«Халық банкіне» жұмысқа тұрып нең бар еді, құлыным?..
...Менің алдымда шардаралық (Оңтүстік Қазақстан облысы) бір топ әйелдің Мәжіліс төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева мен Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева ханымдарға жазған хатының бір данасы жатыр. Бұл хат не туралы және оның жазылуына не себеп?
Хат - балалары жазықсыз сотталып бара жатқан аналардың жанайқайы. Жазылуына себеп – «суға кеткен тал қармайдының» кері. Дариға, Зағипа да ана ғой, жай-күйімізді ең болмаса солар түсінетін шығар» деген соңғы үміт...
Біздің басылым бұл сот жайлы былтыр желтоқсан айында жазған болатын. Сонда да оқиғаның қалай орын алғаны жайлы бір-екі ауыз сөз.
2013 жылы 13 желтоқсан күні түнде Шардара қаласындағы «Халық банкінің» филиалынан 63 млн.теңге ұрланады. Күдікті ретінде «ұйықтап қалыппын» деген күзетші А.Жарбаев бірден қамауға алынады. Үш ай бойы жұмыс істеп, түк таппаған тергеушілер 2014 жылдың 8 наурызында «күзетші көрсетті» деп,
банктің филиал директоры М.Ахметов бастаған бес бірдей қызметкерін сол күні тағы қамауға алады. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, банк директоры бастаған бес бірдей қызметкер өздері нанын жеп отырған мекемені тонайды дегенге кім сенеді? Қазақ «сөздің өтірік-шынына қарама, қисынына қара» деген. Шын ұрыларды таба алмай сасып, «артымен сүңгіген» тергеушілердің осы сөзінде иненің жасуындай қисын бар деуге келе ме? Тіпті қылмыстық топ құрылды деген күнде де оның құрамында екеу, ары кетсе үш адам болуы мүмкін, бірақ бақандай алты адамның басы бірігуі мүмкін бе? Ал, полицейлер болса оларды ұрып-соғып, қинап, азаптап, «біз ұрладық» дегізіп, кінәларын мойындатады. Кейін олардың бәрі де бұл мойындаудан бас тартуы, соққы, азап көргені жайлы арыздануы себепті 2014 жылы 22 сәуірде ОҚО ІІД қызметкерлері М.Қосмамбетов, А.Байыспаев, С.Қожамұратов, Н.Татаев, К.Тасанов және Е.Байғараевтың үстінен заңсыз әрекеттері үшін қылмыстық іс қозғалып, 28 сәуір күні облыстық прокуратураның арнайы басқармасы өндіріске қабылдағанымен, осы басқарма бастығы А.Айымбетов, аға тергеуші А.Қуанышбаев, облыс прокурорының орынбасары А.Қожахметов 7 қарашада «қылмыстың құрамы болмауы себепті» бұл істі қысқартып жібереді.
Өткен жылдың қарашасында басталған сот биылғы 28 мамырда аяқталды. «Істің қандай екендігі аяқталуынан емес, басталуынан байқалады» деп Абай атамыз айтқандай, заң бұзушылық алғашқы тергеуде ғана емес, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотында судья Ш.Бийсимбиева жүргізген сот тергеуінде де жалғасты. Ол жайлы айыпталушылардың қорғаушылары қаншама өтініш (талап-тілек) бергенімен, ешқайсысы қанағаттандырылған жоқ. Ал, ҚР ҚІЖК-нің 102 бабы 5-тармағына сай: «Егер ол iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге, процеске қатысушылардың немесе басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге жәрдемдесетiн болса,
өтiнiш қанағаттандырылуы тиiс».
Сонда басқа емес, бұл саладағы ең құнды нәрсе - қылмысты іс жүргізу кодексінің талаптары бұзылғанын тайға таңба басқандай етіп көрсеткен өтініштер неге қанағаттандырылмады? Неге судья олардың орынсыз екенін дәлелдемеді?
Сонымен, 28 мамырдағы сот үкімі көптің алдын-ала «күткеніндей» болып шықты – азаматтар 5 жылдан, 6 жылдан «арқалады». Неге тергеу ісі де, сот тергеуі де заң қалыптарын бұза отырып жүргізілді? Заңгер Жаңабек Әбішев бұл сұрағымызға мынадай түсінік берді:
-
Мәселе мынада. Басқа банк тоналса заң бұзушылық мұншама мол болмас па еді, ал, «Халық банкінің» иелері – Динара Назарбаева мен Тимур Құлыбаев. Тергеушілер «бұл істі аша алмадық, ұрыларды таба алмадық, таба алмағандықтан ақшаны орнына қоя алмадық» деп банк қожайындарына баян етуге бата алмайды. Оларға қалайда кінәліні табу, «таптық» деп есеп беру қажет. Ал, судьялар неге олардың бұл заңсыз ісіне көз жұма қарайды дегенге келсек, біздің елде судьялар тәуелсіз емес, олар сайланбайды, тағайындалады.
Бұл істі әділ шешудің бір ғана жолы бар – ол үшін айыпталушылар Қазақстандағы барлық судьяларға сенімсіздік білдіруі, «қарсылық» көрсетуі, орысша айтқанда «отвод» беруі қажет. Мен бұл жайында олардың адвокаттарына да кезінде айтқан болатынмын, бірақ, «Қарсылық» көрсетуге олардың дәті бармады ғой деймін...
29 шілдеде Шымкент қаласында басталған облыстық апелляциялық сот тергеуінде сотталған азаматтардың қорғаушылары (аналары мен әйелдері) жоғарыдағы уәжге сүйене отырып, жекелеген судьяларға, соттың апелляциялық алқасына мынадай негіздерге сүйене отырып Қарсылық берген. Онда:
«Полиция тергеушілері банктің қожайындарына «біз ұрыларды таба алмадық» деп баяндауға бата алмағандықтан, жазықсыз жандарды азаптап, сотта мойындамаса да «ұрылар – осылар» деп есеп беріп отыр;
Судьялар да тергеу амалдары шектен шыққан процессуалдық заң бұзушылықтармен жүргізілгенін көрсе де, көрмеген болып, Құдайдан қорықпай, істің осылай біткеніне мүдделі екендігін айқын көрсетіп отыр»-деп атап көрсетілген.
Қорғаушылар қарсылық қанағаттандырылмаған жағдайда заңнама баптарына нақты сілтеме жасай отырып, көрсетілген уәждің әрқайсысын жеке-жеке дәлелді, дәйекті түрде теріске шығаруын талап еткенімен, ондай дәлелдер, дәйектер келтірілмеген күйде қанағаттандырылмай жатыр. Г.Ахметованың облыстық соттың толық құрамына берген қарсылығы да «...заңда көзделмеген» деп кері қайтарылған. Енді олар ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 87-бабының 10-бөліміндегі «...бірнеше судьяға немесе
бүкіл сот құрамына берілген Қарсылық...» деп көрсетілген заңдылық талабына сүйене отырып тағы да қарсылық жазбақшы. Қарсылық қанағаттандырылмаған жағдайда ҚР ҚІЖК-нің 87-бабының 10-бөлімінің талабына сәйкес облыстық соттың толық құрамы көпшілік дауыспен қабылдаған шешімімен жазбаша түрде таныстыруын өтінбекші.
Бұл істе ең күйініштісі – Халық банктің жоғарыда аталған құдіретті қожайындары шығандағы Шардарадағы филиалының тоналғанынан мүлде хабарсыз болуы әбден мүмкін ғой. Естіген күнде де «анық табылмаса қайтеміз, жазықсыз жандарды жазаламаңыздар» деуі де ғажап емес... Ал, біздің судьяларымыз қара қылды қақ жарар әділдік көрсетпеген әрбір жағдайда, әсіресе жазықсыз жандардың (іштерінде шын мәнінде кінәлілері болса анықталғанына, жазасын тартқанына ешкімнің дауы жоқ) тағдырына балта шабылайын деп отырған бүгінгідей істе ҚР Президентінің өздеріне артқан асқан зор сенімін ақтамайтынын, оның мәртебелі атына кір келтіріп, абыройына көлеңке түсіретінін ойлай ма екен?..
Өмірзақ АҚЖІГІТ,
Qazaquni.kz