Депутаттық сауалдар айдалаға айтылып жатыр ма?
2015 ж. 20 мамыр
3304
3
Біздің көптармақты билік атаулыдан, Үкімет қарамағындағы министрліктер мен құқық қорғау сияқты орындардың ішінен халыққа ең жақыны түрлі деңгейдегі депутаттар екені белгілі. Солай болу керек, депутаттар қашанда халық қамын қарастыруға міндетті. Олардың жоғары орындарға сайлануы мен белсенділігі жайында кейде сын айтылып қалғанымен, бірқатары «халық қалаулысы» деген атауларына лайық болуға тырысады. Елдегі түрлі әлеуметтік-саяси жағдайларға қатысты өткір пікірлерін білдіріп те жүр.
Әрине, олардың да заң бойынша белгіленген құзіреті шектеулі. Бірақ, сол берілген мүмкіндіктерінің өзін көптеген халық қалаулылары мүлдем пайдаланбайтынын байқаймыз. Мәжілісте немесе Сенатта отырған кейбір депутаттардың даусын ешқашан естімеппіз, сондықтан олардың есімін жұрт білмейді де. Атын атасаң «ондай да депутат бар ма еді?» деп таңғалады қатардағы сайлаушылар. Қуаныш Айтаханов, Азат Перуашев, Нұртай Сабильянов, Нұрлан Жазылбеков, Рауан Шаекин, Мұхтар Тінекеев секілді санаулы белсенді депутаттарды ғана таниды көбісі. Сонда қалғандары не үшін отыр деген сұрақтың туындауы да заңды емес пе? Оларды «кнопканы» басып қойып, қалғып-мүлгіп отыру үшін сайлаған жоқ қой? Кейбір депутаттар біз партиядан сайланғанбыз немесе Елбасының өзі ұсынған, халыққа ешқандай қатысым жоқ деп ойлайтын болу керек, көптің көзіне түспей мандат мерзімін өткізеді. Өкінішке орай, ондай «мылқау депутаттар» бізде шынын айтсақ, басым көпшілікті құрайды. Сөйте тұра біз оларды халық қызметшілері деп көкке көтереміз. Ал, көрсеткен қызметі қайда? Бұл мәселенің бір жағы ғана.
Екіншіден, халық үшін күйіп-пісіп жүрген сол санаулы депутаттардың жанайқайын кім тыңдап жатыр? Біздіңше, ешкім де емес. Үкімет олардың ұсыныстары мен сауалдарына салдыр-салақ, жүре-барды қарайтынын көріп жүрміз. Депутаттық сауалдарға «басымды қатырмашы» дегендей жалпы, жаттанды жауап бере салады да өз білгендерін істей береді. Соңында сиырқұйымшақтанып барып, көтерілген мәселе мүлдем ұмытылады. Сауалдың соңғы нәтижесін тақымдап талап ету жоқ бізде. Мен айттым, өз міндетімнен құтылдым деген сияқты үрдіс қалыптасқан. Бұлай болса ол депутаттық сауал емес, сауалсымақ сұрақ күйінде қалады. Былайша айтқанда көзбояушылық, халықты алдаурату ғана. Сауалды қойған соң содан бір нәтиже шығару керек қой. Сонда ғана ол нақты іс, халыққа деген нағыз қызмет болып есептеледі. Мысалы, депутат Перуашев кәсіпкерлікке байланысты заңдағы қаншама кемшіліктерді көрсетті, Еуразиялық одақ құрарда келісімшарттардағы бізге пайдасыз тұстарын да талай рет атаған болатын. Сол ескертулердің көбісі Үкімет тарапынан еленбей қалды. Алысқа бармай-ақ, соңғы кезде Мұхтар Тінекеевтің Бірыңғай зейнетақы қорынан жоғалған 90 млрд. теңге туралы сауалы, Нұртай Сабильяновтың төтенше жағдайларға байланысты бөлінген қаржының неге жұмыс істемейтіні, сенатор Қуаныш Айтахановтың табиғи монополиялар хақындағы сауалдары Үкіметтің құлағына жеткенмен, соған қатысты қандай шаралар қолданды? Әзірге ешқандай қимыл көрсеткен жоқ. Бұл сауалдар да ертең-ақ әдеттегідей «ұмытылып» қалады. Сонда мәжілісмендер мен сенаторлар сауалдарын айдалаға айтып жатыр ма? Депутаттардың сауалдарына қатысты нақты шаралар қолданылмаса оларды халықтың мұңын, тілегін жоғарыға жеткізеді деп несіне сайладық? Жалпы алғанда, жұрт дұрыс айтады – Үкімет халықтан тым алыстап кеткен. Бұл туралы Елбасы да әлденеше рет айтқан болатын. Қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын олар түсінбейді, естігісі де келмейді. Бір қарағанда билікті жекешелендіріп алып, өз бетінше басқа бір әлемде өмір сүріп жатқандай. Айтарлықтай айлықтары, сүбелі сыйлықтары бар дегендей, жағдайлары жаман емес. Олар сол халықтың арқасында жылы орында отырғандарын ұмытып та кеткен болар. Өкініштісі, айтқандарын тыңдата алмаған депутаттардың да біртіндеп беделі мен қадірі кете бастайды. Енді осы бір кемшін тұстарды қалай түзетуге болады? Бұл көптен бері жауабын күтіп тұрған үлкен сұрақ. Алдымен Үкімет пен Парламент жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Құпия жиналыс өткізетіндей халық оларға жау емес қой. Әншейінде бәрі де халық үшін жасалып жатыр деп ұрандатқанда мықты, олай болса бәрін болмаса да күрделі мәселелерге байланысты жиналыстарды толықтай телеарналар арқылы тікелей эфирден көрсетуді бастау керек. Әйтпесе олардың жиналыста не деп жатқанынан жұрт мүлдем бейхабар. Ол үшін арнайы телеарна ашып немесе қолдағы бар телеарналардың арзан шоулары мен шетелдің мән-мағынасыз телесериалдарын қысқартып, соның орнына Парламент пен Үкімет сағаттарын кіргізу қажет. Мұсабаев сияқты журналистерді көрсе кірпіше жиырылатын басшыларды тәртіпке шақырған абзал. Тілші одан бір тілім нан сұрап бармайды ғой, сұрақ қойса көпшілікті мазалаған мәселені алға тартады. Ал шенеуніктің камерадан қашуы жақсылықтың нышаны емес, яғни халықтың көзіне қарауға беті жоқ деп түсінуіміз керек ондайларды. Отандастарының алдына шығудан қашатын атқамінер халыққа қайтіп қызмет көрсетпекші? Одан кейін түрлі сала бойынша құрылған комитеттердің жұмысын жандандыру керек. Олар өз ұсыныстарына байланысты нақты жауапты табанды түрде талап етуге міндетті. Заң жобасын ұсынатын салалық министрліктерге жауапкершілікті күшейтіп, жаңа заң жобасын ұсынбас бұрын төмен түсіп, қарапайым тұрғындармен тілдессін. Олардың қандай ойы бар екенін зерттеп, тиянақты талдаудан өткізсін. Әйтпесе біз бір заңды он рет түзетуден өмір бойы құтыла алмаймыз.
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті