Әкімдікті отбасылық бизнеске айналдырған облыс әкімінің орынбасары айыпталды
2015 ж. 15 қазан
3617
6
Ақтөбеде облыс әкімдігін отбасылық бизнеске айналдырған шенеунік масқара болды
Келіні мен ұлын әкімдікке лауазымды қызметке отырғызған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованы «Нұр Отан» партиясы масқаралады.
Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды. Бүгін Астанадағы «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында Сапарбаевтың орынбасарын оңдырмады. Туыстарына бүйрегі бұрып, лауазымды қызметтерді балаларына бөліп берген орынбасар туралы «орнынан кету керек-ау» деген де ұсыныстар айтылды. «Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова өзі қызмет етіп отырған әкімдікке алдымен баласын, кейін оның әйелін жұмысқа алған. Облыс әкімі атынан берілетін дарынды балаларға берілетін степендияны да туыстарына бөліп берген. Комиссия төрағасы Нұрқатова ханым, ал, оның хатшысы өз баласы. Бұл не? Отбасылық бизнес пе? Бұған партия неге шара қолданбайды?», – деді «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов. Бұл мәлімдемеден кейін Сапарбаевтың орынбасарының мәселесі май шаммен қаралуы мүмкін. Ұятты болған орынбасардың отбасы мүшелері әкімдікте жұмыс істейтінінен жергілікті билік хабардар. Сондай-ақ, олардың лауазымды қызметте жүргеніне бірнеше жыл болған. Нұрқатова ханымның өзі облыс әкімдігінде орынбасар болып 8 жылдан бері отыр. Бірнеше әкіммен жұмыс жасап үлгерді. Облыстың бұрынғы әкімдері Сағындықов пен Мұхамбетов отбасылық бизнес туралы ештеңе демеген еді. Ақтөбелік шенеуніктердің былығы енді ашылып жатыр. Ұзақ жыл әкімдіктің бір ұшын басқарған орынбасар жайын билік партиясының ауызға енді алғаны түсініксіз. Айтпақшы, Нұрқатованың отбасылық бизнесі туралы ақтөбелік тұрғындардан облыс әкімдігінің блогына шағым түскен болатын. Еңбек өтілін музыка пәнінің мұғалімінен бастап, әкімдіктен бір шыққан Ақтөбедегі облыс әкімінің орынбасары осылайша дауға қалды.Дереккөз: NUR.KZ