
Электронды жүйеге көшу – заман талабы. Бұған дау жоқ. Мәселе – жаңа жүйенің жарылқамағандығында.
Иә, 2016 жылдан бастап Алматы қаласында жолда жүру билетінің алынып тасталатындығына халықтың көпшілігі наразы. Қазір жолда жүру билетін оқушылар 1000, зейнеткерлер 2000, студенттер 2800 теңгеге сатып алып, бір ай бойы қоғамдық көлік қызметін тегін пайдаланса, келесі жылдан бастап бұл мүмкіндіктен айрылмақ. Ендігі жерде қоғамның аталған өкілдері 50 пайыздық жеңілдікпен, жолақысының жартысын арнайы төлем карталары арқылы төлеуі тиіс. Басқа-басқа, бұл жүйе көпбалалы отбасыларды тығырыққа тіремек. Ойлап қарасаңыз, отбасында 3-4 оқушы таңертең сабаққа, түстен кейін үйірмеге баруы керек болса, олардың әрбіріне жолақы тауып беру ата-анаға қиындық туғызатыны анық. Аталмыш жүйені шеке майы шылқып жүрмейтін, студенттер қауымы да құп көрмей отыр. Өйткені, олар қоғамдық көліктің қызметін жиі пайдаланатындықтан, қайта-қайта ақы төлеу қалтаны қағып бітіретіні сөзсіз...
Басқарма басшылығы қазақ тілін ұнатпай ма?
Бізді және бір қынжылтатыны – қоғамдық көліктерге электронды жүйені енгізу барысында мемлекеттік тіліміздің аяққа тапталғандығы. Қаладағы автобустардың көпшілігіне орнатылған «Оңай» қондырғыда: «Приложите карту для оплаты проезда» деп тек орыс тілінде жазылған. Біздің құзырлы орындардың қазақ тілі осы елдің мемлекеттік тілі екендігін естеріне алмағандығы, біздің сол баяғы құлдық психологиядан арыла алмай келе жатқандығымыздың дәлелі. Сонда, бұл мәселеге тікелей жауапты Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Дәурен Әлімбеков қазақтың мемлекеттік тілі – қазақ тілі екендігін білмегені ме? Жоқ әлде оны қазақшалау үшін орыстардан рұқсат алуымыз керек пе?
Бұл жаңа қондырғының басты кемшілігі – аз-кем техникалық ақаулығында ғана емес, бір кезде бізді отар қылған Ресейдің тілінде қызмет көрсететіндігінде. Ақыры тиісті мекемлер «Оңайды» келесі жылдан бастап толық іске қосамыз деп техникалық тұрғыдан жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде, ең бірінші орыс тілін алып тастап, қазақ тілінде қызмет көрсету жағын қарастыруы керек. Мұндай талапты Қазақстанның азаматы болып табылатын әрбіріміз қоюға құқылымыз.
Мемлекеттік тіл деген сөз – тілдің өзге тілдерден артықшылығы, үстемдігі екендігін басқарма басшылығы ескере отырып, жаңа электронды қызмет көрсету жүйесін уақыт өткізбей қазақшалауды қолға алады деп сенеміз.
Жұртшылық жаңа әкімнен үміт күтеді
Мұнда жұртшылық Алматы қаласының әкімі қызметіне Бауыржан Байбектей жас басшы келгенде шаһар өмірі жандана түседі деп сенгені анық. Әзірге Бауыржан Байбектің Алматы қаласының тізгінін ұстағанына үш айға жуықтаса да, айтарлықтай оң өзгеріс байқамаған сыңайлымыз. Әйтсе де, алдағы күннен күтер үміт мол. Өзге мәселелер өз алдына. Бастысы – біз жоғарыда тілге тиек еткен мәселелердің түйінін тарқатуға ықпал етсе екен.
Қала әкімі қаперіне алады деген ниетпен бұл тұрғыдағы бірқатар ұсынысымызды жеткізгенді жөн санадық...
- Тұрғындардың негізгі бөлігі тұтынатын қоғамдық көліктің жолаушылар үшін барынша қауіпсіз болуын қаматамасыз етудің жолдары қарастырылса;
- Яғни, екі бірдей трамвай апатының салдарынан қаншама жан жапа шеккендігі ескеріліп, Алматы трамвай депосы, Алматы қалалық Троллейбус-трамвай паркінің басшылығына қатаң шаралар қолданылса;
- Тозығы жеткен трамвайлардың күрделі жөндеуден кейін де халыққа сапалы қызмет көрсете алмай отырғандықтан, ұшып кеткен трамвай дөңгелегін көшеден теріп жүргенше, рельсті көлікті мүлдем алып тастап, оның орнына троллейбустар көбейтілсе;
- Жаңадан енгізіліп жатқан электронды билет жүйесі халыққа қазақ тілінде қызмет көрсетсе;
- Автокөлік тұрақтарының мәселесін дұрыс шешу арқылы жол-көлік қозғалысын жақсартылса;
Гүлмира САДЫҚОВА
qazaquni.kz