Ахметов ісі: куәгерлер шындықты бүгіп қалмады
2015 ж. 28 қазан
2388
21
27 қазанда Қарағанды облыстық сотында «Ахметов ісі» бойынша куәгерлерден жауап алу одан әрі жалғасты. Сот Қарағанды қаласының индустриалдық паркінің инфрақұрылымдық нысандарын салуда бюджет қаржысын ұрлау эпизодын қарастыруда. Бүгінгі отырыста бейне байланыс арқылы Алматы қаласындағы куәгерлерден жауап алынды. Солардың бірі «Сомнус» ЖШС-нің директоры Н. Елғондин өзінен «Sapa Project Group» ЖШС-нің жетекшісі Д. Нұрбаевтың қондырғы жеткізуге көмек сұрап, материалдық сыйақы есебінде «Тойота Ланд Крузер Прадо» автокөлігін беруге келіскенін ашып айтты.
Айта кетелік, бұған дейінгі сот отырыстарының бірінде куәгер ретінде жауап берген Қазақстандық өнеркәсіптік корпорацияның бас директорының орынбасары Әлжан Ақмолдаев Қарағанды облысының экс-әкімі С. Ахметовтің қамқорлығының арқасында өзінің компаниясының индустриалдық парктегі инфрақұрылымдық нысанды салуға тиімді қосалқы мердігерлікке қол жеткізгенін мәлімдеген еді. Сот залындағы сөзінде ол қондырғыны жеткізуге Думан Нұрбаевтың «Sapa Project Group» компаниясының көмегін пайдаланғанын хабарлағаны мәлім. Ал бүгінгі отырыстағы куәгер Н. Елғондин Ә. Ақмолдаевтың сотқа берген түсініктерін растады.
Куәгер сотталушы Д. Нұрбаевтың өзінің ескі досы екенін жасырмады. 2012 жылы бір жұмыс ұсынып, оған өзінің келісімін бергенін ашық айтты. Айыптаушы тарап оның сотқа дейінгі тергеу кезінде берген түсініктерін оқып берді. Оның мәтіні төмендегідей:
«2012 жылдың басында маған студенттік шақтағы досым Д. Нұрбаев хабарласып, бір жұмыс ұсынды. Себебі ол менің шетелдерден тауар жеткізумен айналысатын фирмамның барын білетін. Думан Қарағанды қаласында үлкен бір жобаны қолға алғанын, сол бойынша ««Sapa Project Group» ЖШС-не ірі көлемде ақша түсетінін хабарлады. Ол сондай-ақ, тапсырыс берушіге келісім-шарт бойынша кем дегенде 2 млн. АҚШ долларына жуық ақша қайтару қажеттігін айтты. Одан кейінгі іс-әрекеттер тапсырыс берушінің құзырында екенін, осы іске жәрдемдесуімді өтінді. Мен келістім. Бірақ ол істің егжей-тегжейін түсіндіріп жатпады. Тек тапсырыс берушіге ақшаны қайтару үшін оған «Sapa Project Group» арқылы сырттағы фирмалардың көмегімен қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру керектігін жеткізді. Және ондай фирмалардың ішінен «Сомнус» ЖШС-ін таңдап алғанын айта келе жоба іске асырылғаннан кейін материалдық сыйақы есебінде «Тойота Ланд Крузер Прадо» автокөлігін беруге уәде етті. Арада бірнеше апта өткенде Д. Нұрбаев тағы хабарласып, бұл сызбаға тағы бірнеше фирманың көмегі керектігін мәлімдеді. Мен ондай фирмасы бар достарым көп екенін айттым».
Куәгердің айтуынша, кейінірек «Сомнус» ЖШС-і және өзі тапқан «Perfect Education», «Gepipetrade» ЖШС-тері арқылы «Sapa Project Group»-тан түскен барлық қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Алайда Д. Нұрбаев оған уәде еткен «Тойота Ланд Крузер Прадо» автокөлігін бермей кетіпті. Мемлекеттік айыптаушы куәгердің тергеуге берген жауабында мынадай дәлелдер барын сотқа оқып берді: ««Gepipetrade» ЖШС-і мен «Sapa Project Group» ЖШС-і арасында технологиялық қондырғыны жеткізуге сомасы 117 млн. 549 мың теңгеге келісім-шарт жасалған. «Perfect Education» ЖШС-і мен «Sapa Project Group» ЖШС-і арасында да осыған ұқсас келісім-шарт жасалады. Оның құны 504 млн. 770 мың теңге деп көрсетіледі. «Сомнус» пен «Sapa Project Group»-тің шоттарына 657 млн. 768 мың теңге түседі. Нәтижесінде аталған төрт компанияның шоттарына 1 млрд. 280 млн. 808 мың 263 теңге түсіп, бірден қолма-қол ақшаға айналдырылады».
Әмина БӘКІР
qazaquni.kz