АҚШ-тағы Батырхан Шүкеновтің отбасы далада қалып қойды
2015 ж. 16 қазан
2571
0
“АҚШ-та оның әйелі Катя мен есейіп қалған ұлы қалды. Бірден басын ашайын: Катя мүлдем қайтып оралғысы келмейді. Ұлы тіптен қарсы. Үй салынып бітуге қалған еді. Бұл Америка – ақшаң жоқ болса, далада тентіреп қаласың. Катя баласымен жанашырлық танытқан таныстарының үйіне көшті. Олар көмекке зәру”, – дейді ресейлік шоумен prozvezd.info порталына берген сұхбатында.
Батырхан Шүкеновтің директоры NUR.KZ-ке қазақстандық музыканттың отбасындағы қиыншылықтар туралы айтып берді.
“Батырханның отбасы жалдамалы үйде тұратын. Жалдау ақысын әнші өзі төлеп отырған. Қайғылы жағдайдан кейін үйге ақыны төлеу мүмкін болмай қалды. Сол себепті Катя ұлымен достарының үйіне көшті. Қазір біз бұл мәселені шешуге тырысудамыз”, – дейді қазақстандық әртістің өкілі.
“Батыр бұл дүниеден кеткелі бері олар үйінен көшіп кетіп, достарында тұрып жатыр. Қазір мен және Батырдың отбасы бірігіп, оларға сол жерден пәтер алып беру мәселесін шешуге тырысудамыз”, – дейді Олжас Байканов Today.kz тілшісіне. Ол ресейлік БАҚ-тың отбасы үйден қуылды деген ақпаратын жоққа шығарды.
Оның ақпаратына сәйкес, 14 жастағы Мақсұт Шүкенов анасымен бірге Флорида штатының Сарасота қаласында тұрып жатыр. Байканов Шүкеновтің ұлына АҚШ-та үй салуды жоспарлап келгенін, тіпті құрылысқа біршама қаражат та жинап үлгергенін алға тартты.
“Батыр Америкада салып бастаған үйдің құрылысына қаражат соңына дейін төленбей қалды. Тек жартысын ғана төлеп үлгерген. Енді сот арқылы құрылысқа кеткен қаражатты қайтарып аламыз деп үміттенеміз. Алайда ол көп қаражат емес. Біз сол жақтан тым құрымаса пәтер сатып алуы үшін фонд жобаларының есесінен қаражат жинауға тырысудамыз (Батырхан Шүкенов атындағы қоғамдық фонд)”, – дейді Олжас Байканов.
Алдын ала есептеулер бойынша, пәтерді сатып алуға кемінде 300 мың доллар қажет.
“Қазір фонд бұл мәселемен айналысуда. Алайда, өкінішке қарай қолдау көрсетіп жатқандар жоқ. Меценаттар да, демеушілер де жоқ. Тек кішігірім қаражатын бөлген 40 қарапайым адам ғана бар. Шамамен 1 600 доллар ғана жиналды. Біз тіпті Кеңсайда ескерткіш орнату үшін қаражат таба алмай отырмыз”, – дейді отбасының досы.
Ол фондқа қаражат жинау үшін Батырхан Шүкеновтің компакт-дискілерін шығарып, концерт ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын айтты.
Еске салсақ, музыкант Батырхан Шүкенов осы жылдың сәуірінде 52 жасқа келген шағында дүниеден өтті. Әншінің қаза болуына жүрек сырқаты себеп болған.