Қазақстандағы мешіттерде АХАЖ бөлімінің анықтамасы жоқ жұпқа неке қиылмайтын болды
2015 ж. 07 қыркүйек
2675
2
Астанадағы «Президент телерадиокешені» ғимаратында белсенді жастармен кездесуі кезінде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы некені ойыншыққа айналдырған жастарды сынға алды.
Бас мүфти қазіргі кезде еліміздегі барлық мешіттерге АХАЖ бөлімінің анықтамасы болмаса ешбір жұпқа неке қимау жөнінде тапсырма берілгендігін жеткізді.
«Қазіргі кезде өзге ағымда жүрген бауырларымыз некені ойыншыққа айналдырып алған. Олардың арасында намазға келіп жүрген жас қыздарды «мен сенің түріңді көріп қойдым, шариғат бойынша сенің жүзіңді көргендіктен неке қиямыз» деп алдап, ата-аналарының рұқсатынсыз, тіпті машинасының ішінде достарын шақырып неке қидыратын үрдіс пайда болды. Ол жігіт бірнеше ай өткен соң «талақ» деп, әйелін екінші досына береді екен. Осылайша кінәсіз қыз бірнеше ерге күйеуге шығуға мәжбүр болатын көрінеді. Осындай жағдайға ұшыраған әйелдер бізге шағым айтып келеді. Олар негізінде дінді өзінің нәпсісіне бұрмалап алғандар. Байқасаңыздар, өзіміздің дәстүрлі дінімізді ұстанып жүрген бір де бір азамат олай істемейді. Олардың арасында ондай мәселе жоқ», – деп ашынған Бас мүфти некенің шарттары орындалмайынша неке қиылмайтындығын айтты.
«Исламда некенің шарттары белгіленген. Шарт бойынша екі жасқа ата-ананың рұқсаты керек. Сондықтан біз кейінгі кездері республикадағы бүкіл мешіттерге АХАЖ-ға барып тіркелмеген жұптарға неке қимау керектігі жайында тапсырма бердік», – дейді ҚМДБ төрағасы.
Заметили ошибку на сайте? Нажмите Ctrl+Enter
Дереккөз: NUR.KZ
Басып шығаруға арналған нұсқа