Бізде халық қаржысына жаны ашитындар бар ма?
2015 ж. 12 тамыз
2228
1
Соңғы кезде белсенділігімен көзге түсіп жүрген Есеп комитеті салалық министрліктерді былай қойып, тіпті Парламенттегі біраз былықтың бетін ашып берген секілді. Тексеру жүргізген комиссияның мәліметінше Сенат пен Мәжіліс бюджеттің 3 миллиардқа жуық теңгесін заңсыз жұмсап, мемлекетке қыруар шығын келтірген. Халық қалаулылары қызметтік көліктерімен оңды-солды қыдыруымен ғана 74 миллион теңгені жолға шашқаны айтылды.
Аймақтардағы жағдай да айтарлықтай емес. Есеп комитетінің дерегінше, облыс, аудан, ауылдарда миллиардтаған сома игерілмей қалған. Соның кесірінен мыңдаған отбасы баспанасыз қаңғып далада жүр, ал қаншама ауылдар тіршілік нәріне зар болып отыр.
– Шығыс Қазақстан облысы бойынша 41 миллиард теңгенің заңсыз жұмсалғаны анықталды. Ал бюджеттің 3 миллиард теңгесі негізсіз игерілген. Жалпы, облыс жыл бойы 117 миллиард теңге игерген,- дейді Есеп комитетінің мүшесі Александр Горянинов. Соның кесірінен Риддер қаласындағы 60 пәтерлі 3 үйдің құрылысы уақытылы аяқталмай, ондаған отбасы баспанасыз далада қалған. Осы қаланың атқамінерлері салынып бітпеген көпір үшін қазынаның қыруар қаржысын жұмсап жіберген. Бұл бір ғана мысал, ал еліміз бойынша қанша қаржы қолды болып, мемлекетке қанша зиян келгенін көз алдына елестетудің өзі қорқынышты.
Есеп комитеті Парламентте және өңірлер бойынша жүргізілген тексеру қорытындыларын ресми сайтында жариялап, қазына қаржысын көзсіз жұмсаған шенеуніктердің тізімін тұп-тура Бас прокуратура мен Ақордаға жібермекші. Соған қарағанда жақын күндері аймақтардағы бюджет ақшасын рәсуа еткен жемқорлардың соңына құқық қорғаушылар май шам алып түсіп, олардың біразы қатаң жаза алатын түрі бар.
Қатаң жаза демекші, құлқыны кең шенеуніктерді топ-тобымен түрмеге тығудамыз, о жағынан кемшілік жоқ, жоспар артығымен орындалып жатыр. Бірақ, содан жағдай түзелгенін көрмедік, нәтиже сол баяғыдай. Керісінше жемқорлық, халық қазынасын жеке мүддесіне орай шашу бұрынғыға қарағанда кең етек ала бастағандай. Әлде беймәлім бағытқа кетіп жатқан бюджет ақшасына бұрындар дәп бүгінгідей қатаң бақылау мүлдем болмағаны ма? Әлемді жайлаған дағдарыстың дүмпуін алдымен байқаған Елбасымыз министрлер мен аймақ басшыларына әрбір теңгені үнемдеп пайдалану керектігін ескерткелі Есеп комитетінің де қимылы ширай бастаған секілді. Соның өзінде, біздің сорымызға орай қазақ жеріне тап болған жемқорлық пен ысырапшылдық құқық қорғаушыларға бой берер емес. Бізге не болды? Өз халқымыздың басты жауы – өзіміз болып шыққанымыз ба? Басқасын айтпағанда, Парламентімізде осындай ысырапшылдық орын алады, мемлекетке кең көлемде зиян келтіреді деп кім ойлаған? Шынын айтсақ, көпшілік бұған әлі де сенер емес, тексерушілердің есебінде қате кеткен шығар деп өздерін-өзі жұбатып жүр. Мемлекеттік бағдарламаларға арналған қаржыны игермегендер мен оны жымқырғандарды аямай сынайтын, қоғамдағы келеңсіз жағдайларға байланысты орынды өткір пікірлер айтатын, еліміз сенім артқан депутаттарымыздың да халықтың қаржысына қабырғалары қайыспағаны ма? Қолында билігі бар әкімдерден баяғыда күдер үзген қарапайым халықтың соңғы үмітінің де үзілгені ме? Бізде мемлекет қазынасын үнеммен, ұқыптылықпен ұқсататын тым болмаса бір мекеме, елі мен жері үшін жанын беретін ары таза, намысы биік бірде-бір адам қалмағаны ма? Сонда кімге сенуге болады бұл жалғанда?..
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті