Ахметов ісі: куәгер жалған дәлелі үшін жауапқа тартылуы мүмкін
2015 ж. 23 қазан
3263
6
Экс-премьер Серік Ахметов және басқа жоғары лауазымды экс-шенеуніктердің қылмыстық ісі бойынша алтыншы эпизодты қарау барысында куәгер Анар Мақсұтованың сотқа дейінгі тергеуде берген жауабының бейнетаспасы көрсетілді. Бұған дейін ол сот залында сөйлеген сөзінде Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловқа қарсы берген жауаптарынан бас тартқан болатын. Анығында ол тергеу кезінде ар-намысымды қорлады, қоқан-лоқы жасады деп сотқа шағымданған-ды. Осыған байланысты сотта куәгерді тергеу сәті түсірілген бейнежазба көрсетілді. Сондай-ақ, оны тергеген Қарағанды облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Бұлан Рахымжановтан жауап алынды.
Сотқа дейінгі тергеуде жазылған бейнетаспа куәгердің сөзінің жалған екенін дәлелдеді. Тергеу шарасы заңға сәйкес өткізілген. Таспадан А. Мақсұтованың жанында қорғаушысы Журавлевтің отырғаны анық көрініп тұр. Ешқандай қысым да, қоқан-лоқы да жасалмаған. «Тергеу кезінде А. Мақсұтоваға ешқандай қысым жасалған жоқ. Одан екі рет жауап алынды. 2014 жылдың 28 желтоқсанында өткен тергеуде бейнетаспа қолданылмады. Тергеу қылмыстық-процессуалдық кодекске сәйкес жүргізілді. Куәгердің қайда жерде тергелгені хаттамада көрсетілген. Ол сотта шағымданғандай, ешкім жертөлеге апарған жоқ. Тергеу жұмысына ешкім араласқан жоқ. Осыған орай, мен А. Мақсұтованың сотта берген жауабының жалған екенін айтқым келеді. Сондықтан жалған дәлел келтіргені үшін оны қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы құзырлы органдарға өтініш беремін»,- деп түсіндірді істің ақ-қарасын Б. Рахымжанов.
Бұдан кейін тергеуші куәгер А. Мақсұтова мен оның қорғаушысы Журавлевтің тергеу хаттамасының әрбір парағына өз қолдарын қойғанына соттың назарын аударды. «Егер де оған қоқан-лоқы көрсетіліп, қысым жасалатын болса, не куәгердің өзі не оның қорғаушысы дер кезінде шара қолданып, менің атыма құзырлы органдарға шағымданатын еді ғой. Ондай шағым болмаған» деп жалғады сөзін Б. Рахымжанов. Сонымен қатар, тергеудің алдында куәгерге оның құқықтары мен міндеттері түсіндірілген. Оның ішінде тергеушінің, прокурордың және соттың іс-әрекеттеріне шағымдана алатын бап та бар. Ең бастысы, оған жалған түсінік бергені үшін, куәлік етуден бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны ескертілген. Тергеу барысында А. Мақсұтова ерікті түрде түсінік беріп, өзіне қойылған барлық сауалдарға жауап беріпті.
Айтарлығы, А. Мақсұтова 22 қазандағы сот отырысында «өзін тергеуде қамап ұстады» деген жертөлені суреттеп бере алмады. «Есімде қалмапты» деп жалтарды. Және ол өзіне қысым мен қоқан-лоқы жасалғанына бұған дейін прокуратураға шағымданбай, сот отырысына келгенде мәлімдеме жасауының себебін де түсіндірген жоқ. Қатты шаршағанын желеу етіп: «Мен ештеңе де айтқым келмейді» деумен шектелді. Жауап алудың соңынан прокурор жалған дәлел айтқаны үшін А. Мақсұтоваға қатысты шара қолдануға сот төрағасына өтінішхат түсірді.
Әмина БӘКІР
qazauni.kz