БІР ӨЗІ БІР ДӘУІР ЕДІ!..
2015 ж. 08 қыркүйек
3663
4
Қазақтың қос қыраны қатар кетті!..
Алтайдың ақиығы Бошай Кітапбаевтан соң, Алаш абызы Тұрсынбек Кәкішев те бақи дүниеге аттанды… Екеуі де тоқсанында да топжарған тарландар еді…
Қазақ руханиятының абызы, әдебиеттанушы ғалым, қазақ ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Тұрсынбек Кәкішев 89 жасына қараған шағында дүниеден озды.
Алатау бөктерінен жеткен қаралы хабарға қайғыра отырып, Алаш баласына көңіл айтамыз!
Біз ес біліп, етек жия бастағанда, ауылда мектепте жүргеннің өзінде Тұрсынбек Кәкішевтың аты дүрілдеп естілетін. Кейін Алматыға келгесін тіпті қаныға түстік. Бізге тап бір өзі жырлаған ана асыл арыстарымыздың қасынан қазір келгендей сезілетін... ҚазГУ-де оқымағанымызға осы Тұрсынбек, Зейнолла секілді алыптарды көргенде өкінетінбіз...
Тұрсекеңнен былтыр бір толымды сұхбат алған едік. Сонда өз бөліміне байланысты білім-ғылыммен ғана шектеп сұхбат алып келген тілшіге ескерту жасадым: "Тұрсынбек Кәкішевпен кездесіп, сұхбаттасып отырып, тек білім-ғылым жайлы ғана сұрақпен шектеле ме? Ол кісі деген тұтас бір дәуір емес пе? Неге ел мен жер жайлы, заман мен қоғам жайлы сұрамайсың?"-деп қайтып жіберген едім. Нәтижесінде Тұрсекеңнің тоқсанында да толғаған толымды толғамы дүниеге келген еді... Соңғы сұхбаттарының бірі болып қалды енді!..
Иә, бір өзі бір дәуір еді!..
Осыдан 4-5 жыл бұрын Алтайға, Қытай еліне сапарға бірге жүргелі тұрғанда көлденең киіп кеткен күйбең тірлікпен қалып қалғаныма енді қатты өкініп отырмын... Шежіре ғұламаның шешілгенін көрер ме едім...
Кездескен сайын газетімізге ризалығын білдіріп, жеке мақалаларға тоқталып, маңызды пікірін айтып қоятын...
Tұрсынбек Кәкішевтің соңғы құлаш сілтеуі - Абылайдың 300 жылдығында Көкшетаудағы сөзі болды. Сол кездегі Мемлекеттік хатшыға қаратып: "Әй, Марат"-деп, айтқан әйгілі сөзі бүгінгі билікке, елге, қоғамға айтқан өткір сөзі еді... «Абылайдың тойы Астанада өтуі керек еді. Бір жыл бойы Абылайдың жылы деп атап, үлкен биікке көтеріп сөйлейтін болсақ, өзінің ұлттығын ұмытып бара жатқан ұрпағымызға түсінікті болар еді. Әрине, оларға орысша да, ағылшынша да, шүршітше де түсіндіріп айта беруіміз керек. Бірақ қалай болғанда да осындай халықтық мәні бар, ұлттық мәні бар үлкен тойларды мемлекеттік деңгейде, жарқыратып көрсету керек еді»,-деп, бүкіл Алаштың ойындағы сөзін тіліп тұрып айтты! Ел алдындағы билікке айтқан соңғы сөзі де екен ғой!..
Ханға да қасқайып тұрып, ақиқатын айтатын, даты бар даралардың соңғы тұяқтарының бірі осы Тұрсынбек, Бошай секілді Алаштың абыздары еді. Қазаларының да қатар келуі қабырғамызды қайыстырып кетті!..
Қазақтың қос тарланына қатар қазанама жазамын деп кім ойлаған?!.
Қазақтың сөзін ұстаған қас тарлан Тұрсекеңдей тұлғаның есімі ұмытылмақ емес! Соңында қалың елі - қазақ жұрты, қара орманы - қалам ұстаған қалың қол шәкірттері қалды!
Иманы салауат болып, пейіште нұры шалқысын дейміз!
Қазыбек ИСА,
qazaquni.kz