АРАНЫ АШЫЛҒАН БАНКТЕРДІҢ АШКӨЗДІГІНДЕ ШЕК ЖОҚ
2015 ж. 08 шілде
2236
7
Депутаттар тағы да Тұрғынүй құрылыс жинақ банкінің қызметіне қатысты сын айтты. Халық қалаулыларын несие алу үшін салымшылар жинауға тиісті алғашқы жарнаның көлемі шошытып отыр. Себебі, банктің пәтер құнының 50 пайызын талап етуі ақылға сыйымсыз дейді олар.
– 50 пайызын жинағанша кісі қартайып кетеді, болмаса өліп қалады. Дүниежүзінің бәрінде 10 пайызын жинаса несие береді. Бізде – 50 пайыз. Жартысын жинағасын ғана несие аламыз. Менің ақшамды жинап үшінші кісіге береді. Ол дұрыс па? Дұрыс емес. Үкімет ақша беріп жатыр. Оны неге ұқыптап бермейді? – деді депутат Тұрсынбек Өмірзақов.
Мемлекеттік банктің ашкөздігінен халықтың арзан пәтерге қолы жетпей жатыр. Үстемақының көптігін айтпағанда, комиссияны да аспандатқан Тұрғынүй құрылыс жинақ банкінің басқа коммерциялық банктерден еш айырмашылығы жоқ дейді депутат. Сондықтан, бюджеттен қаржыландырылатын банкті сабасына түсіруді өтініп, Премьер-министрдің атына хат жолдады. Сол сияқты мәжілісмендерге де арзан пәтерге қатысты қойылатын қосымша жаңа талап ұнап отырған жоқ. Ол бойынша, егер жас жұбайлардың бірінің басқа қалада тіркеуде тұрғаны анықталса, дереу тізімнен сызылып тасталады екен. Яғни, отау құрғысы кеп жүрген қыз-жігіттерге, болашақ теңінің бір қаладан болуы шарт. Депутаттар бұл ережені де ессіздік деп отыр.
Светлана Романовская, Мәжіліс депутаты:
– Бұл дегенің басқа облысқа қыз беріп, қыз алмауды заңмен бекіткенмен бірдей ғой. Масқара жағдай, тіпті Конституцияға қайшы әрекет.
Қос палатаның да депутаттарының дүрлігетіндей жөні бар. Ақылға сыйымсыз емес, ақылдан алжастыратын біздегі банктердегі бассыздықта шек жоқ, оған қашан тыйым болары да белгісіз. Жоғары үстеме арқылы ауадан ақша жасаған осы сала халықты қанша жылдан бері қанап келеді. Арандары ашылған банктер қаншама адамдардың обалына қалды. Несиені төлей алмағандарды далаға қуып, баспанасынан айырды. Осының кесірінен көптеген тұрғындарымыз өзіне-өзі қол жұмсап мерт болды. Біздегідей 15-20 пайыз үстемені әлемнің бір елінен де таппайсыз. Тіпті, алған ақшаны екі есе етіп төлеуге мәжбүр болғандар бар. Ал, дамыған елдердің бәрінде бұл көрсеткіш 3-5 пайыз аралығында ғана. Біздің банктердің олардан қай жері артық? Көрсеткен қызметі жағынан шетелдегі әріптестерінен әлдеқайда артта келе жатса да үстемесі үдеп барады. Біле білсек бұл халықтың қанын сорғанмен бірдей ауыр қылмыс. Мысалы, біреудің 500 теңгесін тартып алсаңыз сотталасыз. Ал, банктер болса отандастарымызды қанаудың жолын заңдастырып алып білгенін істеуде. Қандай да бір қылмыс үшін, мейлі банкир болса да басымен жауап беру керек қой, сонда әділдік орнар еді. Сондықтан, осы саланың қызметін реттейтін, қарапайым адамдардың мүддесі мен мүмкіндігіне сай келетін нақты қатаң заң керек.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті