Әліби ісі: Қайрат Жамалиев 13 жылға сотталды
2015 ж. 07 тамыз
2359
1
Кәсіпкер Қайрат Жамалиев 13 жылға сотталды, ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болды. Сонымен бірге, оның мүлкі тәркіленеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астанадағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот залынан.
Бұл істі қарап жатқан сот төрағасы Ербол Рахымбеков биылғы 11 маусымда басталған атышулы сот процесіне нүкте қойды. Соттың жабық түрде өткен іс қарауы екі айға жуық уақытқа созылды.
Сот үкімі шығарылып жатыр. © Tengrinews.kz
Соттың шешімі бойынша, Арман Әбілтаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды, ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Ал Анатолий Прибытков қатаң режимдегі колонияға 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуінің де мүлкі тәркіленеді.
Tengrinews.kz тілшісінің хабарлауынша, Жамалиевке қатысты үкім оқылып біткеннен кейін сотталушының туыстарының жылаған дауыстары естілді.
Айта кетейік, соттың шығарған үкіміне сәйкес, мұнда мәселе сотталушылардың барлық мүлкін тәркілеу туралы болып отыр. Ал сотталушылардың бұл үкімге шағымдана алатыны айтылып отыр.
Сотталушыларға үкім шығару ашық түрде өтті. Айта кетейік, осыған дейін мемлекеттік прокурордың істегі басты күдікті кәсіпкер Қайрат Жамалиевті 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны хабарланған еді. Сонымен қатар, ол Әбілтаевті мүлкін тәркілей отырып 8 жылға бас бостандығынан айыруды, ал Прибытковты 7 жылға бас бостандығынан айыруды талап еткен еді.
Көк костюмде Арман Әбілтаев. © Tengrinews.kz
Әліби Жұмағұлов. © Tengrinews.kz
Айта кетейік, осы іс бойынша басты сот отырысы 11 маусымда басталған болатын. Ол кезде сот алдына Қайрат Жамалиев пен Анатолий Прибытков келді. Арман Әбілтаев болса ол кезде іздеуде болған. Сот процесі басталғаннан кейін бір аптадан соң Әбілтаев ұсталды. Қайрат Жамалиев үш бап бойынша айыпталған: 194-бап 4 - Қылмыстық топпен ірі көлемде ақша бопсалау (мүлкін тәркілеу арқылы үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған); 126-бап 2 - Алдын ала сөз байласып адамдар тобымен адамды оны ұрлауға байланысты емес бас бостандығынан айыру (бес жылға дейін бас бостандығынан мүлкін тәркілеу арқылы жазалау немесе мүлкін тәркілеусіз бес жылға бас бостандығынан айыру жазалау шарасы қарастырылған); 121 бап 2 - Еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолданбақшы болып қорқытып не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жасалған нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттерді адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жасау, өлтіремін деп қорқытумен ұштасқан, сондай-ақ жәбірленушіге немесе басқа адамдарға қатысты аса қатыгездікпен жасау (бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру).
Еске сала кетейік, Астана тұрғыны Әліби Жұмағұловты ұрып-соғуға байланысты дау биылғы сәуірде басталған еді. Жігіттің әкесі Нұрлан Жұмағұлов әлеуметтік желіге баласының суретін салып, оны қаладағы белгілі кәсіпкер Қайрат Жамалиев ұрды деп хабарлады. Кейін кәсіпкер ұсталып, екі айға қамауға алынды. Айыпталушы Жамалиев пен Прибытков кінәларын мойындаған жоқ, олар өздеріне тағылған айыппен келіспейді. Қайрат Жамалиев Әліби Жұмағұловқа тек дене жарақатын салдым деп отыр.
tengrinews.kz