ҰБТ қарсаңындағы жүйке мен қалтаның жұқаруы
2015 ж. 02 маусым
2473
0
Ұлттық бірыңғай тестілеу маусымның 2-сі күні басталады. Алматы облысы Талғар қаласындағы №2 орта мектеп түлегі Арайлым Қаратай «сынаққа дайынмын» дейді.
ҰБТ тапсырып шығып келе жатқан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Биыл Арайлым Қаратай 11-сыныпты «4 пен 5-ке бітірмек». Оның сыныбы қыркүйектен бастап күні бүгінге дейін ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындалып келеді. Бойжеткеннің айтуынша, тестке дайындыққа көп уақыт пен қажыр-қайрат жұмсаған әрі бұл процесс әке-шешесінің қалтасын да «жұқартқан».
- Сабағымыз ауыр, оның үстіне түстен кейін сағатына 500 теңге төлеп, ақылы сабақтарға барамыз. Таңертең көңілім алаң болып оянамын. Кейде отырып «төмен ұпай алып қалсам қайтемін, әке-шешемнің жайы не болады, туыстарым не ойлайды» деп уайымдаймын. Осы ойлар жегідей жеп жүр, - дейді Арайлым Қаратай.
Соңғы қоңыраудан кейін түлектер күн сайын мектептегі қосымша сабақтарға барып жүр. Таңғы сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Қазақстан тарихы», «Математика» және таңдаған пәні бойынша тестке дайындалады.
- Қазір балалар таңнан кешке дейін мектепте болады. Меніңше, одан да үйде, тыныштықта отырып дайындалғаны дұрыс сияқты. Мектепте бәрібір баланың көңілі бөлінеді, дұрыс тамақтанбайды ғой, - дейді Марина Сәрсенбаева Азаттық тілшісіне.
Арайлымның анасы ҰБТ сынағын алып тастайтын шығар деп үміттенеді.
- Одан да емтихан тапсырып, мұғаліммен көзбе көз тілдесіп, ойын тілмен жеткізгені жөн болар еді. Қызым тест сұрақтары жауабын құр жаттаумен жүр. Айналдырған екі сағат баланың тағдырын шеше салады. ҰБТ-ны алып тастап, орнына балама бірдеңе ойлап тапса екен, - дейді ол Азаттық тілшісіне.
Арайлым көргенін есте сақтау қабілеті мықты екенін айтады. Есте жақсы сақтау үшін ол жауаптарды түрлі түспен белгілейді. Жыл бойы ол 45 сынақ тесттерін сатып алған. Бірақ ол «математикадан нашармын» деп уайымдайды.
«Сүйікті пәні география» екенін айтқан Арайлым «бүкіл әлемді аралап шыққым келеді әрі ағылшын тілінен қиналмаймын» дейді.
- Жыл бойы аптасына екі рет 400 теңгеден ақылы тест тапсырып жүрдік.Ақылы тестке әр отбасы қыруар ақша жұмсады. Тестке төлейтін ақша таппай қиналған отбасылар да бар, - дейді Арайлым Қаратай.
Арайлымның анасы айына 90 мың теңге (480 долларға жуық) жалақы алады. Әкесі құрылыс компаниясында маусымдық жұмыстар істейді.
Арайлым Қаратай бос уақытында табиғат аясында серуендегенді, велосипед тепкенді жақсы көреді, әдеби кітапты көп оқиды. Ол бұрын дәмді тағамдар әзірлеуді, бәліш пісіруді ұнататынын, ал қазір оған уақыты жоқ екенін айтады.
- Біздің мектеп тестті бірінші ағыммен тапсыратын болды. Тексеруден өтетінімізді ойлап уайымдайды екенсің. Егер аяқасты бірдеңе шығып қалса, бәрін ұмытып қалуың мүмкін. Біз тест тапсыратын аудиторияның балконында полицейлер, ал әр қатарды мұғалімдер бақылап тұратынын айтты. Былтыр тапсырған түлектер «Мұғалімдер аралап, шпаргалкаңды шығар деп талап етеді. Тіпті шпаргалкаң жоқ болса да айғайлап, есіңді шығарып жібереді де, бәрін ұмытып қаласың» дейді. Мұны ойласам, тамағым құрғап кетеді, - дейді Арайлым Қаратай.
Ол тиісті пәндерден дайын шпаргалкалардың бағасы 500-1000 теңге (шамамен 2,6-5,2 доллар) тұратынын да біледі. «Мүмкін, математикадан шпаргалкаға сүйенетін шығармын» дейді ол.
- Бәрін уақыт көрсетеді, бірақ ҰБТ-ны өз күшіммен тапсыруға тырысамын, - дейді Арайлым Қаратай.
Арайлымның сыныбы ҰБТ тапсырғаннан кейін Алматы түбіндегі Есік көліне барып демалмақ.