«ПАПА – лардың» ЖАНАЗАСЫ ШЫҒАРЫЛМАЙДЫ!?.
2015 ж. 09 қыркүйек
4402
1
Қазақ «папалары» балаларына “папа” деп айтқызу арқылы, шоқындыруға, тілін, дінін сатуға бір қадам жақын дайындап отырғанын түсіне алар емес...
Көрші ауданда бір құдайыда сол аудан имамымен табақтас болып отырғанда есіктен ұлы кіріп келіп: “Папа, сені үйге бір кісілер келіп шақырып жатыр”,– деді. Сондағы бар халайық имамның аузына қарап, құрметтеп отырғанбыз. Ұлының әкесіне “сен”деп сөйлеп, және “папа” деп, орысша атаумен тіл қатуы бізге өте ерсі естілді... “Бұл кісі, имам ба, әлде папа ма?” деген суық ой, бір жағымсыз сұрау көкірегімде қалды. Бірақ, Оңтүстікке барғанда бір кісінің жаназасында балалары «паааа-пааа» деп жоқтап жылаған еді. Сонда имам; «Папа» деп жылама, «жаназасы шықпайды» деп ұрсып тастады. Біздің заманымыздың төртінші ғасырында христиан діні билік таласынан Батыс Рим империясы католик пен Шығыс Рим империясы православ болып екіге бөлінді. Кейіннен тағы да бөлініп жатты. Сол кезеңнен христиан дініне шоқынған кез келген ұлттың өкілі католик сенімін қабылдап, өзімен бірге отбасын, ағайын туысын шоқындырып, христианның католик дініне қызмет еткен кісіні “папа” деп атап келеді. Ал, XVIII-ғасырда зеңбірегін сүйреткен орыстар ордалы жыландай қазақ жеріне жер бауырлап еніп келе жатып, қоңырауын сыңғырлатқан шіркеуін бірге тұрғызып, қазақтың шұрайлы жерін, мал-мүлкін тартып алып отырды. Жерінен, жайылымынан, қора-қопсы малынан айрылған қазақтар орыстардың үйінде жалшы, құл, күң болды. Олар бір тамағы үшін шоқынса, қазақтың ауқаттылары балаларын “тілмаш” қыламыз, “пәленше байда кеткен өшімді осы балам алып береді” деген бақай есеппен, бірі; «білімнің, ғылымның, өнердің бәрі орыста» деп орысқа бас қойғандардың балалары, немерелері шоқынып кетті. Жетім-жесір, аш-жалаңаш қалғандарын шіркеу бауырына тартып, киіндіріп, ас-ауқатын беріп, шоқындырды. Патшалық үкімет өзге ұлттарды шоқындырудан ешқашан қаржыны аяған емес. Қазақстанға “демократ”, “жазушы”, “ғалым” деген “жер аударылып” келгендер жымысқы саясатын іштеріне бүгіп, қазақтың оқығандарымен “дос болып” тек шоқындыру мен орыстандыруды мақсат еткен. Әсіресе, халыққа беделді қазақтармен «тамыр, дос» болу арқылы өтірік мақтап, оны бар қазаққа үлгі қылып, зымиян саясаттарын жүргізіп, үлкен ықпал жасады. Сол қазақтардың бірі орыс мектебін ашып қазақтың көзін “ашса”, бірі “қызыл жиһангер” атанып орыс фамилиясын бекер алған жоқ. Сол кезде орысша оқығаны бар, шоқынғаны бар, патшаға “адал” қызмет етіп, шен-шекпен алғаны бар, орыс ұлығына жағымпазданғаны бар, балаларына “папа” деп айтқызу, ұл-қызына Сергей, Руслан, Арсен, Андрей, Анатолий, Лена, Светлана, Венера, Лаура, т.б. қаптаған аттар қою мақтанышқа айналды. Осыларға арқа сүйеген орыс үкіметі қазақтарды жаппай шоқындыра бастады. Өздері Ресей құлдығында жатса да, татарлар қазақ даласына келіп, жаппай шоқындыруға қарсы қазақтарды үгіттеп, мұсылман дінін сақтауға шақырып біраз тосқауыл қойды. Бірақ, орыс отаршылары татарлардың қазақ бауырларына көмектесіп жатқанын біліп, патшаға “татарларды қазақ даласына жібермеу” жөнінде нұсқау шығартып, тыйым салды. ...Кенеттен Кеңес үкіметі орнап, билікке құдайсыздар келіп, қазақтарды шоқындыру кілт тоқтамағанда, қазір “нағыз чукча” болып аты бар, заты жоқ ұлтқа айналар едік. Кеңес Одағында шоқынғаны бар, шоқынбағаны бар, қазақтар жаппай дінсіздікке ұшырады. Бірақ, патшалық Ресей болсын, Кеңес үкіметі кезеңінде де, қазақтарды орыстар биледі. Кеңес үкіметі дәуірінде шоқындыру жүрмесе де, орыстандыру барынша қарқынды жүріп отырды. Өзінің не орыс екенін, не қазақ екенін дәлелдеп бере алмайтын бүгінгі деліқұлдардың көбейіп кеткені осының ақиқаты. Қазір, осылардың асығы алшысынан түсіп, айы оңынан туып тұр. Тәуелсіздік алдық десек те, сана қараңғылығына әлі жарық түспей жатыр. Қазақтар жаппай, балаларына “папа” деп үйретуден әлі тартынар емес. Қазақ «папалары» балаларына “папа” деп айтқызу арқылы, шоқындыруға, ұлтын, тілін, дінін сатуға бір қадам жақын дайындап отырғанын түсіне алар емес. Біраз қазақтың қазіргі шоқынып жүргені – олар кешегі тексіз қазақтардың ұрпақтары. Оның үстіне біз күнде мектептерде шіркеу “қоңырауларын” сыңғырлатып, құлақтарын қоңырау үніне үйретіп, мұсылман қазақ балаларын шоқынуға даярлап келеміз. Ертеде орыстардың өзі “папа” деген сөзді “нан, ас-ауқат” деген мағынада қолданып, әкелерін “батушка” деп атаған. Сонымен бірге, қазақтар да, орыстар да әкесіне “әке” деп сөйлемеген. «Көке мен әке» сөзінің мән-мағынасы жер мен көктей. «Әке» деген сөз, тек «бала туғызған» еркектерге айтылады. Он рет үйленіп, бала туғыза алмасаң «әке» атана алмайсың. «Көке» сөзі «Отбасын асыраушы, құдіретті, жаудан қорғаушы, баланы жаратып өсіруші, имандылыққа, ісләм дініне үйретуші» деген мағына береді. Сондықтан орыс «ғалымдары» мен шоқынған қазақтар да «көке» сөзін діни ескіліктің сөзі деп жамандап, сыналап отырып, отбасындағы әкенің құнын түсіру үшін, «көке» емес «әке» немесе «папа» деп алмастырды. Католиктер “папа” сөзін Иссус Христостың жердегі дінін таратушы өкілі, қызметшісі деп ұғады. Ал, біздің ата-бабаларымыз ислам дінін қабылдамай тұрғанда “көкке”, яғни тәңірге, “аспандағы” Жаратушы Иеге табынған. Сол Көк тәңірге табынған кезінде, көк тәңірдің, құдайдың жердегі өкілі қызметшісі деп әкелерін “көке” деп атаған. Мұсылман болғанда да көктегі жаратушы бір құдайға сыйынып, әкелерімізге “көке” десек, кейінгі жүз жыл көлемінде христиан дініне шоқынғандар мен орыстанып мәңгүрттенген қазақтар “папа” деп үйретті. Жәй қарапайым мұсылман қазақты былай қойып, қазіргі таңда “папа имамдардың” қай дінді уағыздап жүргенін білу біз үшін “қызық”. Ал оңтүстікте бір үйде қонақта болғанда баласы қораның артына барып; «па - па-паа-па-па-паа» деп есегін шақырып жатыр. Үйіне келіп әкесімен «пап - а-паа-па-пааа» деп сөйлесіп жатты. Сонда есі кеткен кейбір қазекемдердің папасы қайсысы екен деп ойланып қалдым. Өкінішті. Өздерінше «дамыдық» деп жүрген әйелдер балаларына “мама” дегізді. «Мама» сөзі көне хинди тілінде «Сүт беретін сиыр» деген мағынада қолданған. VIII ғасырдағы қазақтың сына жазбаларында анасына “апа” деп атайтындығы жазылған. Шоқынды қазақтардың шоқынды әйелдері орыстардың, “тетя Шура, тетя Валя, тетя Лена” т.б. сөздерін өздері қазақ болғасын “ұялғансып”, “Айгүл тәте, Фарида тәте, Айғаным тәте” т.б. деп қазақшаға аударып, қақылдап келеді. Ал, қазақтың әже, апа, әпке, апай, жеңге, нағашы жеңге, жиен жеңге, нағашы әпке, жиен әпке сияқты қазақтың қасиетті атауларын жойып көрінген әйелге “тәте” деген сөзді қолданып, зорлықпен сіңіріп келеді. Бұны әсіресе теледидар мен газет- журналдардағы ұлттық мәдениеттен хабарсыз өскен журналистер, ақын-жазушылар насихаттап келеді. Соның айғағы Қазақстан телеарналардағы халықтың ел орынға отырған кешкі уақытта көрсетілетін телесериалдарды қазақ тілді жұртшылық тайлы-таяғымен қалмай көріп отырады. Тілді, ұлттық қарым -қатынас атауларын бұлай бұзу, қазақшаны телесериалдардан үйреніп жүрген солтүстік қазақтарын шатастырып отыр. Қазақ тарихы мен салт-дәстүрінен хабарсыз аудармашы қазақ тілінің майын тамызып аударуға тілі жетпей, кейіннен қосылған бұралқы көше сөздерімен қазақ тілін бүлдіруде. Қазақ халқы осыдан елу жыл бұрын барлық облыста «тәте» сөзін тек еркектерге қаратып айтқан. Өзіміздің түркі тілімізде «дәдә» – «үлкен аға» деген сөзден «тәтеге» айналдырып алғанбыз. Грузиндер аталарына «мама» дейді. Біз де «үлкен ағаны»- «әйелге» айналдырдық. Бір күндері анамызға «көке» немесе «әке» дейтін шығармыз. Абай атамыздың: … Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы Ол ақынның білімсіз бейшарасы. Айтушы мен тыңдаушы көбі надан, Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы ,– деген нақылы келіп тұр.Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ.
Астана қаласы
qazaquni.kz