Қазыбек ИСА, «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары, «Қазақ үні» газетінің президенті, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың – «Алтын күз» орденінің иегері:
02.07.2015
– «Қазақ үні» ұлттық порталы қазақтілді, орыстілді сайттар арасында рейтинг бойынша алдыңғы орынға шығыпты. Бұл қандай жүйе бойынша анықталған?
– Қазір интернет сайттарының рейтингін анықтайтын каталогтардың бірнеше түрі бар. Kaz.kz, Zero.kz, Goto.kz, liveinternet.ru рейтинг анықтайтын каталог сайттардың қатарына таяуда қазақтілді сайттардың рейтингін анықтайтын Sanaq.kz сайты қосылды.
Журналистер күні мерекесі қарсаңында қазақтың үні бола біліп, ұлттың мұңы мен жырын жырлап, ұлттық мүддені қайсарлықпен қорғап келе жатқан «Қазақ үні» ұлттық порталы қазақтілді сайттар ішінде маңдайы жарқырап, бәрінен оқ бойы озып шықты. Ғаламтор әлеміне жаңадан шыққан Sanaq.kz сайттар рейтингі бойынша да, тіпті 5549 сайт тіркелген Goto.kz рейтингі бойынша тек қазақтілді емес, орыстілділерді қосқанда да, жалпы БАҚ аталымы бойынша бірінші орынға көтерілдік. Бұрыннан келе жатқан kaz.kz, zero.kz, liveinternet.ru рейтингтері бойынша да қазақ сайттарының алдыңғы қатарында келеміз. Әрине, бұл көрсеткіштер қатып қалған анықтама емес, сайттардағы оқылымды материалдардың аз-көптігіне байланысты өзгеріп отырады.
Халықтың ойын айтып, сөзін сөйлеген сайтты халық та қолдап, іздеп, оқып жатыр. Арман-мұңын жазып жатыр. Бүгінгі күннің саңлақ сайты болып отырған Qazaquni.kz ұлттық порталына бұдан артық тарту жоқ! Таяуда ғана ең соңғы үлгіге көшкен сайтымыздың дизайндық жаңаруын – сәнді сәулетін де халық жақсы қабылдады.
Ал жалпы, Қазақ контенті туралы сөз қозғар болсақ, қазір ерекше қарқын алып келе жатқанын айтуға тиіспіз. Әрине, орыстілді сайттармен салыстырғанда, саны өте аз әзірше. Бірақ қазақ контентіне кірушілердің саны мен олардағы пікірталастардың көлемі тез қарқынмен өсуі көңілге үміт ұялатады. Алдыңғы қатардағы abai kz, alashainasy kz, baq kz порталдарын, қарқыны күн сайын күшейіп келе жатқан, қазір қамшы салдырмай тұрған qamshy.kz сайтын, тіпті енді қимылдай бастаған gu-gu.kz сайтына қарасақ та, бұған анық көзіміз жетеді. Қоғамдық пікір тудыруда қазір қазақ сайттары алдыңғы қатарға шықты. Бір-екі ғана мысал, өткен жылы Өскеменде бір түнде қойылған Абай мен Михаэлистің ергежейлі ескерткішінің бір күн ғана тұрып, алынып тасталуы «Қазақ үні» бастаған қазақ сайттарының көтерген шуының арқасында болды. Сондай-ақ Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовтың шетелде «Қазақ елі» атауына байланысты үстірт айтылған сөзіне Парламент қабырғасында түсінік беріп, ақталуы да осыны аңғартады…
Сонымен бірге қазақ контентінің әралуан тақырыптарды қамтып жатқаны да көңілге қуаныш ұялатады. Тек мұнда да қаржылық қолбайлаулар кедергі келтіріп жатқанын айтуымыз керек.
– Порталға өзгеріс енгізгелі көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен қандай мақалалар көп оқылады?
– Qazaquni.kz сайты 2009 жылдың екінші жартысында «Қазақ үні» газетінің электрондық нұсқасы ретінде ашылды. Ал былтырдан бері өз алдына ұлттық ақпараттық портал ретінде оқырмандарды күнделікті 24 сағат бойы ақпараттармен қамтамасыз етіп келеді. Өз алдына БАҚ ретінде тіркеу куәлігі бар. Бас редакторы – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, дарынды ақын Азамат Тасқараұлы.
Порталда мақалалар ұлттық мүддені қорғайтын, әділдік туын көтерген тақырыптар, діни мақалалар көп оқылады. Сонымен бірге жеңіл шулы-шоулы мақалалардың да оқырмандары көп болатыны белгілі. Сайтымыз алғашқылардың бірі болып латын әліпбиін қосқан еді. Сондықтан Батыс Еуропа, Түркия қазақтары оқиды, олардан хаттар да келіп жатады. Былтыр төте жазу әліпбиін де енгіздік.
– Сайт мақалаларының оқылуын өзіңіз тікелей қадағалап отыратын сияқтысыз...
– Әрине, күнделікті қадағалауға тырысамын. Онсыз болмайды. Қандай мақалалардың көп оқылатынына, қалай пікір жазылатынына шолу жасап отырамын.
– Рейтинг жинау үшін бірқатар сайттар ойдан құрастырылған материалдар жазуға тырысады. Сіздер оқырмандарыңызды шынайы ақпараттарыңызбен сендіре аласыздар ма?
– Бізде ойдан құрастырылған мақала жазылып көрген емес. Біз болған оқиғаны ғана жазамыз. Сонымен бірге, поштамызға үзбей мақалалар келіп жатады. Соларды жариялап отырамыз. Белгілі ақпарттық агенттіктер материалдарын да пайдаланамыз. «Қазақ үні» газетінің мақалалары да жүйелі түрде түгел жарияланып отырады.
– Жалпы, «Екінші әйел болғым келеді», «Жездеме ғашықпын», «Жеңгемді ұнатып қалдым» деген сияқты әңгімелерді елге ұсыну қаншалықты қажет деп ойлайсыз?
– Сіз айтып отырған тақырыптар қазақ оқырмандарына жат тақырып деп ойлаймын. Бұлардың ішінде «Тоқал болғым келеді» деген тақырып қана қазіргі ең көп талқыланатын мәселе болғандықтан (тіпті Парламент қабырғасында да ауық-ауық көтеріліп қояды), біздің сайтымызда жарияланды. Талқылануы мен оқырмандар кіруі өте жоғары болды. Жалпы, сайт болсын, басылымдар болсын, кез келген тақырыпқа ең алдымен ұлттық мүдде тұрғысынан қарау керек деп білемін.
Біздің өз оқырмандарымыз қалыптасқаны сонша, кейде жеңіл тақырыптарды жариялай қалсақ, «Қазақ үні» неге мұндай жеңілтек тақырыптарға барады?» деп шу ете қалады. Сондықтан негізгі мақсатымыз – «Қазақ үні» деген атымызға сай болуға, салмақты дүниелер жариялауға ұмтылу.
– «Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының оқырмандары арасында айырмашылық бар ма?
– Айтарлықтай айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Дегенмен біз сайтта күнделікті жарияланып отыратын хабарлардың бәрін газет бетіне бере бермейміз. Сонымен қатар сайт интернет құралы болғандықтан, оқырмандарының көбісі қалалықтар болатыны да заңды. Ал газет оқырмандарының басым бөлігі ауыл тұрғындары екені анық.
– Бастапқыда «Жас қазақ үні» деген атпен оқырманға жол тартқан «Қазақ үні» газетінің жарық көргеніне 11 тамызда 15 жыл толады. Қалай атап өтпек жоспарларыңыз бар?
– Сіздің сұрағыңызды пайдаланып, «Қазақ үні» газеті туралы біраз ақпар бере кетейін. Тәуелсіздік жылдары көптеген басылымдар шықты. Содан іріктеліп, бүгінге санаулысы ғана жетті. Небір алпауыт кәсіпорындардың, ірі саяси партиялар, қалталы олигархтар құрылтайшылық еткен басылымдар да шығуын тоқтатты. «Қазақ үні» газеті «Жас қазақ үні» деген атпен 2000 жылы ашылды. Біздің басылымның өркендеп келе жатқаны «достарымның» пайдасы. Олар газет алғаш шыққан кезде «Ертең-ақ жабылып қалады. Қазыбек журналист емес, суретші, ақын ғой» дегенін естіп, намысқа бастым. Заманбек Нұрқаділов ағамыздың Алматыны басқарып тұрған кезінде баспанасыз қазақ жастарымен бірге иесіз жерлерді басып алып жүріп, зорға қолым жеткен «Таугүлдегі» он сотық жер телімін сатып, ол кезде 3 мың доллар ғана болды, бұл жоғары баға еді, осы газетті ашуға бел будым. Ойлап көріңіз, Алматыда баспанасы жоқ адамның зорға қолы жеткен жерін сату қандай қиын болғанын... «Жас қазақ үні» болып ашылған газетімізде ең алдымен жастар жұмыс істеді. Жаңа ашылған редакцияда істеп немесе автор ретінде мақалалар жазып, қолғабыс еткен жастар қазір әрқайсысы елге белгілі аты бар қаламгерлерге айналды. Олар Әмірхан Балқыбек, Болатбек Төлепберген, Ақеділ Тойшан, Гүлбиғаш Омар, Әлібек Шегебай, Жанарбек Әшімжан, Қонақбай Саттаров, Берік Бейсенұлы, Төреғали Тәшенов, Шәріпбек Әмірбекұлы, Шыңғыс Асқарұлы, Бекжан Әшірбек, Алмат Исаділ, Гүлжанат Шонабай, Құтмағанбет Қонысбай, Ләйла Сұлтанқызы және т.б.
Әрине, «Қазақ үні» газетінің қарышты қанат жайып келе жатқанына көптеген елім деген ерлердің, руханиятқа қамқор Иманғали Тасмағамбетов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Ислам Әбішев, Азат Перуашев сынды атпал азаматтардың да еңбегі зор.
«Қазақ үні» газетінің Қазақтың үні, мұңы болып, Қазақтың жоғын жоқтауда өзіндік ұстанымынан айнымай келе жатқаны елге белгілі. Себебі қазақтілді баспасөз бір ғасыр бұрынғы алашордалықтардың «Қазақ» газетінен бастасақ та, қазір де тәрбиелік рөл атқарып келеді және атқара береді. Себебі сол жүз жыл бұрынғы ұлттық мүдделер бүгін де, Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырында да күн тәртібінен түспей келеді. 1915 жылғы «Қазақ «газетінде де, 2015 жылғы «Қазақ үні» газетінде де ел мен жер жағдайы, көрші елдермен қарым-қатынастағы ұстанатын экономикалық-саяси бағыт, мемлекеттік тіл, ағарту, білім-ғылым мен мәдениет мәселелері, ұлттық мүдделер көтерілуі және ол үгіт-насихат түрінде жазылуы сондықтан. Яғни бұл – қазақ журналистикасындағы ұлттық һәм мемлекеттік қажеттілік!.
2014 жылғы есеппен елімізде 2532 газет-журнал болса, соның 500-дейі ғана қазақ тілінде шығады. Бұл – өте аз. Бұған ең алдымен қазақтардың, әсіресе, қалалық қазақтардың басым бөлігі орыстілді екендігі, қазақ тіліне шынайы сұраныстың аздығы әсер етуде.
Құдай қаласа, биыл ең басты мерекеміз Қазақ хандығының 550 жылдығын бүкіл ел болып атап өткесін, «Ақ жол» партиясы жариялаған республикалық «Ел мен Ер» атты мүшәйраны өткізбекпіз. Содан соң газетіміздің 15 жылдығын атап өтуді де жоспарлап отырмыз.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, "Айқын" газеті
http://www.aikyn.kz/ru/articles/show/9745-biz_bol_an_o_i_any_ana_zhazamyz