Бюджет бәріне де төзеді
2015 ж. 09 маусым
2974
3
Депутат Балиеваның жүйкесін жұқартқан Министрлер кабинеті Мәжіліс төрағасының да ашуына тиді. Қабиболла Жақыпов 2014 жылғы Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беруге келген министрлерді мәжіліс залынан қуып, маңызды мәселені күн тәртібінен алып тастауға аз-ақ қалды. Депутаттар бөлінген бюджеттің жыл сайын игерілмей қалуын доғару керек деген шешімге келді. Әсіресе, ұлттық компанияларға шүйліккен мәжілісмендердің қарқыны тым қатты болды.
Республикалық бюджеттің атқарылуы дегенде орындалмау, игерілмеу, жымқыру, сапасыз жоспарлау сөздері тұрақты тіркеске айналып бара жатқандай. Жыл сайын қайталанатын үрдісті айта-айта депутаттар да жеккөрінішті болып бітті. Сол себепті олар бюджетті жоспарлау процесінде дербес жауапкершілікті заң жүзінде енгізіп, миллиардтарды игермей жатқандарға шара қолданатын кез келді дейді. Екі рет нақтыланып, бірнеше рет түзелген бюджеттің толық көлемде орындалмауы халық қалаулыларының наразылығын тудырды.
– 2014 жылдың республикалық бюджет теңгерімді атқарылды. Шамамен 6 трлн. теңге түсімдер, 7,1 трлн. теңге шығыстар және 1,1 трлн. теңге тапшылық бар, - деп бастады ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. Министрдің бұл есебі депутаттардың көңілін көншітпеді. Бюджеттің тиісті деңгейде орындалмағанына реніш білдірмеген халық қалаулысы қалмады.
Депутаттардың айтуынша, бюджет қаржысын тиімді жұмсауға немқұрайды қарау, әсіресе, Инвестициялар және даму министрлігінде байқалады. Яғни 13 млрд. теңге игерілмеген. Екінші орында Ұлттық экономика министрлігі – 5,6 млрд. тенге. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі – 3,3 млрд. теңге, Ішкі істер министрілігі 3 млрд. теңгеден астам қаржыны кәдеге жаратпаған. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі 1,3 млрд теңгені ұқсата алмапты. Қыруар қаржыны игере алмағанына қарамастан, министрлердің мәжіліс залына қалауынша кіріп-шығып, емін-еркін жүруі төменгі палата төрағасының ашуына тиді.
– Сағынтаев мырза, қарап отырсам, кейбіреулер емін-еркін кіріп-шығып жүр. Мүмкін мына сұрақты күн тәртібінен алып тастап, сіздерді басқа шаруаларыңызға жіберерміз? Досаев қайда кетіп қалды? Бұл не деген жауапсыздық? Депутаттар дұрыс айтады, жыл сайын бір сұрақ қайталанады. Тәртіп орнататын кез келген шығар. Игерілмей қалған қаржы үшін министрлерден, ұлттық компаниялардан жауап алу керек. Біз игермей жатқан сома кейбір Азия елдері бюджетінің жартысын құрайды, - деді Мәжіліс спикері Жақыпов.
– Кей жобалар театрдағы спектакльдер сияқты, қол шапалақтап ашылады да, қайта жабылып қалады. Алдау, былай қарағанда, - деді депутат Нұртай Сәбилянов. Бұл ақын-жазушылардың өзі айта бермейтін әдемі теңеу болды. Тіпті сериалға айналып кетті емес пе? «Бейшара бюджеттің көрмегені жоқ» дейді қатардағы қарапайым халық.
Бөлінген қаржысын игере алмағанымен қоймай, сыртқы қарыз көлемін арттырып отырған квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың да қиналып жатқаны байқалмайды. Әсіресе, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл- ауқат қорының қаржысын бақылауға алмасақ, ақша тиімсіз жұмсала береді деп отыр депутаттар. Дәлірек айтсақ, 157 млд. доллар сыртқы қарыз. Оның 88 пайызы квазимемлекеттік сектордың атында. «Олардың 16,6 трлн. активі, 8,1 трлн. капиталы бар. Содан неге дивидент ала алмай отырмыз?» - деді депутаттар.
Ал Мұхтар Тінекеевтің айтуынша, ұлттық компаниялар бюджет қаражатын қызметкерлерінің спорт залға баруына жұмсап, ысырап қылып отыр.
– Бақытжан Әбдірұлы, сіз «Самұрық-Қазынада» болдыңыз ба? Ол жерде кеше ғана оқуын бітіріп келген «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен басшылардың жақын туыстары жұмыс істейді. Олар 1,5 млн. теңге жалақы алып отыр. Бірақ компания олардың бассейндері мен спорт залдарының шығынын да төлеп береді. Президент ондай ысырапшыл, сапасыз қызметкерлер санын қысқартыңдар деп тапсырма берген жоқ па? - деген сұрақты турасынан қойды белсенді депутат.
Біздің депутаттардың ашуы ақжауын секілді. Нөсерлетіп өткенмен, артынша аспандары шайдай ашылып, жадырап сала береді. Өкпе-назын жарыса айтқанмен депутаттар тағы да бұл қаулыны бірауыздан мақұлдап жіберді. Сын айтылғанмен, одан шығар қорытынды болмаған соң бұл «Бейшара бюджет» атты сериалдың жалғасын әлі де ұзақ көретін шығармыз.
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті