Қазақстан элитасының балалары кім болып жұмыс істейді?
2015 ж. 28 қыркүйек
2772
1
ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтің баласы Сергей Нұртаевты жуырда Италиядағы Қазақстан елшісі етіп тағайындау қоғамда «Қазақстан элитасы балалары кім болып жұмыс істейді?» деген сауалдың қозғалуына түрткі болды.
Қыркүйектің 22-сі күні 40 жастағы Сергей Нұртаев Италиядағы Қазақстан елшісі болып тағайындалды. Бұрын ол Грекияда елші болған. Сергей Нұртаев – ҰҚК төрағасы әрі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңес заманынан келе жатқан серігі Нұртай Әбіқаевтің баласы.
Қазір Қазақстанның саяси элитасы ортасында бұл құбылыс таңсық емес. Бірақ бақылаушылардың пікірінше, элитаның «балаларына» өзгеше фамилия беруі тенденцияға айнала басталған. Жоғары қызметтегі қайраткерлердің ішінде Нұртай Әбіқайұлы Әбіқаевтің баласы Сергей Нұртайұлы Нұртаев сияқты әкесінің тегіне жазылмаған басқа да «балалар» бар.
Алма ағашынан алыс түспейді
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев («Кто есть кто в Казахстане?» энциклопедиясының авторы) және белгілі журналист Айгүл Омарова элита балаларының мемлекеттік қызметте сәтті өрлеуі Қазақстанның «ойлап тапқан жаңалығы» емес, бұл – бұрынғы Совет Одағында да болған әрі қазір Ресей және өзге елдерге де тән құбылыс деген пікір айтады. Айгүл Омарова «бұл тіпті Батыс елдерінде де бар құбылыс» деп, америкалық Буш пен Кеннеди отбасыларын «мысалға» келтіреді.
Жергілікті сарапшылар «топ-шенеуніктердің балаларының жоғары қызметке тым жас шағында тағайындалуы сөкеттік емес» деп санайды. Олар Ақмола облысы әкімі Сергей Кулагиннің 2013 жылдың наурызында, 26 жасында Астана аудандарының бірінің әкімі болып тағайындалған баласы Павел Кулагинді мысалға келтіреді. Кезінде ол «А» корпусына кадр іріктеу тестінен өте алмай, бұл қызметінен алты айдан кейін «ұшып кетті» деген хабар тараған. Бірақ Астананың коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығы Павел Кулагин әлгі резервке 2015 жылдың ақпанында ілікті. Кадрлар резервінде «Ақмола Феникс» және «Шаңырақ Групп» компанияларының 36 жастағы директоры, Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божконың баласы Максим Божко да бар.
Қоғам Сергей Нұртаевты елші етіп тағайындауды біраз сөз етсе, парламент сенатының бұрынғы төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтің баласы Сержан Әбдікәрімовтің елші болып тағайындалуына онша мән берген жоқ. 39 жастағы Сержан Әбдікәрімов биылғы наурыздан бері Чехияда елші болып жұмыс істейді.
Жергілікті сарапшылардың айтуынша, ұқсас екі оқиғаға қатысты қоғамның екі бөлек реакция танытуының бірнеше себебі бар. Жалпы, жұрт элитаның балалары «ерекше жаратылған» деген ойға үйренген. Бірақ егер Нұртай Әбіқаевтің баласы болса, Сергейдің тегі неге Нұртаев деп жазылған деген сауал туады.
Сарапшылар «Мүмкін Нұртай Әбіқаев жұрттың «баласының қызметі мен генетикалық тегі арасында байланыс бар» деген сөзіне ілік болмау үшін баласының әлеуметтік мәртебесін көрсетпеуді жөн көрген шығар» деп болжайды.
Мемлекеттік қызмет пен бизнестегі “балалар”
Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстан элитасының балалары мемлекеттік органдарға ғана емес, бизнес-құрылымдар, әсіресе саяси тәуекелі аз, жалақысы көп мұнай-газ саласымен байланысты компанияларда да отыр. Ол «ҚазТрансГаз» компаниясы бас директорының 35 жастағы орынбасары әрі Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, қазір парламент депутаты Болат Жылқышиевтің баласы Қуаныш Жылқышиевті мысалға келтіреді.
Данияр Әшімбаев тағы бір мысал ретінде ел президенті әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Сарыбай Қалмырзаевтың баласы Нұрбол Сұлтанның бизнестегі өрлеу тарихын айтты. Нұрбол Сұлтан бизнес-мансабын 21 жасында «ҚазМұнайГаздың» еншілесі «ҚазТрансОйл» компаниясынан бастап, бірер жылдан кейін оны басқарған. Бірақ әкесінің мезгілсіз қазасынан кейін іле-шала Нұрбол Сұлтан да лауазымды қызметтерінен айырылған. Саясаттанушы «бұл жағдай Қазақстан элитасы балаларының жетістігі ата-анасының амандығына тәуелді екенін тағы да дәлелдейді» дейді.
Бұрынғы білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовтің баласы, 46 жастағы Бейімбет Шаяхметов 2014 жылдың қаңтарынан бері «Азия газ құбыры» компаниясы бас директорының орынбасары болып жұмыс істейді. Бейімбет Шаяхметов – Халық банкі басқармасы төрайымы Үміт Шаяхметованың күйеуі.
2007-2013 жылдары «Азия газ құбыры» компаниясы бас директорының орынбасары қызметін бұрынғы білім министрі Бақытжан Жұмағұловтың 39 жастағы баласы Руслан Жұмағұлов атқарған. Сарапшылар 2013 жылы оның әкесі Бақытжан Жұмағұлов министр қызметінен отставкаға жіберілгеніне назар аударады.
Қаржы полициясының бұрынғы бастығы, ал қазір парламент сенаты депутаты Рашид Түсіпбековтің баласы, 38 жастағы Жанат Түсіпбековтің қызметі мұнай бизнесімен тығыз байланысты. Ол – «ҚазМұнайГаздың» еншілесі Rompetrol Group компаниясының бас директоры.
Таяуға дейін энергетика министрі Владимир Школьниктің баласы Игорь Школьник «Самұрық-Қазына» қорының атқарушы директоры болып жұмыс істеген. Қазір Игорь Школьниктің бизнесі Ресейде шоғырланған. Forbes.kz сайтының болжамынша, ресейлік Sermules Enterprises Limited компаниясының 315 миллион доллары бар қожайыны Игорь Школьник Қазақстанның ең бай 50 адамы тізіміне кірген.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдардағы Қазақстан элитасы балаларының үлесі – 30 пайыздан аспайды деп болжайды.