Селден «қорықпайтын» сергелдең ел...
2015 ж. 28 шілде
7446
61
...Қытай елінде түн жарымындағы шырт ұйқымды оқыс хабарлама бұзды: «Алматыны түрі жаман, екпіні шыдатпайтын аса мол топан су басып жатыр...»
Ұйқым шайдай ашылды... Түн жарымынан ауған. Таңның алды. Құмырсқа-халық қалың ұйқыда...
Жүрегім тас төбеме шықты. Алматыдағы бірде-бір адамның телефонына хабарласа алмадым. Алла сақтасын, шынымен... Астағфраллаһ! Бұлай болуы мүмкін емес...
Парадокс! Қазақтың төтенше жағдайларына Владимир БОЖКО деген біреу келгелі бері топан судан да, топалаң шудан да көз аша алмай қалдық...
Меніңше, мұның өзі әсте де кездейсоқтық емес, табиғи заңдылыққа көбірек ұқсайды. Өйткені, төтенше жағдайға – бөтенше жағдай қажет болып тұр. Сірә, Жаратушы Иеміз қазаққа осындай белгі беріп жатыр. «Оу, мұсылман қазақ, есіңді жи, етек-жеңіңді жина, есерден аулақ бол, нөсерге әзір бол!» – деп ескерткендей...
Арада 300 жылға пара-пар 3 сағат өткенде ғана: «Төтенше оқиға түнгі сағат 03:00 шамасында орын алып, көлдегі бөгеттің бұзылуынан 40 мың текше метр су асты. Тасқын су Қарғалы өзенін құйып, одан асқан су Алматы қаласының үш ауданын ішінара басып қалды. Соның ішінде Наурызбай ауданы сел тасқынынан көбірек жапа шекті. Қарғалы өзені бөгеті маңынан 898 жергілікті тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшірілді. Орын алған жағдайды жіті бақылау үшін әуеден бақылау жалғасуда. Қалпына келтіру, тазарту жұмыстары да жүзеге асып жатыр. Бұдан бөлек, су басқан көшелер, аулалар мен қаланың шағын аудандарындағы төтенше оқиғаның келтірген шығындарын бағалау жұмысы жалғасады» – деген құрғақ ақпарат әрең жетті...
Шүкір! Жүрек саябыр тапты. Қан қысымымыз қалыпқа келгендей болды. Су іштік...
Қарғалы өзеніндегі артық су өзен бойымен шлюздер арқылы төмен қарай біртіндеп аударылып жатырған көрінеді. Төтенше жағдайдың салдарын жоюға 1196 адам, 160 техника, 3 тікұшақ жұмылдырылыпты.
Таң атып, күн шыққан тұста Алматы қаласының әкімі Ахметжан ЕСІМОВ тікұшақпен аспан торлап жүргенде, төтенше жағдайларға жауапты Владимир Божко астанадағы салқын пәтерінде саябыр тауып, салбырып ұйқыға бөгіп жатты...
«Қазселденқорғау» дейтін аты мен заты ұмытылған мекеме: «Алматы жұртшылығы үшін дүрлігуге еш негіз жоқ. Селден қорғау нысандары берік, ешқандай сызат түсіп, зақым келмеген» – деген біржапырақ хабарламасын түстен кейін әупірімдеп зорға жеткізді...
Құдай сақтасын, мына мекемелердің жауапсыз да жайбасар қимылы, шынымен су басса, Алматының суы Шу даласын жеткенде ғана білетін болдық... Селден «қорықпайтын» сергелдең ел болғанымыз ғой...
Иә, қазақты құдай бұл жолы да мықтап сақтады. Биліктің барын да, мемлекеттік мекемелердің әрекетін де ешкім сезінген жоқ.
Дүрліккен ел, шулаған жұрт ешкімнен, ешқайдан, ешбір ақпарат ала алмай, бір-біріне қауіпті хабарлап, үйден шығып, үрпиісіп таң аттырыпты. Халық шошып та, босып та кетті. Осыншама жауапсыздыққа ешкім жауап берген жоқ. Ешкім жауапқа тартылмады. Бірақ, Алматы жұрты да, жалпы қазақ қауымы да қауіптің ауқымын сезді, түсініп-түйсінді...
Әлеуметтік желілердегі жұрттың наразылығында шек болмады. Мысалы, ашынған бір жігіт: «Төтенше жағдайлар қызметі шұғыл қимылымен халықты құлақтандырып әрі тыныштандырып отыруы керек еді. Ана бір Бөшкенің (Божко) қазаққа жаны ашымайды. Бөшкелердің Ресей деген «запасной аэродромы» бар, бізге – қазақтарға – туған жері – Қазақ Елінен басқа отан жоқ! Төтенше жағдайлар комитетін бөлек, үлкен де қуатты министрлік етіп қайта құрып, министр лауазымына Әміржан Қосановты (Бөшкенің орнына) тағайындауды ұсынамын! Мені қолдаңыздар, қазақтар! Әйтпесе, «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, «пәленше – ана Жүздің жігіті, «түгенше – оппозиция» деп жүргенде, топан су тұншықтырып кетуі де әбден мүмкін. Құдай қамқор болсын, қазаққа!» – деп, жанұшыра жар салды!..
...Ал, Владимир Божко: «Алматы қаласында орын алған сел тасқыны күннің күрт ысуы салдарынан тау ішіндегі мореналық көлдің арнасынан асуынан орын алған» – депті. Сөйтсек, сеніп тапсырылған шаруашылығының алқам-салқамын шығарған, қаржысы мол мемлекеттік қызметін атқара алмаған (немесе әдейі атқармаған) Божко кінәлі емес, кенет күрт ысып кеткен Күн кінәлі болып шығыпты?!.
Бұл не: «Жаны ашымастың қасында, басың ауырмас» па?..Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
qazaquni.kz
(сурет livejournal.com сайтынан алынған)