Теміртауда тағы да шу шықты
2015 ж. 12 тамыз
2163
0
«АРСЕЛОР МИТТАЛ ТЕМІРТАУ» КОМПАНИЯСЫ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫН 25 ПАЙЫЗҒА ҚЫСҚАРТТЫ
Көпшіліктің көңілін қалдырған, болашағын бұлыңғыр еткен бұл бұйрыққа өндіріс алпауытының бас директоры Виджай Махадеван қолын қойып, мөрін басып тұрып мыңдаған жұмысшыларға ресми түрде жария етті. Компания басшылығының «сыныққа» айтар сылтауы – Ресей рублінің құлдырауынан кейін көрші елдің өнімдеріне сұраныс жоғарылап, керісінше Теміртауда өндірілетін металл экспортының жолы жабылған. Виджай Махадеван дағдарыс кезінде жұмыс орындарын қысқартқанша, жалақыны төмендетіп жұмысшыларына«жақсылық» жасап, жалынды үндеу жолдапты. Бірақ, отты сөзбен отбасын асырай алмайсыз, бұл үндеудің ұжымға берер зиянынан басқа пайдасы жоқ. Ауыр жұмыс атқарып, кім аз ақша алғысы келеді. Күні-түні кеніштен шықпайтын кеншілер мен темірмен бірге балқыған металлургтердің кәсіподақ ұйымы жетекшілері бұл бұйрықпен танысып шығып, компания тарапынан еңбек туралы заңның бірнеше баптары бұзылғанын айтады. Жұмысшылардың жанайқайын жеткізген арыз-шағымдарын прокуратураға аттандырып та қойыпты. – «Компания басшылығы жылдың басында осындай бұйрық шығарған еді. Сол кезде де дәл осындай заң талаптары бұзылды. Арыз-шағым жазылған соң және үкіметтің араласуымен бұл мәселе шешілген болатын. Сол әрекетін тағы қайталап отыр» дейді «Қорғау» метталургтер мен кеншілер кәсіподағының бөлім бастығы Александр Поляков. Бұл атышулы компанияға кәсіподақ көсемдерінің ғана емес, Үкіметтің де айтар сөзі таусылғалы қашан. Кәсіпорындағы айқай-шу «созылмалы ауруға» айналғалы қай заман. Той жасағанда әлемді аузына қаратып тамсандыратын миллиардер сол ақшаны қолымен тауып беріп жатқан жұмысшыларына келгенде шекесі тырысып, Шығайбайға айналып шыға келетінін бұрыннан білеміз. Ресейдің арзан бағасы жалғыз Митталды ғана емес, біздің өзге де отандық кәсіпкерлерге қиындықтар әкелді. Бірақ, олардың біреуі де жұмысшыларының жалақысын кескен емес. Митталдың біздің кәсіпкерлерден сонда қай жері артық болғаны? Осы сұрақты миллиардерге тура қоятын кез келген секілді. Бұл жауапты міндетті тағы да Елбасының өзіне атқаруға тура келетін шығар, өйткені өзгелермен сөйлесуге Митталдың құлық таныта қоймайтыны баяғыдан белгілі.Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті