Командалық басқару заңдастырыла ма?
2015 ж. 19 тамыз
1946
0
Биыл елімізде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында 100-ден аса заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмекші. Соның бірі командалық басқару хақында болатынға ұқсайды.
Қазақстандық шенеуніктердің қайда барса да өз командасымен жүруіне, атап айтқанда, көмекшісін, хатшысын, кеңесшісін бірге ала кетуге рұқсат етілетін болды. Мемлекеттік қызметкерлерге қатысты заңға осындай өзгеріс енгізілгелі жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Әли Көмекбаев мәлімдеді.
2012-жылы мемлекеттік қызмет істері жөнінде заңға өзгерістер енгізіліп, басшы жұмыс ауыстырған кезде өзімен бірге командасын әкетуге қатаң тыйым салынған болатын. Бірақ заңға пысқырып та қарамағандар осы күнге дейін атқосшыларын бірге ертіп келгені белгілі. Командалық басқару әдісін мүлдем тоқтату туралы Елбасы да тұрақты айтып келеді. Соған қарамастан бұл тәртіп келесі жылдан бастап күшін жоятын түрі бар. Сөйтіп, бірінші басшы басқа қызметке ауысса өзімен бірге ең жақын қызметкерлерін ала кетуіне болады екен. Әрине, бұған қарсы шығушылар өте көп, өйткені бұл әдіс сыбайлас жемқорлыққа апаратын төте жол екені белгілі.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті