Нұрлан Ноғаев Назарбаевтың алдында шынын айтты
2015 ж. 18 қыркүйек
5450
26
Осыған дейін Березовка ауылында талып жатқан балаларға ешқандай сыртқы әсер жоқ деп, өздеріне шаң жуытпаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында екі алған оқушыдай бар шынын айтып шықты.
Тіпті, әкімнің президенттің алдындағы жауабы адамның күлкісін келтіретіндей шықты. Ал, батыс өңірі әкімдерін жинап жиын өткізген Президент еліміздің жеңіл өнеркәсібіне тегін жарнама жасап жүргенін де қалжыңдап айтып қалды.
Атыраудағы нысандарды аралап келген Нұрсұлтан Назарбаев кеңесте облыс басшыларынан қысқа да нұсқа жасаған істеріне жауап алды. Бұл жолы облыс басшыларының басынан сипай қоймады. Кеңес барысында Нұрлан Ноғаевты тыңдаған мемлекет басшысы Березовка ауылындағы тұрғындардың не себепті түтіннен талып қалғандарын сұрады.
“Бестау деген аудандарыңның халықтары зардап шеккенін барлығы естіп қалды. Не істеп жатсыңдар?”, – деді президент.
“Комиссияның шешімі бойынша бұл жерде көптеген факторлардың түйісуі бар. Бір шешімі мектептің сыртында котельный бар. Содан шыққан түтін әні жердегі өзінің «П» образный мектеп мына ортасында есік бар екен. Бір версиясы сол котельныйдан шыққан”, – деді БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев.
Сөзден жаңылған Ноғаев мырза жыл аяғына дейін тұрғындардың барлығы толықтай көшіріледі деп түйін жасады. Ал, кеңес барысында барлығын тыңдап болған президент отандық өнімдерге де жарнама жасауды ұмыт қалдырмады.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев егерде кімде-кім заң талаптарына сай бас қатырмайтын болса, қатаң жазаға тартылатындығын нықтады.
“Ал, егерде осындай қиын қыстау жағдайды пайдаланып арандатушылар пайда болатын болса ішімізден, өтірік айтып бізге жала жабатын адамдар болатын болса, оларға заңды түрде әкесін танытып тұрып жаза береміз”, – деді Назарбаев.
Дереккөз: 31 канал