Ар мен намысты қай жерде жоғалтып алдық?
2015 ж. 16 маусым
2208
9
«Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ-ның бюджет қаражатын пайдалану мен құрылысқа инвесторлар ақшасын тарту жұмыстары бойынша ірі тексеріс басталды. Жемқорлыққа қарсы біздегі заңнама бойынша жобаны ұсынудан бастап, құрылысты толық аяқтағанға дейін кез-келген уақытта тексеруге рұқсат етілген.
Алматы аудандық №2 соты «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсеновті үйқамаққа алу жөнiнде шешiм шығарды. Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметi хабар таратты. Ол осы күнге дейін «ЭКСПО-2017» шарасының кеңесшiсi қызметiн атқарып келген. Соңғы кезде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басшысы болған Талғат Ермегияев қызметінен босатылып, ол да үйқамаққа алынды. Оның орнына Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков тағайындалды.
Баласы көлікпен кісі қағудан алдына жан салмаған Қажымұрат Үсенов 214 млн. теңге көлемiнде бюджеттiк қаражатты қолды қылды деп күдiктелуде. Тергеу істері бойынша, 2014 жылдың басында Қ.Үсенов «Southfork» компаниясының атқарушы директоры С.Сейітов және басқа да лауазымды тұлғалармен бiрге көрмені өткiзуге арналған және оларға сенiп тапсырылған iрi көлемдегi қаражатты қалтаға басу мақсатында қылмыстық топ құрған деген болжам бар. Сол пиғылдарын iске асыру үшiн «Southfork» компаниясын ашық тендерден жеңiмпаз етiп шығарады. 2014 жылдың мамыр және қазан айлары аралығында «Southfork» компаниясы көрме құрылысы жүруi тиiс жер телiмiн қоршаудан бастап, іске кiрiседi. С.Сейітов материалдық байлыққа кенелу мақсатында ай сайын акті жасау барысында жұмыс және материал құнын қасақана жоғары көрсетіп есеп берген. Осы арадағы айырмашылықтан үлкен көлемде қаражат түскен және ол кейiн банктен қолма-қол алынып отырған. Әрине, аталмыш іс енді ғана басталып, тиянақты тексерулер жүргізіліп жатыр. Алдын ала байбаламның қажеті қанша дегенмен, көпшіліктің көңілі алаңдаулы. Өйткені ол баршамызға ортақ іс, халықтың қаржысы жұмсалуда, қазақтың намысы мен абыройы таразы басында тұр. Осыны жемқор шенеуніктер түсінбей ме, әлде олар қазақ емес пе?
Бұл әлем көз тігіп отырған дүниежүзілік шараға қатысты даудың басы ғана сияқты. Тексеріс барысында талай былықтардың шығатын түрі бар. Өткенде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің республикалық кеңесінде Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың лауазымды шенеуніктердің заңды белінен басып, қылмыстық топ құрып алғандары туралы айтқаны айна-қатесіз келіп тұр. Басқа-басқа біздің елге сеніп тапсырылған осындай жауапкершілігі мол әлемдік деңгейдегі шараны да жемқорлық жайлағаны ма? Естеріңізде болса бұл «Экспоны» өткізу құрметі Елбасының беделі мен кепілдік беруінің арқасында бізге бұйырған еді. Оны өткізуге таласқан азуын айға білеген елдер де аз болған жоқ-ты. Мойнымызға моншақ таққандай болып тілеп алған шараны өз деңгейінде өткізуге енді біз қайтсек те міндеттіміз.
Тағы да сол Қайрат Қожамжаровтың кедендегі былықтарды айта келе «көршілерден ұят екен» дегені еске түседі. Енді көрші мемлекеттер емес, бүкіл әлем жұртшылығы алдында ұятқа қалып жүрмесек болғаны. Бұл біздің арымыз бен намысымызға үлкен сын. Жемқорлыққа қарсы күресті бастағанымызға ондаған жылдар өтті. Бір жиналыстан соң екінші жиналысты өткізіп, «қырып-жойып» жатырмыз. Бірақ нәтиже жоқ, нөл! Шынымен де бізде қадір, қасиет тұтар ештеңенің қалмағаны ма? Өз адамдарымызды, үйдегі шыны-аяқ сылдырын қойыңызшы, оны бірдеңе етіп реттей жатармыз. Әлем жұртшылығы алдында абыройымызды айрандай төгіп алу қаупі алаңдатады бәрінен бұрын. Қазақ атамыз ту етіп ұстап, төбесіне көтерген Ар мен Намысты қай жерде жоғалтып алдық?..
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті