Сүйкімі бар азаматтар еді
2015 ж. 02 маусым
4710
4
Республикалық «Қазақ үні» газетінде былтырдан бері жемқорлар ретінде айып тағылған Қарағанды облысының бұрынғы әкімдері Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішевке мемлекет басшысынан жерлестерінің араша сұраған екі хаты жарияланған болатын. (№52. 26-желтоқсан, 2014 жыл, №9. 3-наурыз, 2015 жыл). Редакцияға сол өтінішке үн қосып, Елбасынан аталған азаматтарға кешірім жасауды сұраған хаттар әлі де келіп түсуде. Бүгін сондай екі хат ұсынылып отыр.
Халық аяғын шалыс басып алған азаматын жамандыққа қимайды. «Қара бұлт түнереді жауарында, бозінген боздайды екен сауарында, жігіттің иті қырын жүгіреді, басынан бақ-дәулеті ауарында» деп тоқтамға шақырады. Бір кездері ел билігіне араласып, Елбасымыздың қасынан табылған Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішевтің заң құрығына ілігіп, істі болғаны түпкірде жатқан ауыл адамдарын қатты алаңдатты. Серік Ахметов облыс әкімі болып тұрғанда талай іске бастамашы болды. Шет ауданына қарасты Ақадыр кентіне (бір кездері аудан орталығы болған) жиі-жиі ат ізін салып тұрды. Ең шеткергі ауылдарды назарда ұстады. Елбасы тапсырмасына сай Үкімет қоржынынан бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуын қадағалады. Соның нәтижесінде Ақадырда бірқатар құрылыс нысандары бой көтерді. Көшелері асфальтталып, екі саябақ қалпына келтірілді. Балабақша салына бастады. Ірі кәсіпкер Нұрлан Смағұловпен меморандумға отырып, Ақадырда спорт мектебін салдыруды қолға алды. Бүгінде сол мектеп жас өскіндерді шымырлыққа баулып жатыр. Біз – ауыл ақсақалдары кезінде Серік Ахметовке ақ батамызды бердік. Сол батамыз – бата. Оны жемқор дегенге еш сене алмаймыз. Ондайға бара қоятын кісі емес. Серік Ахметов жоғарылап, үкіметті басқарғанда да тілекші болдық. Премьер-министрлікке нағыз лайықты адам деп бағаладық. Сөйткен азаматтың істі болғаны жанымызға батады. Еліміздің әділ заңына сенеміз. Елбасының парасатына сенеміз. Президент Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішевке рақымшылық жасар деген үміттеміз.
Бауыржан Әбдішев те облыс әкімі болған аз кезеңде бірталай іс атқарды. Бұл азаматты да халық жақсы көрді. Ол әкім болған аз ғана уақытта облыс тұрғындарының ықыласына бөленіп үлгерді. Оның тазалығына, адамгершілігіне сүйсіндік. Мешітке барып тұратынын, исламдық ғұрыпқа беріктігін де көзбен көрдік. Ол әкім болып тұрғанда, аймақтарды жиі аралап, халықпен жүздесуге асығатын. Ол қызмет бабын асыра пайдаланды дегенге сене қоймаймыз. Бәлкім, бірсөзділігі әлдекімге ұнамай қалған шығар. Әйтпесе бір жылдан асар-аспас уақытта бірдеңені бүлдірді, «жеді» дегені иланымсыз. Біз бұл азаматты ақтап аламыз деген пікірден аулақпыз. Бәрін заң шешеді. Ол да әкім ретінде Ақадырға да ат басын бұрып тұрды. Көпшіліктің пікірін тыңдады. Кент тұрғындары одан балабақша салдыруды сұрады. Ортау-Қызылтау көтерме жолының тозып кеткенін есіне салды. Бір қария құлағым естімейді, аппарат сатып әперіңіз дегенде қыран-топан күлкіге баттық. Бауыржан Әбдішев жиналғандармен пікірлесіп болған соң Ортау-Қызылтау көтерме жолын өз көзімен көріп қайтты. Көп кешікпей жол жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Соның рахатын енді түкпірдегі ауыл тұрғындары көріп отыр. Жол қатынасы бүгінде іркіліссіз. Бауыржан Әбдішевтің кадағалауымен қолға алынған балабақша да былтырдан бері есігін айқара ашып, өз қызметін жалғастырып жатыр.Әбдішев өз мүмкіндігін көрсете алмай қалды деп есептейміз. Ол облыс басшылығында көп отыра алмады. Солай бола тұра, халық жадында іскерлігімен, шешімділігімен қалып қойды. Ол халықпен жүздескенде Елбасымыздың сарабдал саясатын насихаттай білді. «Мен Елбасының назарына ілігіп, сеніміне енген азаматпын» дейтін әр отырыста. Сөйткен бұрынғы облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің істі болғаны жүрегімізді ауыртады. Оның өзіне жабылған жаладан арылып шығатына сенімдіміз. Біз бұл пікірді көпшілік атынан білдіріп отырмыз. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлынан өтінеріміз – жауапқа тартылған осынау азаматтарға рақымшылық жасалса екен.
Ақадыр кенті тұрғындары атынан: Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмір Кәріпұлы, Ақсақалдар алқасының мүшесі, ауылшаруашылығы саласының ардагері Бекеш Абаханов, Қызылтау ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Мұқатай Төлеутаев, т.б.
ЖАНАШЫРЛЫҚ ҮЛГІСІН КӨРСЕТКЕН
Қарағанды обылысы Жаңаарқа ауданы Атасу поселкесінің дәл ортасында 1962-65 жылдары салынған көп қабатты «Мектеп орамы» деген атпен оншақты тұрғын үй орналасқан. Бұлар әлгі уақыттарда орталық жылу қазандығы арқылы жылытылатын еді. Кейіннен жеке кәсіпкер қолына өтіп, ол 2005 жылы банкротқа ұшырап, жылу қазандығынан осы тұрғын үйлерді ажыратып тастады. Сонымен қатар, бұл қазандық арқылы көптеген мекемелер жылытылатын. Тұрғындар үйлеріне пеш салса, кейбір адамдар ток пештері арқылы күн кешіп жүрді. Сегіз жыл бойы аудан, облыс әкімдеріне, «Нұр Отан» партиясына, мәслихатқа хат жолдап, зар илейтінбіз. Бірақ өтінішіміз аяқсыз қала беретін. Үйлерге пеш салу өте қауіпті – бөлме аралықтары ағашпен бөлінген.Ал 2013 жылы тілегімізге жетіп, бір жырғап қалдық. Бұрынғы облыс әкімі Бауыржан Әбдішев аудан басшыларымен ақылдаса отырып, жылу қазандығын салуға уәде берген-ді. Сол уәдесін орындап, қыркүйек айында орталық жылу кұрылысын бастап, үш ай ішінде екі мектеп, он бір екі қабатты тұрғын үй, бір балабақша, оншақты мекеме бір жылу қазандығына қосылды. Нәтижесінде 6-АСО қысқартылды. Бауыржан Әбдішев осы құрылысты тікелей назарына алып, қадағалап отырды. Өзі келіп, 2013-2014 жылу маусымында қостырып, жақтырып кетті. Бұған ел куә. Тұрғындардың көбі – еңбек демалысындағы ардагерлер, қарт кісілер еді. Бұрынғы облыс әкімі Бауыржан Түйтеұлына осы еңбегі үшін үлкен алғыс білдірген едік. Қазірде үйіміз өте жылы, ауызсуымыз тоқтаусыз келіп тұр. Сол сияқты Елбасы Жолдауы бойынша ескі үйлерді модернизациялау бағдарламасы бойынша 2014-2015 жылдардың бюджетін қарап көріп, шұрық-тесік болып ескірген төбелер мен подъездерді және әр үйдің алдындағы кәріз су ағатын құбырларды орталық кәріз орталығына қосуды қарастырамыз деп уәде етіп еді. Осы істерге кететін шығынды кейін тұрғындар төлейтін акт-смета да жасалып, ай сайын төлеуге қол қойған болатынбыз. Бірақ оған жетпей қалдық. Себебі, Бауыржан Түйтеұлына «жемқор» деген айып тағылды. Мектеп орамындағы тұрғындар бұған мүлде сенбейді. Енді әрдайым аудан, ауыл тұрғындарының өтініштеріне қалтқысыз құлақ асып, ел құрметіне бөлене бастаған осынау азаматымыз Бауыржан Әбдішевке рақымшылық жасалып, толықтай ақталып шығуын тілеп отырмыз. Өтінішіміз аяқсыз қалмас деген үміттеміз. Зор құрметпен, мектеп орамының тұрғындары: Б.Бруштейн, М.Смағұлов, Ф.Зарубаева, Қ.Әбіқаева, Н.Сыздықов, Н.Түсіпов, С.Төкенова, т.б. (Барлығы жиырма үш адам қол қойған). Қарағанды облысы