Қайрат НҰРТАС жат тілге мұқтаж емес!
2015 ж. 12 шілде
4480
3
Ғаламторда Adam Xazar дейтін атын жасырған дүмбілез біреу менің қандас бауырым Қайрат Нұртасты «Мәмбет» деп атапты...
«Орысша екі сөздің басын құрай алмаса да, Муз ТВ жүлдесіне лайық деп танылған колхозшы Қайрат Нұртас Омбыны қазақтың қаласы дейді. Бұл мәмбет Ресей қала салып жатқанда, өзінің ата-бабасы ен далада қой бағып, қала салу ойында мүлде болмағанын білсе ғой…», - деп жазыпты Adam Xazar деген дүмше...
Рас, өткен жылы Омбы қаласында өткізген концерті кезінде Қайрат Омбыны қазақтардың қаласы деп атады. Иә, Қайрат дұрыс айтады, Омбы – қазақтың жері болған және болып қалады да, мұны тарих дәлелдеген.
Кейбіреулер «Мәмбет» сөзінің Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) есімдерінің бірі екенін ескертуде. Мұндайда қазақ: «Өлетін бала – молға қарай қашады» дейді...
Ал, әлгі сандалбай Adam Xazarдың жасырын атпен пікір жазғанының өзі - оның ата-бабасының да, өзінің де қазаққа тура сөз айта алмайтын сужүрек екендігін дәлелдейді...
Мұхтар Шаханов ағамыздың бірде: «Тіл, ұлт мүддесі төңірегіндегі мәселелерге немқұрайды қарайтын азаматтарды – қазақ деп есептемеймін!» – дегені бар еді. Ал, Қайрат НҰРТАС – нағыз Қазақ! Ана тілінің уызын қанып ішкен рухты қазақ!.. Сондықтан, Қайрат НҰРТАС орыс тіліне мұқтаж емес!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
«Қазақ Елі» халықтық қозғалысының төрағасы