Айсұлу Қадырбаева, ақын: Қан төгіссіз жеткен жеңіс
2015 ж. 02 маусым
9740
0
– Айсұлу апай! Өзіңізді жазған өлеңдеріңіз арқылы, түрлі атқарған азаматтық істеріңіз арқылы халқымыз жақсы біледі. Басқаны былай қойғанда, қазақтың белді актерлерінің бірі Тұңғышбай Жаманқұловтың орындауындағы сіздің сөзіңізге жазылған «Барып қайт, балам, ауылға» әні жас ұрпақты тамырынан ажырамауға тәрбиелеп келеді. Сонау 1991 жылғы Орал оқиғасы үстінде өжеттігіңізбен, алғырлығыңызбен ел құрметіне бөлендіңіз. Соңғы кездері көпшіліктің аузынан «халықтың рухы жоғалып барады» деген сөз жиі естіледі. Осыған байланысты «Орал оқиғасы» жөнінде кезекті басылым беттерінде оқтын-оқтын әңгіме қозғалып, бірлі-жарым азаматтардың авторлығымен кітаптар да жарық көріп жатыр екен. Соның ішінде «осы жетіспейді-ау» дейтіндей не мәселе бар?
– Иә, бұл бағытта сол оқиғаның тікелей басы-қасында жүрген Нұрлыбай Сейсембаев пен марқұм Орынбай Жәкібаев секілді азаматтар біраз еңбектенді. Жазылған еңбектердің қай-қайсысы да ақиқатқа құрылған биік талғам, тастай берік саяси тұжырымымен қымбат. Мойындауға тура келеді, бұл есептен менің өз жеке басымда біраз салғырттық бар. Сол оқиғаға тікелей қатыстығым бола тұрып, осы кезге дейін, басыбүтін бір мақала жазбаған екем. Бірақ, «игіліктің ерте-кеші жоқ», – деген, Құдай өмір берсе, айтылатын да, жазылатын да нәрселер жеткілікті.
Ең басты қаперге алынатыны – «Орал оқиғасының» саяси бағасы беріліп, оның тарихи орны белгіленсін десек, қай-қайсымыз да бұған терең философиялық өлшеммен қарауымыз керек. Бұл бірлі-жарым адамның қатысуымен біткен шаруа емес, бұған жалпы халық атсалысты. Ал, көпшілік бар жерде істі ұйымдастыру, алып жүру және халықтың басын тау-тасқа соқтырмай аман алып шығу оңайға түспейді. Біз сол қиыншылықты көрдік. Алайда, алға қойған мақсатымыздың айқындығы, пейіліміздің тазалығы, ауызбіршілігіміздің мықтылығы бізді осы қиыншылықтан алып шықты. Біздің бір де біреуімізде біртиындық жекебас есебі болған жоқ. Бізде біріміз-біріміздің алдын кесіп өтпейтіндей, біріміз-бірімізсіз аяғымызды қия баспайтындай, белгісіз адамдармен бейсауат байланысқа түспейтіндей, ауа жайылып сөйлемейтіндей, бет-бетімізбен шешім қабылдамайтындай әскериге бергісіз мықты ішкі тәртіп болды. Қадамымыздың шалыс басылмауының басты себебі – осы.
Бар шаруасын, айналысып жүрген ғылымымен қоса жиып тастап, көпшіліктің қалауымен, азаматтық «Азат» қозғалысын басқаруды қолға алып, тек осы мәселемен ғана айналысқан, Батыс Қазақстан Ауылшаруашылық институтының білгір маманы, ғалым Аманжол Зинуллин бойдағы бар күш-қуатын мұнда да салды. Оның жары, жезтаңдай әнші Марғұбаға дейін бізбен бірге қолтықтасып жүріп, Ақжайық өңірінің талай жерін аралап шықты. Ортамызда Жандарбек деген ғажап суретшіміз бар-ды. Біз, «Қазақ тілі» қоғамы мен азаттықтар, онымен 1-мамыр мерекесінің шеруінде де қосылғанбыз. Төңірегіміздегі жігіттер де қоғамдағы саяси ахуалдың тынысын қалт жібермей, қадағалап, мәселе ретінде көтеріп, ортаға салып отыратын кілең сауатты азаматтар болды. Баршамыз жабылып жүріп, әуелі «Қазақ тілі» қоғамын, одан кейін «Азат» қозғалысын құрдық. Халықта «Азат» дегеніміз – «Қазақ тілі» дегеніміз, «Қазақ тілі» дегеніміз – «Азат» дегеніміз» дейтін ұғым қалыптасты. Екі ұйымның басқару органдарының құрамына дейін бірдей еді. Осы екі ұйымның ел ішіндегі жаршысындай болып, жастары жетпісті еңсеріп қалған ғылым докторы профессор Мәтжан Тілеужанов ағамыз, атақты мұнайшы Қуаныш Сүлейменов ағамыз жүрді. Біз өткізген шаралардың қай-қайсысы да санаға төңкеріс ала келетін.
Қазақстан халқының тұтастығы мен ұлт күрескерлерінің бірлігін тастай қып ұйымдастыра білген Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы мен оның арнаулы басылымы «Азат» газетінің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Оралдағы саяси ахуал тұтастай қазақ елінің жан жарасына айналды. Әр азамат «Батыс Қазақстан өңірін казактар автономиялағалы жатыр» дегенді етінен ет кесіп алып жатқандай сезінді. Бұл орайда, біз сол жауапкершілікті мойындарына тікелей алған марқұм бауырларымыз Михаил Есенәлиев, Сәбетқазы Ақатаев, Батырхан Дәрімбеттердің еңбегін еш ұмытпаймыз. Отанға деген осындай шынайы сүйіспеншілік болмаса, мұндай істер қолға алынбас та еді. Соны бізге Құдай бұйыртты! Қазақстанның түкпір-түкпірінен Оралға қаншама жүздеген азаматтар келді. Олардың әрқайсысы әбден сыннан өтіп, шыңдалған мықтылар еді. Қауіп пен қатерін үйіре келген сол бір күндері ақиқат жолынан ешқайсысының табаны тайған емес!
Ол өзі, соның алдында ғана, төрт-бес жыл бұрын болып өткен «86-ның» қасіреті тарқамаған шақ еді ғой. Халықта бір жағынан, «алдағы уақытта не болып кетеді?!» деген сақтық, екінші жағынан, кеудені кернеген ұлттық намыс! Осы екіұдай көңіл-күйде, он мыңдаған адам шиыршық атып, төрт күн бойы, күрескерлер жанынан бір елі алыс кетпей, қасымыздан табылды.
Не жасыратыны бар, бұл оқиғаға біз де екіжақты қысыммен кірдік, бір жағымыздан казактар, екінші жағымыздан жергілікті билік. Әлбетте, дәл біздің жағдай биліктің де басында жоқ емес еді. Өйткені, оның ішінде де елім, жерім деген ерлер болды ғой! Алайда, мақсат – ортақ, тілек – бір. Автономиялатпай, территориямыздың тұтастығын сақтап қалу. Былай айтқанда, «баррикаданың» екі жағында жүріп, бір мақсатқа ұмтылу. Оны мойындамауға болмас. Айырмашылығымыз – биліктің мінез-құлық, іс-әрекеті бір бөлек, біздің мінез-құлық, іс-әрекетіміз бір бөлек. Дей тұрғанмен, Құдайдан басқа қорғаушысы жоқ біз үшін ол жолғы күрес, күрделілігін былай қойғанда, пышақтың жүзінде тұрғандай, қауіп-қатерлі жағдайда өтті. Оқиға басталғанға дейін де төбемізден тоқпақ айырмаған билік, олай-бұлай болып кетсе, бізді аямайтыны анық еді. Олар, қашан да, отты біреудің қолымен көсеп үйренгендер ғой, қолдары күйіп бара жатса, бізді көсеу ретінде отқа тастай салатын еді. Біз осыны біле тұра, басқа амал қалмаған соң, бұл іске белді бекем буғанбыз.
Одан кейін де қыр соңымнан қалмай, тура тоғыз ай бойы қудалады. Бауырымдағы балаларымды «шын берсе, өлтірмес!» деп, бір Аллаға аманат еттім де, мен де қорғанып бақтым. Аллаға шүкір, қорғаушылар табылды. Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының басшылары Әбдуәлі Қайдаров, Өмірзақ Айтбаев ағаларымыз, Шерхан Мұртаза ағамыздың «Егеменді Қазақстан», Батырхан Дәрімбеттің «Азат» газеттері, тағы да басқа түрлі басылым, теле-радио торабы, басқа да жекелеген журналистер, Асылбек ағамыздың «Аттаны», «Аттанайық Жайыққа!» штабының басшысы Орал Сәулебай – қай-қайсысы да маған қарсы бағытталған бүкіл қимыл-әрекетті бағып отырды. Мен өзіме көрсетілген ол қамқорлықты айтып жеткізе алмаспын, сірә. Ақыр аяғында, ресми заң орындарының қолдауымен Үлкен үйден Оралбай Әбдікәрімов ағамыздың тікелей араласуы арқылы мен жергілікті биліктің тырнағынан құтылдым.
Ал, одан кейінгі мен басқарып отырған «Қазақ тілі» қоғамы төңірегіндегі маған байланысты тіміскілік әрекеттер, тіпті, бухгалтериямызды толайымен көтертіп алып кетіп, мені қаржылық жағынан шырмағылары келген жоспары оларға еш жеміс әкелмеді. Өйткені, тексеру барысында, қоғамға бергенім бар да, алған сыңар тиыным жоқ боп шықты. Мені тексеруге келген орыс әйелі еді. Осқырыныңқырап бастаған ол, істі жүргізе келе, қабағы жазылып, жайдарылана бастады. Ол мені шақырып, әлденелерді сұрайтын, мен оған жауап беретіндей жағдайға жеттік. Бір күні: «Сіз қобалжымаңыз, бухгалтеріңіздің салақтығы болмаса, жұмысыңыз таза» деді. Жылы қоштастық. Кейінірек естідім, әлгі келіншек «Қадырбаеваның жағдайын біз қалағандай етіп бер» деген жоғарының тапсырмасына көнбей, біздегі есепті аяқтағаннан кейін, босатылып, басқа жұмысқа кетіпті. Бір қызығы, біз үшін, орыстың казагымен күрес көппен бірге бұрқ-сарқ етіп тез өте шықты да, ал қазақтың «казагымен» күрес аш ішектей созылып кетті. Осы уақыттың ішінде жергілікті билік, ойдағыны-қырдағыны жиып, туу Алматыдан арнайы жақтас адам алдырып, мені «Қазақ тілі» қоғамының төрағалығынан тайдыру үшін, бір емес, төрт мәрте жиналыс ашқан екен. Қара халықтың қысымымен ол жиналыстар төрт дүркін қайта таратылған. Сөйтіп, әуелі, сепаратистерден Оралды қорғап, одан соң, «аппаратистерден» өзімізді қорғап, ығы-жығылықпен жыл жарымдай уақытты өткізіппіз.
Одан бері қаншама жыл өтті... Әр нәрсені өз орнына қойып, елеп-екшеуге, саралауға, сараптауға толық мүмкіншілік бар. Басқа ұсақ-түйекті ысырып қойғанда, мемлекеттілігіміздің баяндылығы жолында саяси да тарихи маңызы бар жалпыхалықтық мұндай оқиғалардың қоғамда елеусіз, ескерусіз қалуы мүмкін емес, әрине. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, түбі бір бағасын алар. Ол баға біз үшін де емес, ел үшін, мемлекет үшін, келер ұрпақ үшін, соларды рухтандыру үшін керек. Ол, енді, Алла бұйыртып жатса, алдағы күндердің еншісінде.
Иә, сөйтіп, бүкіл Қазақстан халқының, қала берді, тұтас батыс өңірі жұртшылығының тағдырына тікелей қатысты, елдігіміздің ар-ұжданының айғағы – бұл оқиға да ширек ғасырды артқа тастап, тарих қойнауына біртін-біртін сіңіп бара жатыр. Қарап отырсақ, ол жылы туған бала биыл жиырма төрт жасқа толады екен. Уақытқа шаққанға бұл біраз жыл, әрине... Оның үстіне, кешегі «бәріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін» деген көпшіл заман көзімізден бұл бұл ұшып, бұрындары мұрынға иісі мұхиттың арғы жағынан талып жететін, апарар жері беймәлім, жекешіл қоғамға бет бұрдық. Дегенмен де, бұрын-соңды жүріп көрмеген соқпағымен өз тауқыметі өз иығында, алды-артына қарауға мұршасы жоқ, қу тіршілік жетегінде дедектеп келе жатқан бүгінгі қоғам, қаншама қиыншылықтарды бастарынан өткеріп жатса да, «кеудені ыза мен кек кернеп», қазақтың ұлтарақтай жері мен Жайық үшін жандасқан сонау бір сұрапыл күндерді ұмыта қоймаған секілді. Бір сөзбен айтқанда, «Қыркүйек оқиғасы» іздеусіз емес. Жоғарыда айтқанымыздай, шығарылып жатқан кітаптар бар, мерзімді баспасөз беттерінде де біраз материалдар жарияланды, Қазақ энциклопедиясында да сол кезде болып өткен маңызды оқиғалар ретінде қысқаша мағлұмат берілді, тіпті, бәрін былай қойғанда, халықтың жады бар, әйтеуір, қалай десек те, ол еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігі жолындағы салмақты да салиқалы күрестерінің озық бір үлгісіндей боп, тарихымызда орнығады. Және мұның негізін сол жағдайдан кейін Орал оқиғасының саяси бағасын беруді талап етуге байланысты арнайы құрылып, жұмыс істеген президенттік комиссияның ресми анықтамасы қалап кетті деуге болады.
– Айсұлу апа! Біздің билік жүйесінің тәжірибесінде, қандай да маңызды мәселе болмасын ол шұғыл қолға алынып, оған байланысты шаралардың жүзеге аса қоюы қиындау еді. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер?
– Қыркүйектің 15-і күні өткізілуге тиісті болып, шешімі бекітілген «Орал казак-әскери күшінің патшалық Ресейге қызмет етуінің 400 жылдық мерекесі» сәтсіздікке ұшырап, оған керісінше, оны болдырмау жөніндегі қарсылық акциясы сәтті өтті деген күннің өзінде, сол шараға бүкіл республика көлемінен кеп қатысқан азаматтардың үстінен жаппай іс қозғалатындай қауіп туды. Осындай салқындықты байқағаннан кейін, амал жоқ, Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының қолдауымен, билік құлақ асатындай, шұғыл «Аштық жариялау» шарасына көшу керек деп шештік, аштыққа мен жататын болдым.
Осы мәселеден құлақтандыруды азаматтық парызымыз деп есептеп, біз, Аманжол Зинуллин екеуміз, Орал жағдайы ауызға ілінгеннен, осы істің, от шығып кетпей, дұрыс шешілуіне шыр-пыр боп жоғарғы жақ пен екі арада жүгіріп жүрген Мырзатай Жолдасбеков ағамызға кірдік. Ол кісі іс-сапармен шет елге барып-қайтқалы жатыр екен, біздің мәселені естісімен: «Айналайындар-ау, мына іс реттелді ғой, ондай нәрсе болса, ол да реттелер. Арада он-ақ күн, менің барып келгенімше шыдаңдаршы», «ойбай-ау, Аманжол-ау, азаматтар отырып, мына қызды қалай аштыққа жібереміз» деп әбден күйіп-пісті. Сөйтіп, ол кісі біздің сөзінен аттап кетпейтінімізге сенген күйде сапарға жүріп кетті. Біз, ағамыз айтқан он күннің ішінде қай жағдайдың қалай шешілетініне сеніміміз болыңқырамай, қазан айының 15-күні «Аштық» акциясын жариялап жібердік. Акцияны менің мойныма алғаным, біріншіден, әйел адаммын, қазақ қашан да қызын сыйлаған, екіншіден, шара Алматыда өтпек, бұл өңір мені тым-тәуір біледі, әрі, өз ортам – жазушыларым бар. Қысқасы, не керек, аталмыш оқиғаны тексеріп, оған баға беру жөнінде Президент жанынан комиссия құрылуын талап еткен, «Аштық» акциясы жарияланды.
Әлі есімде, Орал оқиғасының алдында мен республикалық радиодан Батыс Қазақстан азаттықтарының атынан жергілікті биліктің сол жағдайға байланысты салғырттығын әшкерелеген «Ашық хат» оқыдым. Соны естіген қазақтың абыз ақыны марқұм Әбу Сәрсенбаев ағамыз, жаны байыз таппай, Жазушылар одағына келіп: «Әй, жігіттер! Не қарап отырсыңдар? Айсұлудың даусы радиодан қатқыл шығып жатыр ғой. Анау батыста не болып жатыр?» – деп, одақ басшыларының дегбірін алып біраз жүріпті деп естідік. Сол кезден бастап бұл мәселеге байланысты құлақтары түрік отырған жазушылар қауымы біздің «Аштық» акциямызға үлкен қолдау көрсетті. Бір күні, «Айсұлуды біз қолдамасақ, кім қолдайды!» деп, қасына Мейрамгүл деген сіңлісін ілестіріп, акцияның бесінші күні менің қасыма келіп аштыққа қосылған баяғы жамбылдық батыр қыз Ақ Хадишам бар – үшеуіміз киіз үйдің ішінде отырғанбыз. Бір кезде, қаумалаған халықты қақ жарып, Фариза апамыз кіріп келді. Келе салып: «Айналайын-ау, мынауың не? Өлесің ғой! Кім құлақ асады деп жатырсың сөзіңе? Тоқтат аштықты!» – деп, күйіп-пісті. Мен: «Апа, мынауыңыз тап-таза арандату! Жаныңыз қатты ашыса, келіңіз де, жатыңыз біздің қасымызға!» деп қойып қалдым. Марқұм апам сол шырылдаған күйінде, Композиторлар одағында съезд болып жатыр екен, соған барып, қаптап отырған қалың жұрттың алдында мені қолдау керектігі жөнінде қатты сөйлепті.
Акцияға он бір күн толғанда, ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Е.Асанбаевтың басшылығымен жүргізілген жиналыс Президент жанынан, құрамында тоғыз адамы бар комиссия құрылатынын шешті.
Комиссия Орал қаласында он күн жұмыс істеп, нәтижесінде, комиссияның алты мүшесі Орал оқиғасына қатысқан қарсылық тобының әрекетін қолдап, қол қойды. Ол жөнінде жазылған Қорытынды сараптама басылым бетінде жарияланды. Келешектегі үлкен жұмыстардың бастамасы – осы болмақ. Және осы акцияның нәтижесі бойынша қойылған бірден-бір басты талап – «Қыркүйек оқиғасына» жер-жерден келіп қатысқандардың үстерінен іс қозғалу қаупі жойылды. Бұқара үшін, бұл да үлкен жеңіс еді. Ал, егер, біз бұған байланысты талапты кейінге қалдырып, созып алсақ, кім біледі, мәселе осылай нәтижелі шешілер ме еді, шешілмес пе еді. Оның үстіне, президенттік сайлау жақындап қалған еді сол кезде. Өкіметке онсыз да ширығып тұрған халықты одан әрі ширата берудің қандай пайдасы бар, ол жағы да ескерілген шығар. Қалай дегенде де, ол кезгі әрекет нәтижесіз болған жоқ.
Мұның бәрі қазір айтуға ғана оңай, шын мәнінде, сол акцияның үстінде қаншалықты қиыншылық болды, оны бір сұхбаттың үстінде таратып айтып беру мүмкін болмас. Мен мұны, тек, Орал оқиғасына тарихи маңыз беру бағытында жасалған ресми шаралардың бірі ретінде ғана атап кетіп отырмын.
– Осындайда, оны «оқиға» дейміз бе, жоқ әлде, «көтеріліс» дейміз бе деген талас туып жатады. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Өмірде болып жатқан елеулі жағдайдың бәрі – оқиға. «Оқиға» сөзінің ұғымдық ауқымы кең. Айталық, тіпті, қаншама миллиондаған адамның өмірін жұтқан 1941-1945 жылдар аралығындағы «Екінші дүниежүзілік соғыс», ол да – оқиға. Одан бергідегі, өзіміздің көз алдымызда өткен 1986 жылғы «Желтоқсан», 1991 жылғы «Қыркүйек», бәрі де – оқиға. Сөз жоқ, оқиғалардың атын белгілеу олардың ішкі сипаттарына байланысты болмақ. Бұл мәселеге байланысты, алдымызда ең басты төрт сұрақ бар. Олар: болып өткен оқиғалардың «Уақыты қайсы?», «Себеп-салдары қандай?» «Мақсаты не?», «Ұйымдастырушысы кім?». Зерттеу барысында, міндетті түрде, осы сұрақтардың басы ашылуы – шарт. Сұрақтарының басы ашылып, әлгі сұрақтарға толық жауап бере алған оқиға, ол – көтеріліс. Ендеше, 1991 жылы қыркүйек айында болып өткен оқиғаның атын, меніңше, «Кыркүйек көтерілісі» деп атай беруге болады. Өйткені, ол сол оқиға болатын күнге әлгі сұрақтардың жауабын өзімен бірге толығымен ала келді. Тіпті, сол күні басын қылтитып шығаруға батылдары бармаған, иә болмаса, саясаты көтермегендерді есепке қоспаған күннің өзінде, жақсы-жаманға жауап беруді толықтай мойындарына алып шыққан қара халық – біз бар едік. Шешімді түрде белгіленген бағдарлама, жоспар, мақсат, ұйымдастырушы, қатынасушы – бәрі-бәрі айқын-ды.
Және күрес жалпыхалықтық сипатта болды. Сол күнгі дауылдың ортасында қайда бара жатқанын үй ішіне бірі айтып, бірі айтпай, жандарын шүберекке түйіп, жалпақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен неше жүздеп келген өкілдер жүрді. Басты құрамда – елін, жерін қорғауды парызым деп түсініп, осы жолда белді бекем буған он мыңдаған табанды Орал жұртшылығы. «Жаман айтпай – жақсы жоқ», жағдай әлдеқалай боп кетсе, әлбетте, қай-қайсымыздың да тағдырымыз оңайға түспейтін-ді. Ондайда, не жасыратыны бар, «Патшалық Ресейге қызмет еткен Орал казак әскери күшінің 400 жылдығын» атап өтудің арты неге апарып соқтырарын біле тұра, оны өткізу туралы шешім қабылдап, сепаратистердің алдында басына күн тумай жатып тізе бүккен сол кезгі билік, сөз жоқ, бізді аямас еді. Бізді былай қойыңыз, ең бастысы – барша казактар қауымы өкілеттілігімен белгіленген сол шара жүзеге асып, казачество Декларациясы жарияланғанда, талас жоқ, Батыс Қазақстан облыстық кеңесінің әлгі шешімімен, кезінде, Ресей патшалығы иемденген жерлерді өзімізге қайтару жөніндегі Кеңестер Одағының басшысы Ленин қол қойған ДЕКРЕТТІҢ күші жойылып, сөз жоқ, біз, патшалық Ресей тұсындағы «Жайықтың 40 шақырымға дейінгі арғы-бергі беті қазақ қоныстанбайтын аймақ» деп белгіленген Орал өңірінің біраз жерлерінен, қойнауындағы бүкіл қазына-байлығымен қоса, біржола айырылар едік. Және бұл қауіп Ресеймен шекаралас облыстардың барлығының басында тұрды. Құдай сақтап, бұл қауіптердің беті қайтты. Міне, Оралдағы ол жолғы күрестің құндылығы және оның жалпы республикалық масштабты қамтуының сыры – осында. Алла-Тағала алдағы күннің жақсылығын берсін!
– Бұлар «Орал казак әскерінің патшалық Ресейге қызмет етуінің 400 жылдығы» дегенді қайдан шығарған?
– Ойдан шығарған, әрине. Әйтпесе, 1917 жылы, Кеңес өкіметінің орнауына байланысты, Ресейдің өзінде, ал кейін, 1919 жылы кеңес өкіметінің Қазақстанда орнауына байланысты, бізде патшалық Ресейдің бекінісі боп тұрған казак әскери күші түбірімен жойылды. Оның бергі жағында Кеңес өкіметі жетпіс жылдың үстінде өмір сүрді. Онда «казачествоның» көлеңкесі де болмаған. Ал, Одақ ыдырағанда, патшалық Ресей бұрынғы бодандықта болған елдерімен қоса, қайта қалпына келтірілсін деген заң екі бастан жоқ қой. Тіпті, ол Ресейдің өзінде де болған жоқ. Біз өз алдына дербес, бөлек мемлекетпіз. Олар ондай мәселелерді бүгінгідей тәуелсіз Қазақстанда күн тәртібіне қоятындай болса, ол – заңға қайшы, тіпті, қылмыстық әрекет. Сондықтан да, тігісінен сөгітіліп, қақырағалы тұрған кеңес өкіметінің қолымен «Орал казак әскерінің патшалық Ресейге қызмет етуінің 400 жылдығы» дегенді ресмилендіріп, шешім шығартып алса, оның арғы жағында, кезінде олар отарлаған территорияны даулау ешқайда қашпайды. Міне, есеп осындай болды. Ал, енді, ондай даудың арты қып-қызыл от еді!
Жалпы, Орал облыстық кеңесінің «Казачество» мәдени орталығының атынан жоғарыдағыдай атаумен шара өткізу жөнінде өтініш қабылдап, оны өзінің кезекті сессиясында талқылауы – миға сыймайтын нәрсе. Оның арғы жағында ол шараның аты қалай өзгерсе, олай өзгерсін, сол сессияда қабылданған шешім хаттамада қалмақ. Ал, хаттама тұрған жерде, орысшасындағы – «День дружбы народов Приуралья», қазақшасындағы – «Орал өңірі халықтарының достығы күні» деген атаулар біздің тәуелсіздігімізге қалқан бола алмайды. Мұның қауіптілігі – қой терісін жамылып, қораға енген қасқырмен тең. Біз, оралдықтар, осы шешімнің күшін жою үшін жанталастық. Ол шешім іс сәтті аяқталған күннің ертеңіне, яғни, қыркүйектің 17-күні облыстық Кеңестің төтенше шақырылған сессиясында Кеңес шешімімен өз күшін жойды. Сөз соңында айтарым, Орал оқиғасы мен дәлелдеп жатуды қажет етпейтін, қазақтың қайтпас қайсарлығы мен қаһармандығын әлем жұртына паш еткен 1986 жылғы оқиға арасында рухтық байланыс бар десек, қателеспеспіз.
Қазақстанда тұратын қай ұлт, қай ұлысқа да, шындап келгенде, ең қымбаты – бейбіт өмір. Соны ұғындыру және барша халықты осы мақсат аясына жұмылдыру – басты міндет.
– Әңгімеңізге рахмет! Денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз. Аман жүріңіз!
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ
"Қазақ үні" газеті