Сатылмаған не қалды?
2015 ж. 30 қыркүйек
2611
3
Қаражаты барлар жекеменшік ұшақ мініп, енді әуежай сатып ала алады. Жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде тағы бір ауқымды сауда жүргізіліп, қалталыларға тағы бір мүмкіндік беріледі. Осы арқылы қазына қаржысын толықтыру көзделіп отыр.
«Бұған дейін мемлекетке тиесілі болып келген 60 ірі нысан ендігі жерде сатылымға шығарылады. Жалпы 2020 жылға дейін ірілі-ұсақты мыңнан астам нысанды мемлекет меншігінен жекеменшікке өткізу жоспарланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық холдингіне қарасты - 38, «Қазагро» мен «Бәйтерекке» тиесілі - 8, 14 мемлекеттік меншіктегі ірі мекемелер, олардың ішінде әуежайлар, фармация, «Казавтодор» сияқты ірі кәсіпорындар бар»-деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. Жекешендірудің екінші толқыны аясында былтыр 379 нысан саудаға шығарылып, оның 205-і сатылған. 175-інің «әлі саудасы болмай» жатыр. Вице-премьер Б.Сағынтаевтың айтуынша, оларды иеленуге құлшынып отырған адам жоқ көрінеді. Енді Үкімет екі рет саудаланып, өтпеген нысандарды таратып жібермек.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
– Концерт залдары, спорт алаңдары, болмаса ақпарат құралдары, бизнеске пайдасы жоқ, шығыннан басқа. Негізі қызығушылық танытатын объектілер сыртта қалып қойып жатты. Қазіргі айтып отырғанымыз осы бизнеске қажетті нысандар.
Жекелеген құны 5 миллиардқа жетпейтін тағы 161 нысан мемлекет меншігінен шығарылмақ. 74 мың адамды жұмыспен қамтып отырған бұл компаниялардың жалпы құны 290 млрд. теңгені құрайды. 13-қазанға дейін нақты тізім белгілі болмақ. Сатылмаған не қалғанын анықтайды. Үкіметтегілердің айтуынша, табысы мол 60 ірі компанияны қалталылар бірден қағып алады. Қағуын қағып алады ғой. Бірақ, келешекте компанияның өндірістік бағытын берік ұстай ма? Бұл – үлкен сұрақ. Әлде бұрынғы жекешелендірудегідей алдымен өлердегі уәделерін беріп, кейін ғимараттарды сауда-саттық, тойханаларға айналдырып жібере ме? Мәдени-спорттық кешендердің сатылған соң жай-күйі қалай болмақ? Сауда-саттықпен жүріп халықтың онсыз да дамымай жатқан рухани деңгейін түсіріп алмаймыз ба деген сұрақ алаңдатады бәрінен бұрын.
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті