Биыл білім грантының 75 пайызы мектепті қазақша бітіргендерге беріледі
2015 ж. 02 шілде
4384
5
2015 жылғы Білім грантының 75 пайызы қазақша бітіргендерге беріледі. Бұл туралы Білім және Ғылым вице-министрі Тақыр Балықбаев министрліктің отырысында мәлімдеді.
“Биылғы жылы бөлінетін мемлекеттік білім грантының саны анықталды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 39 994 орынды құрап отыр. Оның ішінде бакалавриат – 32 168 грант, магистратура – 7 241 грант, докторантураға – 623 грант болып отыр. Бұрынғыдай биылда мемлекеттік гранттардың басым көпшілігі техникалық мамандықтарға беріледі. Техникалық мамандықтардың үлесі 42,4 пайызды құрап отыр”, – дейді вице-министр.
Тақыр Балықбаевтың айтуынша, биылғы жылғы мемлекеттік гранттардың бөлінуінің тағы бір ерекшілігі бар екен. Мемлекеттік гранттардың басым көпшілігі қазақша мектеп бітіргендерге бөлінеді дейді.
“Биылғы жылдың мемлекеттің тапсырысындағы басты ерекшелік – гранттардың оқу тіліне байланысты болып отыр. Мемлекеттік гранттардың 75 пайызы қазақ бөліміне және 25 пайызы орыс бөліміне бөлінетін болады. Осы уақытқа дейін гранттар екі тілге шамалас пропорциямен бөлініп келді. Бірақ енді мектеп бітірушілердің үлесі бойынша, қазақ мектебін бітіргендер орыс мектебін бітіргендерден басым. Сондықтан осындай шешімге келдік”, – дейді ол.
Айта кетейік, биылғы жылы 124 379 оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде 84302 оқушы қазақ тілінде болса, орыс тілінде – 40077.Яғни қазақ тілінде бітірушілердің саны орыс мектептеріне қарағанда екі есеге көп.
Ал ҰБТ-ға қатысуға 87782 өтініш берілген. Қазақ тілінде тест тапсырғандардың саны – 62384. Орыс тілінде тест тапсырғандар – 25 398 оқушы.
Дереккөз: BAQ.KZ