Кесел қайдан?
2015 ж. 09 маусым
2403
3
Ұлы даламыздың төсін дүбірлетіп, ғасырлар бойы кең-байтақ жеріміздің көркі болып келген киіктердің жаппай қырылуы – ұлтымыз үшін үлкен трагедия. Қазақ қазақ болғалы көзінен таса қылмаған түз тағысының кем дегенде тең жартысынан күннің аманында айырылып қалдық.
Біреулер «Тапқан екенсің трагедияны!» дейтін болар. Олай болса, үнді жерін пілсіз, қазақ даласын киіксіз көз алдына елестетіп көріңіз. Нақтыланған деректерге сүйенсек дүниежүзі бойынша киіктердің тоқсан пайызы қазақтың ұлы даласын мекендеп келеді. Яғни, бұл тек қазаққа ғана берген Құдайдың сыйы, Тәңірдің тартуы! Киік кетсе қазақтың жаһан даласы жетімсіреп қалары сөзсіз. Ата-бабаларымыз киелі деп санаған бұл түз тағысын қазақ ертегілері мен аңыздарынан, ән мен күйлерінен жиі кездесетіні де көп нәрсені аңғартса керек. Біз тым болмаса осы жағын ойлап көрдік пе?
Жоқ, ол туралы бас қатырып жатқан ешкімді көрмедік. Қауіптің бетін қайтару емес, кеселдің неден болып жатқанын анықтай алмай қор болдық қой. Киіктің қасында түкке тұрғысыз тауықтың да ауруын емдеп жатқан жоқпыз ба? Міне, ұлттық құндылыққа деген қамқорлығымыздың сиқы осындай. Бұл мәселенің бір ұшы ғана.
Екіншіден, ерте көктемнен осыған байланысты дабыл қаққан халық, бұл індет үйдегі жануарларға жұғып, үлкен шығынға ұшыраймыз деп қауіп айтып келгенін білесіздер. Сол күдіктің де күні жеткен сияқты. Қостанай облысындағы Жангелдин ауданында қарамалдың қырыла бастауы жайында жаман жаңалық жария болды. Дерт сол киікті қырған ауруға ұқсайтыны да айтылып жатыр. Мұндай деректер Ақтөбе аймағында да тіркелген. Тарихымызды танымайтындар бүгінгі күннің бұл шындығына не дейді? Әзірге баяғы әләулайынан айнитын түрі жоқ. Басында киіктерді қырған індеттің үй жануарларына әсері болмайды деп көріпкелдік көрсеткен болатын. Министр Мамытбеков әлі де бұл екеуінің бір-біріне ешқандай қатысы жоқ дегеннен танар емес.
Енді әдеттегідей қырғынға кім кінәлі деген сұраққа жауап іздей бастаған секілдіміз. Біреулер ауыл шаруашылығы басшыларын кінәласа, екіншілері экологтарды қаралай бастады. Әрине, бұл екі саланың да осы мәселеге тікелей қатысы бар екені белгілі, осы екі саланың салғырттығы, қырсыздығы екені де рас. Оған жерді улайтын ғарыш саласы, уран тағы басқа өндіріс орындарын қосып қойыңыз. Біздегі сала басшылары өзара бірлесіп жұмыс істеудің не екенінен бейхабар, бас-басына би боп алған соң бірін-бірі тыңдамайды. Қазақтың «қойшы көп болса, қой арам өледі» дегенінің кері келіп отыр. Ортақ іске деген жанашырлық жоқ. Басшыларымыз жалпы тіршілік, жаратылыс атаулының бәрі тұтас бір дүние екені туралы заңдылықты әлі де білмейтінге ұқсайды.
Ал ашығын айтсақ, осы кесел атаулының бәрі тура өзімізден, адамдардан болып отыр. Оған түз тағысы мен үй жануарларының бір мысқал да кінәсі жоқ. Айтыңызшы, көз алдымыздағы киіктерге қорған, қолымыздағы малымызға ие бола алмасақ кімге кінә артуымыз керек?..
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті