Қалтамдағы ақшам - өзімнің бақшам
2015 ж. 29 маусым
1757
0
Белгілі тележүргізуші Дана Нұржігітова Астана күнініне арналған мерекелік шаралардың ұйымдастырушылары оған елордаға өз қалтасынан ұшып келуін айтып, қорлағанын мәлімдеді. Бұл ақпаратқа өзімізше ой толғап көрелік.
Бұл туралы Дана Нұржігітова өзінің Facebook парақшасында жазған.
«Маған жақында Астана күніне орай ұйымдастырылып жатқан мерекелік іс-шаралардың біріне атсалысып жүрген ұйымдастырушылар хабарласты. Айтуларынша, шараның трансляциясы Қазақстанда, ТМД елдерінде және Еуропаның жартысының жуығына таралады екен. Осыған байланысты маған өз қалтамнан ақша төлеп Астанаға ұшып келіп, қызыл кілеммен жүруге ұсыныс айтылды. Маған баспасөз қабырғасының тұсында тұрып, барлық жерден келген репортерларға сұхбат беруге, жыл жаңалығының ортасында тұруыма мүмкіндік туады екен», – деп жазды тележүргізуші.
Бұл ұсыныстың қай жері ерсі екенін түсінбедік. Ұсыныстың аты ұсыныс, оны не қабылдау керек, не қабылдамау керек. Жалпақ жұртқа жария етудің не қажеті бар? Әлде, "ақша төлемеді" деп ренжіді ме екен?
«Мен ойланып қалдым. Неге екенін білесіз бе? Баспасөз қабырғасының тұсында (ол құлап қалуы да мүмкін) жай ғана тұрып, қол бұлғау үшін барлығын тастап, өз қаражатына Астанаға келу үшін қандай атаққұмар болу керек?! “Мұндай “бір сәттік атаққа” қызығу үшін өзіңді қаншалықты құрметтеуден қалу керексің?! Адамға осыншама арзан қойылым ұсынып, қаншалықты құрметтемейтіндерін байқатты!”, – деді Нұржігітова.
Мәселе тағы да ақшаға келіп тірелді. Неге міндетті түрде атақты алдыға шығару керек?
Ұйымдастырушылардың мұндай ұсынысын тележүргізуші «ерсі» деп атады. Оның айтуынша ұйымдастуршылар қаржыны мереке қонақтары үшін үнемдеп қалмақшы.
«Құрметті ұйымдастырушылар! Одан да мені ешқашан да естеріңізге алмай-ақ қойыңыздар. Бұл жобаларды сіздер қалай жасайтыңдарыңызды мен енді білдім. Өз отандастарына, адамдарға деген сыйластық жоқ. Сіздер бюджетті жымқырумен айналысатындардың бірісіздер. Қонақтардың келіп-кетуін қамтамасыз ететін қаражат бөлінгеніне сенімдімін. Бірақ сіздерге келетіндер өз қалтасынан ақша шығарғаны тиімдірек! Сіздер бұл “тәтті ұсыныстан” ешкім бас тарпайтынына сенімдісіздер. Себебі мұндай эфир бәріне керек! Осылайша өз қонақтарыңды төмендетуден де тайынбайсыңдар! Мүмкін бұған келісетіндер табылатын шығар, бірақ мен емес. Мен қатты ашулымын! Маған бұған дейін мұндай төмен ұсынысты ешкім жасаған емес!”, – деп жазды журналист.
Бюджетті жымқырды деп айыптау үшін ең алдымен сүйекті дәлел қажет. Ел алдында осындай айыптарды айту бар, оған жауап беру де бар. Неге Астана күніне шара өткізілсе оған міндетті түрде ақша төлеп, жұлдыздардың ұшақпен келуін қамтамасыз ету керек? 6 шілде Астана күні ғана емес, Елбасының туған күні. Астана - бар қазақтың символы емес пе? Оның қуанышына неге қуанбасқа. Ақша шығарғысы келмегендерге айып бар ма, әрине жоқ! Ұсыныс жасалды, одан бас тартылды. Бұл әңгімені жұртқа жаю нағыз арзан атаққа құмар болу!
Дереккөз: Nur.kz