«Ахметов ісіндегі» бейнежазба тергеуде қысым болмағанын көрсетті
2015 ж. 23 қазан
1927
0
Қарағанды облыстық сотында Серік Ахметов пен бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктердің қылмыстық ісі бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасуда. 22 қазандағы сот отырысында Қарағанды облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі департаментінің тергеушісі Бұлан Рахымжанов сөз сөйледі. Тергеушіден жауап алуға алдыңғы сот отырысына шақырылған куәгер Анар Мақсұтованың сотқа дейінгі тергеуде берген жауаптарынан бас тартқаны себеп болды. Ол сотқа: «Маған қатысты адамның ар-намысын қорлайтын қимылдар жасалды. Қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы қоқан-лоқы көрсетілді. Қаржы департаменті ғимаратының жертөлесіне апарып, шешіндірді. Өзіммен бірге шақырған қорғаушымды қуып жіберді» деп шағымданған еді.
Бүгінгі сотта куәгердің сөзінің жалған екенін тергеуші Б. Рахымжановтан алынған жауап пен сотқа дейінгі тергеуде жазылған бейнетаспа дәлелдеді. Сотқа дейінгі тергеудің қалай өткізілгенін Бұлан Рахымжанов былай түсіндірді: «Алдын-ала тергеу шаралары барысында А. Мақсұтовадан жауап алу қажеттілігі туындады. 2014 жылдың 12 қарашасында куәгер Көкішев «ЮТЕКС» ЖШС-нің қызметкері А. Мақсұтованың «Мәңгілік алау» мемориалдық скверін абаттандыру бойынша өткен конкурста «ЮТЕКС»-ке жеңісті қамтамасыз ету үшін бағасы әдейі ұлғайтылған техникалық ерекшеліктер мен ақаулы тізімдемені жібергенін айтты. Содан соң мен Мақсұтова мен оның қорғаушысы Журавлевке телефон шалдым. Үшеулеп кездесу уақытын келіскеннен кейін, олар 2014 жылдың 28 желтоқсанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің ғимаратына келді. Мен оларды үшінші қабаттағы өзімнің кабинетіме ертіп апардым. Ол жерде мен, Мақсұтова және Журавлев үшеуміз ғана болдық. Есімде қалғаны, жаңа жылдың қарсаңы болғандықтан Мақсұтова бізді келе жатқан мерекемен құттықтап, қорғаушысына қораптағы кәмпитті сыйға тартты. Тергеу түскі сағат 13.30.-да басталды. Алдымен оған куәгердің құқықтары мен міндеттерін түсіндірдім, соның ішінде тергеушінің, прокурордың және соттың іс-әрекеттеріне шағым жасай алатынын ескерттім. Сондай-ақ оған жалған түсінік бергені үшін, куәлік етуден бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны ескертілді. Ал тергеу кезінде Мақсұтова ерікті түрде өзіне қойылған сұрақтарға жауап берді».
Бұдан кейін тергеуші куәгер А. Мақсұтова мен оның қорғаушысы Журавлевтің тергеу хаттамасының әрбір парағына өз қолдарын қойғанына соттың назарын аударды. Ал сот залында көрсетілген бейнежазба тергеу барысында куәгерге ешқандай қысымның жасалмағанын, жауап алу кезінде ешкімнің оған қоқан-лоқы жасамағанын көрсетті. Сондай-ақ, сол күні сот отырысына қатысқан А. Мақсұтова «өзін қамап ұстады» деген құзырлы мекеменің жертөлесін суреттеп бере алмады. Және ол өзіне қысым мен қоқан-лоқы жасалғанына бұған дейін прокуратураға шағымданбай, сот отырысына келгенде мәлімдеме жасауының себебін де түсіндірген жоқ. Ол қатты шаршағанын желеу етіп: «Мен ештеңе де айтқым келмейді» деумен шектелді. Ал Бұлан Рахымжанов куәгердің сотта жалған сөйлегенін ашық айтып, өтірік дәлел келтіргені үшін оны қылмыстық жауапкершілікке тартуға шағымданатынын мәлімдеді. Жауап алудың соңынан прокурор жалған дәлел айтқаны үшін А. Мақсұтоваға қатысты қылмыстық іс қозғауға сот төрағасына өтінішхат түсірді. Сот бұл өтінішхатты ашық күйінде қалдырды.
Әмина БӘКІР
qazaquni.kz